Accessibility links

«Кришна санасы» қоғамы мүшелері жарықсыз, сусыз отыр


Алматы облысында орналасқан "Кришна санасы" қоғамының 50-ге жуық мүшесі сусыз, жарықсыз үйлерде біп аптадан астам уақыт тұрып жатыр. Бұл жөнінде "Азаттық" радиосына сейсенбі күні хабарлаған "Кришна санасы" қоғамының өкілдері жергілікті билік өкілдері бұны діндәрларды тұрып жатқан жерлерінен қуу үшін әдейі жасап отыр дейді. Ал Қарасай аудандық электр мекемесінің басшылығы мұндай әрекеттерге заң шеңберінде барғандығын айтады. Сонымен бірге олар "Азаттық" радиосына діндарлардың үйлеріне сейсенбі күні кешке дейін жарық беруге уәде етті.

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты саяжайлардың бірінде күйеуі және 2 баласымен тұрып жатқан «Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігінің мүшесі Любовь Ерохина бір апта бұрын алдын-ала ескертпестен жергілікті әкімшілік өкілдері электр қуатын сөндіріп, су беруді тыйып тастағанын айтады:

- Біз де су да, жарық та жоқ. Өте ауыр жағдай. Мен өзім бұған наразымын! Біз кришнаит болғандықтан, әкімдеріміз жарықты әдейі сөндіріп, тезірек бізді қуып жібермекші. Енді біздің адамдар азап көруде. Менің үйім құлатылуға жатқызылды ма, жоқ па – оны да білмеймін. Ешқандай қағаз алған емеспін. Бірақ, кришнаиттер тұратын үйлердің бәрі құлатылады деп естідім.

«Кришна санасы» қоғамының мәліметтеріне қарағанда, мамырдың 29-ы күні Қарасай аудандық сот орындаушылары келіп, үйлердің құлатылатындығына орай бір күн бойы элект қуатын бермеуге шешім шығарған. Сөйтіп, діни қоғам мүшелерінің қатысуынсыз таңғы сағат 06.15-те электр жарығы қиылып, сол күйі 50 діндәр бір апта бойы жарық пен сусыз қалыпты. Алайда, Қарасай аудандық электр қуатымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Мырзағали Тәукебаев жарықты сөндіру туралы шешімді сот үкіміне сүйеніп, алдын-ала тұрғындарды ескертіп, жүзеге асырғандарын айтады:

- Біз жайдан жай ешнәрсе жамасаймыз. Өшіретін кезде тұтыншулармен келісеміз. Сот орындаушылары күтіп отырды. Сосын мен адамдарды жіберіп, тұтынушылардың қатысуымен жарықты өшірдік. Сот үкімі сияқты заңды құжат болмаса, басқа әрекеттерге бармаймыз. Бізде құқық бар, қажетті құжаттарды реттеу, төлеу жасау туралы міндеттер бар. Егер олар орындаламаса, біз өшіруге тиіспіз! Заң біз жақта ғой!

«Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігінің баспасөз-хатшысы Максим Варфоломеев болса, осыған дейін діни ұйымға коммуналды төлем бойынша ешқандай талап болмағандығын, барлық міндеттерді дер кезінде орындап отырғандарын айтады.

- Біз, жарық сөндіргеннен кейін, бірден аудандық электр қуатымен қамту мекемесіне бардық. Онда бізге «төлем бойынша ешқандай мәселе жоқтығын, тіпті алдын-ала төлем жасалып қойылғандығын» айтты. Содан кейін сот орындаушыларымен кездескенімізде олар үйлердің құлатылатындығына орай, жарықты сөндіруге бұйрық бергендерін хабарлады. Бірақ үйлер құлатылған жоқ, жарықты беруге уәде еткенімен, бір апта бойы діндәрлар жарықсыз отыр. Меніңше, осылай жарықты сөндіріп, көші-қон полициясы құжаттарды ұдайы қарап, санитарлық инспекция сиырларымызды тексеріп, түрлі кедергілер жасау арқылы бізге бұл жерден «кетіңдер!» дегілері келетін шығар. Біз баратын жеріміз болса, бір күн де қалмас едік. Бірақ, баратын жер жоқ! - дейді «Кришна санасы» қоғамы бірлестігінің баспасөз хатшысы Максим Варфоломеев.

Оның айтуынша, бұған дейін Астанада және Алматы облысының әкімшілігінде өткен келіссөздерде Кришна қоғамына өзге жер телімін беру туралы екі тарап уағдаластыққа келгендей еді. Бірақ, мамырдың 25-30 күндері билік ұсынған 2 гектар жер учаскесін көруге барғандарын, алайда ол жердің ауылшаруашылық мақсатына жарамсыз екендігін тілге тиек етті Максим Варфоломеев:

- Бізге ұсынған бұл жерлердің осы уақытқа дейін сатылмай, мемлекеттік резервте қалып қойған себебі – олар ешкімге де керек емес. Бұл – сор, шөлейт жерлер. Онда тікенек пен кеуіп қалған шөптен өзге ешнәрсе өспейді. Түйелер мен қой бағылады. Электр қуаты мен су құбырлары жүргізілмеген. Мұндай жер учаскелерінің құны әрі кеткенде қазіргі бағаммен 50 мың доллар, ал біз тұрып жатқан жер бірнеше миллион долларға бағаланады.

Алматы облысы Қарасай аудандық әкімшілігі діни бірлестік өкілдері тұрып жатқан жер учаскелерін заңсыз алған деп есептейді. Сондықтан, былтыр қараша айының 21-і күні Кришна дінін ұстанушылар тұратын 13 саяжайдың құлатылуы салдарынан 40-қа жуық адам баспанасыз қалған болатын. Бірақ, діни ұйым өкілдері, өздері отырған жерді заңдастыруға жергілікті билік мүмкіндік бермей, көлденең кедергілер қоятындығын айтып, шағымданған еді. «Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігі төңірегіндегі жағдай бойынша бұған дейін Халықаралық Хельсинки федерациясы, Қазақстандағы АҚШ елшілігі өз алаңдаушылықтарын білдірген болатын.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG