Accessibility links

Қазақстанда келесі жылдан бастап экологиялық эмиссияларға квота енгізбек


2008 жылдан бастап Қазақстан аймақтарында экологиялық эмиссияларға квота енгізіледі. Бұл туралы Астанада маусымның 12 күні үкімет отырысында Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов хабарлады. Оның айтуынша, 2009 жылға министрлік атмосфераны ластайтын зиянды заттар бойынша 20 пайызға және су нысандарын ластау бойынша 12 пайызға эмиссияны, яғни ластау шегін азайтуды жоспарлап отыр. Бірақ, бұл өзгерістерге ірі кәсіпорындар қалай қарайтыны әзірге белгісіз.

Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аймақтарында экологиялық эмиссияларға квота енгізу жұмысы Еуропалық Одақтағы рұқсат беру жүйесінің тәжірибесіне сүйеніп жүргізіледі. Табиғаты жиі ластанатын Атыраудағы қоршаған ортаны қорғау басқармасының экологы Құралай Шанкиеваның айтуынша, енді кәсіпорындарға қатысты талаптар күшейтілмек:

- Экологиялық кодекс күшіне енді ғой, 4 маусымнан бастап, соған байланысты эмиссия деген қоршаған ортаны ластағаны үшін берлетін рұқсат қағаздары жөніндегі мәселе. Өзгерістер енгізілді. Қазір заң қатал болып жатырғой. Лимитті азайтамыз. Сонымен қатар компаниялардан жаңа технология талап етеміз, зиянды заттарды азайту үшін.

Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов дәл осы лимит тым үлкен деп наразылығын білдірген. Министрдің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл түсімдері төмен болатыны да содан. Өйткені, аумақтық басқармалар алдын ала рұқсат қағаздарында қоршаған ортаға тасталатын зиянды заттардың көлемін жоғары етіп көрсетеді, дейді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов:

- Алдын ала беріліп қойған. Ластай берсең де менің жасайтын мөлшерім әлі биік. Сондықтан, табиғи қорғау бақылау комитетінің жұмысы қиындап отыр. Өйткені, олар ешқандай айыппұл сала алмайды.

Министрдің айтуынша, осының кесірінен компаниялар айыппұл төлемей құтылады. Ал, кәсіпорындарға бұл айыпты төлеген күннің өзінде құқық бұзушылықты жалғастыра берген оңай және олар жыл сайын қайталанып отырады, дейді министрлік басшылығы. Ал, Ақтөбе облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ақылбек Дадиннің айтуынша, түсімдердің аздығына тағы да заң олқылықтары себепкер болып отыр:

- Заңдағы олқылықтарға байланысты біздің қызметіміз жинаған барлық қаражат облыстық бюджетке түседі, ол облыстағы депуттардың құзырында, солар шешеді.

Министр болса, қуат ресурстарын үнемдеп пайдалану талаптарына сәйкес, Еуропадағыдай экологиялық рұқсат енгізіледі деп отыр. Министрлік мәліметінше, қазір Қазақстанда балама қуат көздерін пайдалану үлесі 0,02 пайыздан аспайды. Салыстыратын болсақ: Финляндияда бұл көрсеткіш 25 пайыздан асып жығылады екен. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, Қазақстан 2009 жылға дейін балама қуат көздерін пайдалану үлесін 40 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал заңды орындамағандармен күрес жалғаса бермек. Қоршаған ортаны қорғау заңдарын бұзған кәсіпорындар жұмысы сот арқылы уақытша тоқтатылып жатыр, деді министр. Өткен жылы елде осылайша 203 кәсіпорын жұмысы тоқтатылған. Енді ірі компаниялармен сот үдерістері жүргізіліп жатыр, дейді Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов:

- Тек қана шағын бизнес мекемелері ғана емес, үлкен мекемелерге де қатысты. Мысалы, «Теңізшевройл» компаниясы. Өйткені, келісімдерде екінші пунктте жазылған: әр мекеме жұмысын толығымен Қазақстан заңдарына сәйкес жүргізуі керек.

Соңғы мәлімет бойынша, Атырау облысының Жылой ауданының прокуратурасы «Теңізшевройл» жауапкершілігі серіктестігін табиғат заңдарын бұзды деп айыптап, сотқа берді. Бірақ, прокуратура мәліметінше, 3 жыл бұрын компаниядан 10 миллиард теңге талап етілген, алайда іс Жоғарғы Сотқа жеткенше бұл сома 1 миллард теңгеге дейін, яғни 10 есеге азайып, компания тек осы айыппұлды төлеген. Және соңғы шағым бойыншада компания айыппұлды азайтпақ, дейді Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов:

- Аппеляциясында олар соманың көлемімен келіспей отыр. Олардың өз есептері бар...

«Теңізшевройл» компаниясы әзірге бұл мәлімдемеге байланысты еш ақпарат берген жоқ. Ал, экологтардың мәліметінше, Қазақстанда 30 миллиард тонна өндірістік қалдық жиналған, оның ішінде 6 тоннасы уытты қалдықтарға жатады. Және жыл сайын 1 миллиард тонна қалдықтар қосылып отырады деген мәлімет бар. Ал, әлемдік экология рейтингінде Қазақстан 133 елдің ішінде 70-інші орында тұр.
XS
SM
MD
LG