Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.01.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі қазақ-өзбек шекарасында қақтығыс болғандығы туралы баяндапты. Сонымен қатар, газеттер қазақ шенеуніктеріне пара ретінде берілген деген күдікпен Швейцария банкінде тұмшаланған 84 млн доллардың есебінен құрылған «Бота» қорының құрылтайшыларын Қазақстанның үкімет басшысы тағайындайтындығына мән берсе, тағы бір басылым президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің бес қателігі туралы жазыпты.

Қазақ-өзбек шекарасында тағы да жанжал болғандығы туралы мақала «Айқын» газетінде баяндалған. «Мамырдың 31-күні екі мемлекеттің шекарасы қиылысқан «Ынтымақ» ауылында тосын оқиға болды. Шекарашылар 72 жүк автомашинасын тоқтатып, контрабандалық тауардың себеп-салдарын анықтап жатқан кезде ауыл тұрғындары жауынгерлерге шабуыл жасады» делінген мақалада. «Күтпеген жерден таспен атқылап, темір сойылдарын ала жүгірген соң шекарашы жігіттер аспанға оқ атуға мәжбүр болды. Солдаттарға резертве тұрған 70 шекарашы жедел түрде жетіп келді. Сан жағынан әлдеқайда басым ауыл тұрғындары қызметтегі қаршадай ұлдарға қайтадан лап берді. Бұл сойқанды тағы да аспанға атылған оқ қана тоқтатты. 2006 жылдың қазанында солдаттар контрабандалық жүк тиелген 14 машинаны тоқтатқанда ауыл тұрғындары дәл осылай шабуыл жасаған еді» деп жазды «Айқын» газеті.

Қазақстанның жоғарғы шенеуніктеріне пара ретінде берілген деген күдікпен Швейцария банкінде тұмшаланған 84 миллион доллардың тағыдыры әрі қарай не болмақ деген сауалға «Республика» газеті жауап іздепті. «Қазақстан, АҚШ және Швейцария үкіметтерінің келесімімен осы ақшаның негізінде «Бота» қайырымдылық қоры құрылатын болды. Алайда тәуелсіз қордың құрылтайшыларын Қазақстанның үкімет басшысы тағайындайтыны қалай?» деген сауал тастап отыр «Республика» газеті. «Бота» қорының хатшысы Анар Тоқұшеваның айтуынша, алғашында қорға он қазақстандық азаматты тарту көзделген болатын. Алайда үкіметтен немесе билік органдарынан тәуелсіз адал адамдарды табу қиын болды. Соған байланысты қорға Қазақстан атынан қатысатындардың санын жартылай қысқартуға тура келген. Қор 2008 жылғы ақпан айынан бастап жұмыс істейті бастайды. 84 миллион доллар Қазақстандағы балаларды қолдауға жұмсалады» деп түйіндейді «Республика» газеті.

Бұл уақытта Қазақстанда 100 мектеп пен 100 аурухана салу үшін арнайы компания құрылатындығы туралы «Бизнес&Власть» газетінде баяндалыпты. «Қазына» тұрақты даму қоры, Президенттің жолдауында айтылғандай, мектеп пен ауруханалар тұрғызу үшін «Әлеуметтің инновациялық технология» АҚ құрғандығын жариялады. Ертеңгі күні мемлекет басшысы 100 концерт залын салыңдар десе, онда «Мәдени инновациялық технология» компаниясы құрылатын болғаны ма?» делінген мақалада. Әрі қарай мақала авторы мектеп пен аурухана құрылысын басқа жолдармен шешуге болмас па еді деген сауалға жауап іздеген. «Мәселен, бұл тапсырманы жергілікті билік орындарына тапсырса, олар мұндай мекемелерді қай жерге салу керектігін анықтап, тапсырысты орындар еді. Онсыз да қаншама ақша аймақтағы бюджеттерде игерілмей қалып жатыр. Бірақ билік өзінің реформалары сәтті жүріп жатқанын көрсету үшін «инновация» немесе «технология» деген секілді сөздердің көмегі арқылы компанияларды бөлшектегенді жақсы көреді. Күте тұрайық, жаңағы терминдер ертеңгі күні ең тұрпайы сөздерге айналып кетпесіне кім кепіл» деп түйіндейді «Бизнес&Власть» газеті.

Сонымен қатар, газеттер президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев төңірегіндегі жанжалды талқылауын жалғастыруда. Мәселен, «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтына берген сұхбатында саясаткер Әміржан Қосанов президент Назарбаевтың бұрынғы елші Әлиевке қатысты әрекетіне аса таң қалмағандығын айтқан. «Өйткені Назарбаев отбасының мүшелері, іс жүзінде, Парламент және саяси партиялардан көрі қоғамда үлкен рөлге ие» депті Әміржан Қосанов «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтының тілшісіне.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев болса «Республика» газетіне берген сұхбатында Рахат Әлиевтің бес қателігін тізіп беріпті. «Біріншіден, Әлиев өзінің проблемаларын шешу үшін тағы да күшке салды. Екіншіден, ақпарат құралдары арқылы Мұхамеджанов пен Тасмағамбетовты айыптады, ал бұлар президенттің адал қызметкерлері. Одан соң Әлиев осы жанжалды пайдаланып басқа да жаулары оған қарсы шығатындығын ескермесе керек. Бесіншіден, негізгі заңға енгізілген өзгертулерге өзінің қарсылығын білдірді. Рахат Әлиевтің осы соңғы қателігі өзі үшін қатты тиген болса керек» депті Досым Сәтпаев «Республика» газетіне берген сұхбатында.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG