Accessibility links

«Фарда» радиосының тілшісі Парназ Азиманы Иран үкіметі соңғы бес ай бойына сырт елге шығармай отыр


Азима шыққан тегі ирандық болғанымен, қазір американдық. Ол өткен қаңтар айында анасы ауырып жатқандықтан, Техранға науқас шешесінің көңілін сұрауға барған. Әуежайдың басында-ақ Иран билігі оның паспортын алып қойып, «Фарда» радиосына жұмыс істедің, мемлекетке қарсы насихат жүргіздің деген айып таққан болатын. Содан бері Азима Техраннан шыға алмай, Прагадағы жұмыс орнына қайтып келе алмай қалған еді. Азиманың басына түскен жағдайы жайында «Азаттық» радиосындағы әріптестері одан сұхбат алған болатын.

- Сіз бес айдан бері Техраннан шыға алмай, паспортыңыздан айрылып, Прагадағы жұмысыңызға жете алмай отырсыз, қазір өзіңіз қандай көңіл-күйдесіз?

- Жай сыртынан қарасақ, бәрі де дұрыс сияқты. Мен шешемнің үйіндемін, қай жерге барам десем, бара аламын, ешкім де мені тоқтатпайды. Бұл, әрине, бер жағы ғана. Ал шындығына келгенде, болашақ бұлыңғыр, тек күтудемін. Мен өз жайымды түрмедегі тұтқын деп сипаттаған болар едім. Нақты қаншалықты болатыны белгісіз түрме мерзімі сияқты. Түрмедегі адам әр минут сайын қашан босайтыны немесе онда қанша уақытқа қалатыны туралы жауапты күтеді. Бірақ мен өз жағдайымды ондағы жағдайлармен салыстырғанда, тәубе, жақсы дер едім. Олар мендегі бар еркіндікке ие емес. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, осыдан 25 жыл бұрын Ираннан кеткенде аяқталмай қалған істерімді жалғастырып жатырмын. Сол кездегі қолжазбаларымды тауып алдым, бірақ олардың көпшілігі жоғалып кетіпті.

- Халықаралық адам хұқтары ұйымдары мен топтары, АҚШ көп қолдау танытып, Иранды сіз бен Есфандиариді, Тажбахшты, Шакериді босатуға шақыруда. Сіз осындай қолдауды Иранның өз ішінен де таба алдыңыз ба?

- Мұнда Иранда ондай ұйымдастырылған қолдау жоқ, мен өз отбасымнан, достарымнан қолдау көріп отырмын. Мен білмейтін, бірақ мен туралы естіген және менің жұмыстарымды білетін адамдар үйіме гүл шоқтарын алып келіп жатыр. Мұндай достық пейілдер көңілімді көтереді. Дегенмен мұндай қолдаулар өте шектеулі, өйткені кез-келген адам менің телефоным тыңдалуы мүмкін екенін біледі. Сондықтан олар өз өмірлері үшін алаңдайды. Көптеген жақын достарым маған хабарласуға қорқады. Оларды мен түсінемін, олардың өз проблемалары бар.

- Сізді «Фарда» радиосында жұмыс істеп, мемлекетке қарсы насихат жүргізді деп айыптады, бұған сіз қалай қарайсыз?

- Маған айып тақпақшы билікке мен бір мысал келтірдім. BBC, CNN сияқты шетелде орналасқан жаңалық агенттіктеріне де сол елдердің үкіметтері айып таға алады, өйткені олар өз тыңдаушыларына оппозицияның даусын жеткізеді. Менің көзқарасымда журнализм дегеніміз - еркін ақпар беру. Өкінішке қарай, Иранда журналистер ресми билікті мақтап отыруы керек, олай болмаса олар қуғынға ұшырайды. Адвокатым Мохаммед Хусейін Агаси айтқандай, олардың мені айыптауларына еш негіз жоқ.

- Азима, сіздің ісіңізге қатысты процесс қашан болатынын білесіз бе, ендігі сот тыңдауларын белгіледі ме олар?

- Судья ісіме қатысты мені тұтқынға алынбасын деп шешті. Бірақ мен бостандықта қалу үшін 500 миллион туман немесе 550 мың доллар кепілдік сомасын төлеуім керек болды. Қазір олар тексеру мен тергеу жүргізіп жатыр. Олар тексеру нәтижесін сотқа береді, сот соған қарап шешім қабылдайды. Менің ісім бойынша, қазір министрліктен жауап күтілуде. Мүмкін олар менің паспортымды қайтаратын шығар деп үміттенемін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG