Республикалық «Айқын» газетінің тілшісі Құбаш Сағидоллаұлы бұл мәслихатта үлгі етерлік нәрселер көп болды дейді.
- Елбасы барлық сұрақтарға жауап бере алмайды ғой. Әйтеуір маған қажетті тұрғын үйге қатысты сұраққа жауап беріпті. Мен президенттен мемлекеттің идеологиялық бағыт-бағдарының алдағы дамуын да естігім келіп еді. Жалпы айтқанда, президентіміз демократиялық мемлекеттің басшысына тән өзінің жариялылығын паш етті. Көкейкесті сұрақтарға жауап беруге дайын екендігін байқатты, - дейді Құбаш Сағидоллаұлы.
Ал Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов бұл мәслихаттағы жасандылықтың кесірінен, қоғамды толғандырған шын мәніндегі көкейкесті, өзекті мәселелерге жауап берілмей қалды деген пікірде.
- Дәл осындай іс-шаралар маған елбасының облыстарда, аудандарда өтетін кездесулерін еске түсіреді. Яғни онда, үлкен залға бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер, билікке жақын бизнес өкілдері жиналып алып, билікке жағатын сұрақтар қояды да, соларға тойып қайтады. Қазіргі интернет-мәслихат соған ұқсап отыр. Мұндай интернет-мәслихаттар керек. Бірақ, дәл қазіргі кезде қордаланып қалған мәселелерді талқылау төңірегінде бұл форма жеткіліксіз деп ойлаймын, - дейді Әміржан Қосанов.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали болса, президенттің Рахат Әлиевке қатысты қойылған сұрақтарға берген жауабынан біраз жайтты аңғарғанын айтады.
- Рахат Әлиевтің ісі бірте-бірте сиырқұйымшақтанып кететін түрі бар. Оны соттаса да, шартты түрде ғана соттауы мүмкін. Маған осы ойынның бәрі Рахат Әлиевке жасалып жатқан ескерту сияқты болып көрінеді. Мен екі жақта да кінә бар деп ойлаймын. Өйткені, екі жақ та үнсіз отырған жоқ, - дейді Әзімбай Ғали.
Қазақстан президенті интернет арқылы тікелей жауап беріп үлгермей қалған сұрақтарға 30 күн ішінде жауап дайындалатын болады деп хабарланып отыр.