Accessibility links

Қазақстан президенті алғаш рет Интернет-мәслихатын өткізбек


7 маусым күні он-лайн режимінде президент Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет интернет арқылы халықтан түскен сауалдарға жауап бермек. 6-маусым күні Астана уақытымен сағат 16 шамасында президентке жолданған сауалдар саны 3 жарым мыңнан асқаны хабарланды. «Электронды үкімет» порталына жолданған сауалдардың негізгі денін әзірге, білім және ғылым, тұрғын үй саясаты, көлік және коммуникация, тіл саясаты тақырыптары және жеке сұрақтар құрап отыр.

Қазірдің өзінде электронды үкімет порталынан президентке жолданған хаттардың әр түрлі саланы қамтитындығын көруге болады. Әзірге олардың арасында білім және ғылым саласы бойынша қойылған сұрақтар көш бастап тұр. Алайда халық арасында президентке сұрақтарын жолдап үлгермегендер де бар екен. Солардың бірі Республикалық «Үш қиян» газетінің Алматыдағы тілшісі Алмас Ұқан.

- Менің қояйын деп жүрген сұрағым тұрғын үйге қатысты. Тұрғын үй бағдарламасын елбасы тікелей өз бақылауына алса екен деп ойлаймыз. Өйткені, осы сала бойынша Алматыда көптеген заң бұзушылық фактілердің тіркелгені белгілі. Жақында тұрғын үй департаментіне барсам, маған «сен бір ғасырдан кейін келсең болады» деп, мені маңайларына жолатпады. Ендігі үміт елбасыда болып отыр, - дейді Алмас Ұқан.

Алматыдағы Шаңырақ ықшам ауданының тұрғыны Орал есімді әйел өзі және көршілері атынан тұрып жатқан жеріндегі оқиғаларға қатысты президентке сұрақ қойып, жауап алғысы келетінін айтады.

- Үлкен Алматы өзенінің оң жағында, Жетісу ауданының жерінде елдер алуға жарамайтын жерлерді иемденіп алып жатыр. Сол заңды ма, заңсыз ба - білмейміз. Соны әкімшіліктегілер көрмейді емес. Шаңырақта да халық жаппай үй салып жатқанда, әкімшіліктегілер көрмегендей болды. Үйлер әбден салынып біткеннен кейін халық кінәлі болып шықты. Біздің көршілердің барлығын осы мәселе мазасыздандырып отыр, - дейді Шаңырақ тұрғыны.

Ал Жалпыхалықтық Социал-Демократиялық Партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов бұл ұйымдастырылып жатқан интернет-мәслихаты заңды, өйткені Қазақстанда көкейкесті мәселелерді шешуге президенттен басқа ешкімге құзірет берілмеген дейді.

- Президенттің қолында барлық билік тармақтары шоғырланып тұрған кезде, президенттің жалғыз өзі барлық сұрақтарға жауап беруі, әрине, заңды. Егер бізде тәуелсіз сот болса, онда қажет сұрақтарымызды сотқа қояр едік. Тәуелсіз депутат, әкімдер болса, онда да сұрақтарымызды депутаттар мен әкімдерге қояр едік. Алайда бізде барлық билік сол кісінің қолында, - дейді Әміржан Қосанов.

Сондай-ақ, ол бұл мәслихатта халық көкейіндегі сұрақтардың көбісі баяғыша жауапсыз қалдырылады деген қаупін айтты.

- Мәслихатта көзбояушылық көп бола ма деп ойлаймын. Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдағы көкейкесті, қордаланып қалған мәселелерге, соның ішінде соңғы кездердегі демократияландыру процестеріне, алда болатын сайлауға, елең еткізген өз отбасындағы жанжалдарға қатысты сұрақтарға жауап беретін болса, онда әрине, интернет-мәслихат өз мақсатына жетті дер едік. Алайда президенттің ол сұрақтардың барлығына жауап беретініне менің үлкен күмәнім бар, - дейді Әміржан Қосанов.

30 мамыр күні президенттің баспасөз хатшысы Ерлан Байжанов, журналистермен өткізген баспасөз брифингінде, 7 маусым күні Астана уақыты бойынша таңертеңгі сағат 10 мен 12 арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың интернет арқылы халықтың сауалдарына жауап беретіндігін айтқан болатын. Ерлан Байжановтың айтуынша, президент электронды пошта арқылы жолданған хаттардың ішінде ең көп қойылған сауалдарды іріктеп алып, жауап бермек. Сұрақтар 30 мамырдан бастап 7 маусым күні күндізгі сағат 12-ге дейін қабылданады. ҚР электронды үкіметінің сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, президенттің интернет-мәслихатта жауап беріп үлгермеген сұрақтарына 30 күн ішінде жауап дайындалмақ.
XS
SM
MD
LG