Accessibility links

Ирақтағы жанкештілердің 90 пайызы – шетелдіктер


АҚШ сыртқы істер министрлігі есептегендей, Ирақта жасалатын жанкештілік шабуылдардың 90 пайызын шетел азаматтары атқарады. Жанкештілердің көбі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінен келеді. Ирақта жанкештілік жасаймын дегендердің арасында Йемен мемлекеті азаматтарының үлес салмағы өсіп жатыр. Йемен азаматтары жанкештілік жасайтын шетел азаматтарының 17 пайызын құрайды.

Лондонда орналасқан "Джейнс интеледжинс" зерттеу институты жазып отырғандай, Йемен Саддам Хұсейннің үкіметін көп қолдаған, мәселенің тамыры осында болса керек. 2003 жылы наурызда АҚШ бастаған батыс әскері Ираққа кіргенде Йемен бейтарап болған, бірақ соңынан Саддам Хұсейннің "Баас" партиясының жетекшілеріне пана бере бастады. Мәселен, Ирақ солтүстігінде террорлық қимылдарда басқаратын, ақша беретін деп күдіктелетін Саддам Хұсейннің немере інісі Омар Сабауи Хасан Әл-Тикрити Йеменде жасырынып жүрсе керек. Йемен үкіметі бұдан хабарымыз жоқ дейді. Тағы бір мысал – Саддамның қызы Рагхад ақпан айында әкесінің қырқын Йемен астанасы Сана қаласында берді. Осыған орай өткен шеруді Йемен қолбасшысы, Йемен президентінің бөлесі Яхия Мұхамед Абдұлла Салех басқарды. Саддамның қырқы бүкіл Йеменде аталды, әскери мәшинелерге, полиция мәшинелеріне, тіпті министрлердің мәшинелеріне Саддам Хұсейннің фотолары ілінді.

Йеменде шамамен 35 мың Ирақ азаматы босып жүр делінеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігі Йеменде жүрген 11 мың азаматқа босқын мәртебесін берді. Ирақта жанкештілік шабуылдарды жасататын террорлық ұйымдар осы Йеменде қоныс тепкен деп айтылады.

Бұл жерде "Адин Абиян Ислам Әскері", "Йемен Ислам Жихады" деген ұйымдар айтылып жатады. Мұндай ұйымдардың артында Йеменде жасырынған "Баас" партиясының жетекшілері тұр делінеді, олардың қаржы мүмкіншілігі бар.Баасшылар ислам дініндегі радикалды топ салафшылар тобымен байланыс құрған. Жанкешті боламын дегендерді табу, оларды үйрету осы салафшыларға жүктелген.

"Джейнс интеледжинс" зерттеу институты көрсетіп отырғандай, болашақ жанкештілердің өздеріне де, олардың үй-ішіне де ақша береді. Дәрістемеден өткен жанкештілер Ираққа аттанарда әлеуметтік шаруаларын ретке келтіріп алуға аздаған ақша беріледі. Ал негізгі төлем олар Ирақта шабуылдарын атқарып, міндеттерін атқарып болған соң олардың үй-ішіне беріледі. Мұндай тәсілді кезінде Саддам Хұсейннің үкіметі Палестинаға қатысты жүргізген. Израильде жанкештілік шабуылдарды атқаратындарға, олардың туған-туыстарына ақшаны кезінде Саддам Хұсейннің үкіметі беретін. Енді Саддамның жақын адамдары осы тәсілді Ираққа қатысты қолданып жатыр.

Жанкештілік шабуыл жасаймын деген азаматтар Сауыд Арабиясында да табылады. Салафшылар тобы Сауыд Арабиясында да белсенді, бірақ Йеменге қарағанда Сауыд Арабия үкіметі оларға қарсы күрес жүргізеді. Йемен үкіметі салафшыларға қысым жасамайды. Сауыд Арабиясында табылған азаматтар автобуспен Йеменге келіп, дайындықтан өткен соң елдеріне қайтып кетеді. Дайындықтан өткен шабуылшылардың 90 пайызы Ираққа көршілес Сирия арқылы кіреді, дейді АҚШ сыртқы істер министрлігі. Рейтерс агенттігі хабарлағандай, АҚШ сыртқы істер министрінің Ирақ істері бойынша кеңесшісі Дэвид Сеттерфильд Сирия мен Ирақ арасындағы ұзақ шекараны күзет мәселесі күрделі екенін айтқан. АҚШ үкіметі Сирияға бірнеше рет қайырылып, Ираққа өтіп кететін "жихадшыларды" тоқтатуға шақырған.
XS
SM
MD
LG