Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.09.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымның бірі Гуантанамо түрмесіде отырған қазақстандық азаматтың есімі белгілі болдағы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына орай өтіп жатқан сотта қатерлі дертке шалдыққан балалардың ата-аналары дәрігерлерді қатаң жазалауын сұрағандығына мән берсе, тағы бір басылым министр Ертісбаевқа қарсы сот басталғандығына тоқталып отыр.

АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінде тағы бір қазақстандық азамат отырғандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Ұзақ уақыт бойы оның есімі аталмай келді: ол туралы барлық ақпарат «аса құпия» ретінде сақталды» делінген мақалада. «Алайда Associated Press агенттігі Пентагоннан Гуантанамо түрмесінде отырғандардың барлығының есімдерін жариялауға мәжбүрледі. Соған байланысты құпия сақталып келген 558 адамның есімдері белгілі болды. Олардың арасында Қазақстан азаматы Толқын Керімбақиев те бар» деп жазды «Время» газеті. «Оның туған-туыстары Алматы облысындағы Қызылшарық ауылында тұрады екен. Толқынның апасы Нұрхан Сабированың айтуынша, 2001 жылы ол басқа да студенттермен бірге Пәкістанға оқуға кеткен. Белгісіз себептермен Толқын Ауғанстанға барған. Сол жерден оны америкалықтар тұтқынға алған. 2006 жылы Гуантанамо түрмесіндегі 558 адамның 119-ы үйлеріне қайтарылды. Қалған 439-ы әлі күнге дейін әскери трибуналды күтіп жатыр, бірақ олардың ешқайсысына ресми түрде айып тағылмаған» деп түйіндейді «Время» газеті.

Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясының таралуы кезінде қатерлі дерт жұқтырған балалардың ата-аналары кінәлі дәрігерлерді қатаң жазалауын сұрап отырғандығы туралы «Экспресс К» газетінде баяндалыпты. «Осы іс бойынша өтіп жатқан сотта жарыссөзде ата-аналар соттан айыпталушыларды шартты түрде емес, қатал әрі әділ жазалауын сұрады» делінген мақалада. «Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Нұрлан Сапаров айыпталушы 21 адамның он алтысын соттауын өтінген. Прокурор соттан оларға 3 жылдан 9 жылға жаза тағайындайуын сұрады. Алайда мемлекеттік айыптаушы Сапаров облыстық департамент директоры Нұрсұлу Тасмағамбетова мен оның орынбасары Нағима Жолдасованы және тағы үш адамды шартты түрде 3 жылдан 5 жылға соттауын өтінген. Бірақ қатерлі дерттен зардап шеккен балалардың ата-аналары шартты жаза дегеннің болмауын талап етті» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Бұл уақытта Астанадағы Сарыарқа аудандық сотында мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың үстінен сот процесі басталғандығы туралы «Время» газеті жазыпты. «Министрге қарсы шағымға Ертісбаевтың телеарналардың бірінде «Время» газетінің журналистеріне қатысты айтылған сөздері түрткі болды» делінген мақалада. «арызданушы жақтың өкілі Валентина Жуковскаяның пікірінше, Ертісбаевтың журналистрге қарым-қатынасы мен оның айтқан сөздері «Время» газетінің іскерлік беделін түсіреді. Біз министрден көпшіліктің алдында өзі айтқан сөздері үшін кешірім сұрауын талап етеміз дейді ол. Алайда министр кешірім сұрағысы келмейтін сияқты. Министрдің жақтаушысы Виталий Вороновтың сөздеріне қарағанда, келесі сот отырысында олар Ертісбаев айтқан сөздердің дәлелін келтірмекші екен. Сонда олар ақпарат киллері дегенге қандай дәлел таппақ?» деген сауал тастайды «Время» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса әскери ұшқыштардың жалақысы көтерілетіндігіне мән беріп өтіпті. «2008 жылғы қаңтардың 1-нен бастап олардың айлығы азаматтық авиация ұшқыштарының табысымен теңестірілетін болады» делінген мақалада. «Қорғаныс министрі Даниял Ахметовтың айтуынша, қазіргі күні әскери ұшқыштардың жалақысы орта есеппен 62 мың теңге көлемінде, ал келесі жылдан бастап олардың жалақысы шамамен 103 мың теңгеге дейін өсіріледі. Оған қоса 2008 жылдан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көбейетіндігін ұмытпаған жөн дейді ол. Сонымен қатар, министр шеннің өскендігін білдіретін жұлдыздардың бағасы артатындығын айтып отыр. Мәселен, қазіргі күні жұлдызға 1800 теңге қосылатын болса, ендігі жерде оның құны 8-10 есеге өсірілмек» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта «Болашақ» бағдарламасы негізінде 82 азамат шетелде оқуға мүмкіндік алғандығы туралы «Егемен Қазақстан» газетінде баяндалыпты. «Жастардың басым көпшілігі АҚШ, Германия, Франция және Англияда оқуға ниет білдірген. Олар мемлекеттік басқару, ақпараттық технологиялар мен жүйелер саласындағы инженерлік ғылымдар, өнеркәсіптік жобалық қаржыландыру мамандықтарын таңдаған. Білім бәйгесіне түскен үміткерлердің біреуі докторантура, қалғандары магистратура және бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуды мақсат тұтыпты» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG