Accessibility links

Әзірбайжандағы радар станциясы "зұлым зымырандарды" ұстай ала ма?


Ресей президенті Владимир Путин Америка Құрама Штаттары Еуропада орнатқысы келетін зымыраннан қорғану жүйесінің мәселесін шешу мақсатында Әзірбайжанда Ресей жалдап отырған радар станциясын бірігіп пайдалануды ұсынды. Америка Құрама Штаттары Чехия пен Польшада зымыраннан қорғану бекеттерін қоймақ, Ресей бұған қарсы. Америкалық сарапшылар Ресейдің ұсынысы аяқасты боп көрінгенімен, Ресей серіктестік мүддесін алға тартып, шын мәнінде Әзірбайжандағы базадан шықпаудың амалын қарастырып отыр дейді.

Радиомыздың тілшісі мәселе жайында Вашингтонда орналасқан "Джеймстаун" қорының президенті Глен Хоаурдпен сөйлесті. Бұл ұйым Ресей мен бұрынғы совет елдеріндегі жағдайды сараптайды. Глен Хоаурд Ресейдің Әзірбайжанда жалдап отырған радар станциясының келісімі жақын арада біту керек, сондықтан Ресей Әзірбайжандағы базадан кетпеудің амалын қарастырып отыр, Ресей ұсынысы алдын-ала дайындалған ұсыныс дейді:

- Габалада орналасқан Ресей базасы жабылу алдында, орыстар базадан шығып кетуге тиіс, базаны жалдау мерзімі аяқталуға тиіс, орыстар базаны өз жеріне, Краснодар өлкесіне көшіру жөнінде жоспар жасап жүр. Міне олар Әзірбайжанда істеп жатқан қызметін әзірбайжандықтардың алдында заңдастырып алмақ. Олар мұндай жағдайда Америка Құрама Штаттарын Иранның алдына нысана ретінде салып қояды, ұсыныс Америка Құрама Штаттары мен Әзірбайжанның арасына сына қағуды көздейді.

Сарапшы Глен Хоаурд радар станциясын Ресейдің Таяу Шығыстағы көзі мен құлағы деп сипаттайды. Габала радар станциясы Совет Одағы кезінде салынған. Совет Одағы тараған соң Ресей Габала радар станциясын еш бір келісімсіз пайдалана берді. Жалдау келісімі тек 2002 жылы жасалды. Келісім 2012 жылы тоқтау керек. Габала радар станциясы Азия елдері мен Үнді мұхиты аймағында ұшырылған баллистикалық зымырандарды бақылай алады.

Глен Хоаурд Ресей бұл базаны таяуда америкалықтарға қарсы пайдаланған дейді. Нақты айтқанда, Ирақты Саддам Хұсейн басқарып тұрған кезде, Ирақтың әуе кеңістігін америкалық әскер бақылаған кезде, орыс базасы Таяу Шығыстағы америкалық мониторинг жүйесін бақылап отырған, тапқан ақпаратын Саддам Хұсейннің адамдарына беріп отырған.

Сарапшы Глен Хоаурд радиомызға пікірін Путиннің ұсынысы жарияланған соң бірнеше сағаттан кейін айтты. Глен Хоаурд Путиннің ұсынысы расында да америкалық басшылық күтпеген, аяқ асты болды дейді. Глен Хоаурд Путин өте ақылды қимыл жасады дейді. Бірақ, Еуропада қойылады деп жоспарланған америкалық қорғаныс жүйесін қызылсөзге айналдырып жүрген де осы жалғыз Путин, жоспардың әрі бір қадамына қарсылық танытатын да жалғыз осы Путин дейді.

Америка Құрама Штаттары Иран баллистикалық зымырандарын дамытып жатыр, Америкаға баллистикалық зымыран атуы мүмкін деп айтады, Еуропада қойылмақ қорғаныс жүйесінің мақсаты – зымырандардың ұшырылғанын дер кезінде біліп, олардың оқтұмсықтарын орта жолда жою. Ал енді Ресей жалдап отырған радар станциясы Иранның дәл іргесінде орналасқан. Техникалық жағынан бұл қалай болады екен? Бұл жайында тілшіміз Лондонда орналасқан "Джейнс интелледжинс юнит" зерттеу ұйымының маманы Дункан Линнокспен сөйлесті. Осы ұйым "Стратегиялық қару жүйелері" деген зерттеу жүргізеді.

Дункан Линнокс радар станциясы баллистикалық зымыран ұшырылған нүктеге жақын тұрса зымыранның ұшырылғанын ертерек білуге болады, бірақ зымыран бағытын байқап отыруға бұл жеткіліксіз дейді:

- Радар зымыранның ұшырылу нүктесіне тым жақын болса, зымыран радардың үстінен өте шығады, проблема осында. Зымыран радарға ілініп қалса да, радардан тезарада алыс ұшып кетеді. Бұл баллистикалық зымыранды бақылап отыруға қолайсыз. Зымыранды залалсыздандыру мүмкін болсын десеңіз радар зымыран ұшырылған нүктеден арырақ тұру керек.

Британиялық сарапшы Дункан Линнокс осындай пікір айтады. Ол Ресей ұсынысында техникалық артықшылық жоқ, Ресей ұсынысында саясат жатыр, Ресей бұған ұқсас ұсыныстарды бұрын да жасаған дейді. Ресей мұндай мәселелерде алдымен бізбен ақылдасып алыңдар деген сыңай танытады, дейді Дункан Линнокс. Әзірбайжандағы радар станциясы Иран сияқты "зұлым елдерге" тым жақын тұр, техникалық мүмкіншілігі біз үшін шектеулі деген пікірді жұма күні НАТО бас хатшысы Яап де Хуп Схеффер айтты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG