Accessibility links

Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы тарауы мүмкін бе?


Астанада маусымның 6 күні өткен жалпы отырыста Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, президентшіл «Нұр-Отан» партиясының мүшесі Нұрбах Рүстемов Конституциялық кеңеске сауал жолдап, конституциялық өзгерістер қазіргі депутаттардың құзыретін кеңейте ме деген сұрақ қойды. Оппозиция өкілдері болса, парламенттегі монополист партия демократиялық құндылықтар енгізілді деген желеумен құзыретін кеңейтіп алуға асығып отыр деп санайды.

Парламент Мәжілісінің депутаты биліктің «Нұр-Отан» партиясының мүшесі Нұрбах Рүстемов, «Конституциялық кеңестен қазіргі, яғни үшінші шақырылымдағы мәжіліс конституциялық жаңа нормаларды тезірек енгізу үшін өз ниетімен тарауға мүмкіншілігі бар ма, немесе президент мәжілісті тарату құқын қолдана ала ма?» деген сұрақ қойды.

Конституциялық реформалардан кейін парламент депутаттарына жаңа құзырет беретін өзгерістерді енгізу үшін қазіргі мәжілісті тарату керек пе, дейді депутаттар. Бастысы конституциялық өзгерістер қазіргі депутаттардың құзыретін кеңейте ме, деген сұрақ қойылды. Осы сұрақтарды жария еткен Парламент мәжілісінің депутаты Нұрбах Рүстемовтің пікірінше, «егерде бұл құзырет қазіргі мәжіліс депутаттарының мерзімі аяқталғансоң, яғни тек 2009 жылы келесі шақырылымдағы депутаттармен іске қосылатын болса, онда бұл конституциялық өзгерістерге 2 жылға жасалатын мараторий деген сөз». «Ал бұл саяси жаңару үдерісін тежейді», дейді депутат. Рүстемовтың сөзінше бұл үндеуге 45 депутат қолдау білдірді. «Нағыз ақ жол» партиясының Астанадағы төрағасы Уалихан Қайсаровтың айтуынша бұл сұрақты депутатқа билік айтқызып отыр:

- Негізі ондай мәселелерді депутаттардың өздері шешпейді. Ол текқана президент әкімшілігінде болатын сұрақтар. Олар бір депуттатың қолына бергізіп оған айтқызады. 50 депутат оған ешуақытта қол қоя алмайды. Мына жаңа конституция енгізілгеннен кейін әрине жаңа конституция бойынша істеу керек, ол дұрыс. Бірақ, менімше онда сенаттыда тарату керек.

Бірақ, кейбір депутаттар мұндай сауалдың қажеті жоқ, өйткені конституциялық өзгерістердің өзінде айтылғандай, мәжіліс өзі тарауға ниет білдіруге құқылы немесе президент таратуы мүмкін деген пікірін білдірді. Президент Назарбаевтың өзі бұл мәселеге байланысты нақты пікірін білдірмеседе егерде парламенттің төмеңгі палатасы құзыретін босатса, онда заңшығармашылық жұмыстары сенаторларға көшеді деген. Ал, Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов конституциялық өзгерістер тек қазіргі парламенттің мерзімі аяқталғансоң күшіне енеді деген пікірін білдіріп қойған. Қазақстан президенті әкімшілігі төрағасының орынбасары Оңалсын Жұмабеков болса еш себепсіз парламент таратылуы мүмкін бе деген сұраққа былайша жауап берген:

- Президенттік республикаларда мұндай шешімдерді негізінен президент қабылдайды. Мысал келтіретін болсам ешқандай негіз келтірмей Франция президенті парламентті таратуға құқы бар.

Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов «Қазақстанда парламент құзыреті кеңейтіледі. Бірақ, ол президенттік билік шеңберінен аспауы шарт» деген. Ал, жергілікті оппозиция өкілдерінің айтуынша бәрібір парламентке көп құзырет берілмеді. Қазақстанда кезекті рет демократиялық құндылықтар енгізіліді деген желеумен президент билігі күшейтілді, дейді оппозиция өкілдері. «Нағыз ақ жол» партиясының Астанадағы төрағасы Уалихан Қайсаровтың айтуынша мемлекеттік БАҚ арқылы халықты алдау жүріп жатыр:

- Біздің миымызға құйып жатыр құзырет берілді деп, масқара болып жатыр. Ал анықтап қарасаңыз қосымша ешқандай құзырет берілген жоқ. Текқана министрлерді тағайындау берілді, ондада кеңесіпқана. Бітті, одан басқа құзырет жоқ. Құзырет текқана билікте отырған «НұрОтан» партиясына берілді. Қайта парламент «Нұр-Отан» партиясының құзыретіне берілді. Бұны узурпация деп айтуға болады.

Президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевке тиесілі «Қазақстан тудей» агенгттігі болса, парламенттегі есімін жасырған адамға сілтеме жасап, маусымның 20 мәжілісті тарату шешімі қабылданып, 26 тамызда жаңа депутаттардың сайлауы өтеді деген ақпарат жариялап қойды. «Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы төрағасы Уалихан Қайсаровтың айтуынша бұл ақпарат шындыққа ұқсайды:

- Рүстем Нұрбаховтың айтқан үндеуінен түсінуге болады. Маусым айында парламенттің ең кемінде бір палатасы таратылуы мүмкін. Сосын сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес 2 айдан кем емес уақыт ішінде жаңа сайлау өткізілу керек. Тамыз айының соңғы күндері дәл соған келеді.

Бірақ, қалыптасқан ережеге сәйкес, депуттардың сауалына ресми түрде жауап беруге біршама уақыт беріледі.
XS
SM
MD
LG