Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.02.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымның бірі Алматыда президент Назарбаевтың күйеу баласы Рахат Әлиевтің тағы бір жақтасы ұсталғандығына мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, газеттер Шахтинскідегі жарылыста кінәлі деген күдікпен ұсталған бес азамат жарты жыл бойы абақтыда заңсыз отырып келгендігін жазса, тағы бір басылым шөлейтті Қызылорда өңірі сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылғандығына тоқталып отыр.

Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шешенстанның бірінші президенті Ахмад Қадыровтың орденімен награтталғандығы туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде жарық көріп отыр. «Назарбаевқа осындай марапат көрсету жөніндегі қаулыға Ахмад Қадыровтың ұлы, аталған республиканың қазіргі басшысы Рамзан Қадыров өткен бейсенбі күні қол қойды» делінген мақалада. «Ахмад Қадыров ордені сом алтыннан дайындалып, бағалы тастармен күптелген. Бұл награда Шешенстан республикасына еңбегі сіңген қайраткерлерге ғана беріледі. Жақын күндері Рамзан Қадыровтың Қазақстанға ресми сапары басталады. Ал маусымның 2-күні Қадыров Алматыда әкім Иманғали Тасмағамбетовпен кездеседі» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Алматының ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері «Нұрбанк» ісіне қатысты деген күдікпен Рахат Әлиевтің жақтастарының бірі отставкадағы генерал-майор Сергей Кузьменконы ұстағандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріп отыр. «Ол соңғы уақыттары Нұрбанк қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары қызметін атқарып келген» делінген мақалада. «Бұл істің бүге-шігесі тергеу жүріп жатқандығына байланысты айтылмай отыр. Белгілісі - Сергей Кузьменко 48 жаста, бұрындары салық комитетін басқарған, ҚР үкімет басшысының кеңесшісі қызметін атқарған, осыдан бірнеше ай бұрын мемлекеттік қызметті тастап, қазіргі күнге дейін Нұрбанкте жұмыс атқарып жүрген» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта Шахтинск шахтасында болған жарылысқа қатысты сот ісі жанжалға ұласатын түрі бар екендігі туралы «Экспресс К» газеті баяндап отыр. «41 адамның өліміне себепші болған Ленин атындағы шахтадағы жарылыс бойынша кезекті сот отырысында осы істе бес айыпталушы жарты жыл бойы абақтыда заңсыз отырып келген» делінген мақалада. «Айыпталушылардың бірінің қорғаушысы Олег Куприй қылмыстық істің материалдарын қарап отырып, өте маңызды құжаттың жоқтығын байқаған: бұл қылмыстық істі қозғау жөніндегі қаулы. Беттерге басылған нөмірлер бұл құжаттың іс қағаздарына тіпті тігілмегендігін көрсетіп тұр. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: Ленин шахтасының бес жұмысшысын қандай негізде ұстаған? Осыған байланысты адвокаттар қамауда отырған бес азаматты тез арада босатуын талап еткен. Ал прокуратура өкілдері болса өз ұстанымдарын негіздеп алу үшін шамалы уақыт керек екендерін айтқан. Алайда қажетті қағазды кері шегерілген уақытпен жасасын-ақ, бірақ оны енді қылмыстық іске тіркей алмайтындығын алға тартып отыр қорғаушылар. Сот төрағасы амалсыз бір аптаға үзіліс жариялады» деп түйіндейді «Экспресс К» газеті.

«Айқын» газеті болса шөлейтті Қызылорда облысы да сейсмикалық қауіпті аймаққа енгізілгендігіне мән беріп отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бірде-бір ірі және ұзақ уақыт игерілетін көмірсутегі кеніштері апатты геодинамикалық оқиғалардан сақтандырылмаған. Шөлейтті өлке Қызылорда облысы да “қара тізімге” ілінді» делінген мақалада. «Мұнай-газ кеніштерінде көмір сутегі заттарының көп мөлшерде алынуы геодинамикалық процестер мен құбылыстардың орын алуына әкеліп соғады. Жер қыртысында техногендік құбылыстардың әсер етуінен деформация пайда болып, сілкініс туындауы мүмкін. Әсіресе, мұнай-газға бай кеніштері бар Батыс Қазақстан қатерлі аймақ болып есептеледі. Атап айтқанда, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Кеңқияқ, Жаңажол кеніштері қауіптілігімен танымал. Сол себепті институт еліміздегі мұнай өндіретін өңірлерде сейсмикалық аудандастыру картасын жасады. Соған сәйкес, Қызылорда облысының Жаңақорған, Төменарық, Шиелі 6 балдық, Келінтөбе, Сатымжай, Кеңес және Шалқия 7 балдық сейсмикалық топқа кіреді. Оның үстіне Қызылқұм, Шымкент маңы да сілкініс ошағына жатады» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта Жамбыл облысының бюджеті құрылыс департаментінің кінәсіне орай 90 миллион теңдеген айрылғандығына «Литер» газеті тоқталып отыр. «Прокуратураның тексеруі болмағанда, бұл туралы ешкім білмес еді» делінген мақалада. «Бірақ қазір заман басқа. Тексерудің нәтижелері аймақ басшылығы мен ақпарат құралдарының өкілдеріне жеткізілді. Аталған департамент басшысы қылмыстық жауапқа тартылған. Мекемедегілер Құлан ауылында туберкулезге қарсы диспансер салуға бөлінген 275 миллион теңгенің көп бөлігін жеп қойған, ал медициналық ғимараттың құрылысы бітпей тұр» деп түйіндейді «Литер» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG