Accessibility links

Рахат Әлиев: Қазақстанда биылғы тамыз айында болуы тиіс парламент сайлауында «Нұр-Отан» партиясының жеңіске жетуін көздеген билік елде масс-медиа кеңістігін тазартуға кірісті


Халықаралық іздеу жарияланып, үстінен қылмыстық іс қозғалған Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев биылғы жылғы тамыздың 26-сында Қазақстанда парламент сайлауы болуы тиіс деп отыр. Президенттік "Нұр-Отан" партиясына масс-медиа кеңістігін тазартып, бөтен пікірге жол бермеу үшін өзіне тиесілі ақпарат құралдарын ресми билік алуға күш салып жатқандығын хабарлады Рахат Әлиев маусымның 1-күні ресейлік басылымдардың бірінде жарияланған сұқбатында. Ал қазақстандық сарапшылардың кейбірі мұны Рахат Әлиевтің өз ісіне барынша саяси сипат беруге тырысып жатқандығы деп бағаласа, басқалары Қазақстандағы масс-медиа кеңістігі белгілі бір қаржылық топтың көмегімен бір қолға шоғырландырылып жатқандығын растайды.

«Қазақстанда парламент сайлауы тамыздың 26-сы күні болады. Онда жүз пайыз жеңіске жету үшін билік масс-медиа кеңістігін тазартуға күш салып жатыр» деген Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев ресейлік «Независимая газета» басылымында жұма күні жарық көрген сұқбатында. Бұл үшін мемлекет басшылығы «Қазақмыс» компаниясына елдегі барлық жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарын сатып алуға тапсырма берген дейді Рахат Әлиев. Бұл, оның пікірінше, билеуші партия тарапынан медиа кеңістікке бақылау орнатып, бөтен пікірге жол бермеу үшін қажет.

Өткен аптаның аяғында қайын атасының жүргізіп оырған саясатын сынап, барлық қызмет-шенінен айырылған Р.Әлиевтің мәлімдемесіне байланысты «Азаттық» тілшісі жұма күні «Нұр-Отан» партиясы төрағасы қызметін атқарушы Бақытжан Жұмағұловқа хабарласқан еді, бірақ ол осы жайтқа қатысты қандай да бір түсіндірме беруден бас тартты:

- Жиналыстамын...Сізге қалай сұқбат беремін? Басқаларға хабарласыңыз.

Өз сұқбатында Рахат Әлиев, Қазақстандағы бірқатар жеке меншіктегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы өз активтерін мемлекетке тегін беру туралы талаппен, жақында Венаға Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев пен президент әкімшілігі жектешісі Болат Өтемұратов арнайы келгендігін айтқан. Бірақ, өзі ондай ұсыныстан бас тартқан соң, іле-шала, Әлиевті ұстап, елге апару үшін Австрия астанасына Қазақстан Бас прокурорының орынбасары арнаулы қызмет өкілдерімен жедел жеткендігін айтып отыр Р.Әлиев. Ол өзіне жасалған қысымның бір себебін қарамағындағы таралымы мол ақпарат құралдарының болуынан деп санайды.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов болса, масс-медиа ресурстарын бір қолға шоғырландыру Қазақстанда бұған дейін де болғандығын айтады. Ол қазіргі жағдайдың қалыптасуының Рахат Әлиевтің алдағы айларда болуы ықтимал парламент сайлауына қатысу мүмкіндігімен байланыстылығын жоққа шығармайды.

- Егер Рахат Әлиев бір партиялар арқылы сайлауға қатысса, қызық әрі дұрыс болар еді. Өйткені, оны ешкім соттаған жоқ. Сондықтан, сайлауға қатысуға құқығы бар. Қатысса, әрине, ол Қазақстанға келмей қатысады. Сонда Рахат Әлиевті қатыстырмау үшін биліктің қандай заңсыз жолдарды іздейтінін көрер едім, - дейді А.Қожахметов.

Жұма күні Рахат Әлиевке қарасты «Қазақстан тудей» ақпарат агенттігінің қызметін «Қазақтелеком» ауқымында тұмшалау бойынша наразылықтарын білдіріп мәлімдеме таратқан «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық ұйымының төрайымы Розлана Таукина, дегенмен, ешқандай партияға мүше емес Рахат Әлиевтің бұқаралық ақпарат құралдарының алдағы сайлауды рөлі үлкен емес деп есептейді:

- Мен «Нұр-Отан» партиясы үшін, оның идеяларын тарату мәселесі соншалықты өзекті боп тұр деп есептемеймін. Оларды қолдайтын бұқаралық ақпарат құралдары онсыз да жеткілікті. Сондықтан, ақпарат құралдарының 80 пайызы соларды қолдап тұрған кезде, «Нұр-Отан» қосымша басылымдарға зәру емес. Меніңше, мәселе – Рахат Әлиевтің бизнесін сақтап, қандай да бір ықпал ету тетігін өзінде қалдырғысы келетіндігінде. Оған қоса ол соңғы оқиғаларға барынша саяси сипат беруге тырысып бағуда, - дейді Розлана Таукина.

Алайда, А.Сәрсенбайұлы қорының сарапшысы, саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанда парламент сайлауы алдында масс-медиа кеңістігі белгілі қаржылық топ арқылы тазартылуда деген пікірмен өзінің толық келісетіндігін айтады.

- «Кәрістер тобы» деп аталып жүрген бизнесмендер шоғыры қазір Рахат Әлиевке қарасты КТК телеарнасын алмақшы деген әңгіме бұрыннан шыққан. «Қазақмыс» пен Ни бар, газеттер ашып, енді оның үстінен телеарнаға иелік етуге үміттері бар. Сол арқылы елде тәуелсіз ақпарат құралдарын қалдырмай, «Нұр-Отаннан» басқа партия жоқ дегенді халықтың құлағына сіңіріп, ертең сайлауда кем дегенде 80-90 пайыз дауыс жинамақшы, - дейді А.Сарым.

«Журналистер қауіп-қатерде» ұйымы болса, қазіргі таңда Қазақстандағы масс-медиа базарының 70 пайызы Қазақстан президентінің қызы Дариға Назарбаева мен оның күйеуі Рахат Әлиевке тиесілі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG