Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті Өзбекстан, Иран және Араб елдері адам саудасына қарсы күрес жүргізбей отыр дейді


АҚШ мемлекеттік департаментінің жаңа баяндамасында Өзбекстан, Иран, Сауд Арабиясы, Куба, Сирия және Солтүстік Корея елдері адам саудасын болдырмау үшін жеткілікті шараларды қолға алмай отырған мемлекеттер деп атап көрсетілген. Сондай-ақ қарапайым талаптар үдесінен шыға алмай отырған мемлекеттер тізіміне бірінші рет АҚШ одақтастары Бахреин, Кувейт, Оман, Қатар кіргізіліп, ал Грузияның адам саудасына қарсы мол күш-жігер жұмсағандығы мойындалған.

Он жеті жасар Мәриям Ресейге сатушы болу үшін Қазақстаннан келіпті. Оның әке-шешесіне 300 доллар төлеген адам Мәриям жұмыс істей алу үшін қолдан паспорт жасап берген. Бірақ ол Ресейге жеткен кезде қарулы күзетшілер оны терезесі торланған бөлмеде қамап ұстап, жезөкшелік жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

Баяндамада осыған ұқсас бірнеше мысал келтірілген. АҚШ Мемлекеттік департаментінің «2007 - адам саудасы жөніндегі хабарлама» деп аталатын баяндамасын сейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс жариялады.

- Біз бұл қылмыс түріне қарсы тұрып қана қоймаймыз, оның көзін жою үшін біз ғаламдық қозғалысты бастауға көмектесеміз. Көптеген елдер адам саудасын отбасыларды, қоғамды құртып, күйзеліске ұшырататын осы қазіргі замандағы құлдық түрі деп біледі. Әлемнің түкпір-түкпірінде көп адам бір елден екінші елге адам саудасы арқылы жезөкшелікке, құлдыққа сатылады. Олардың 80 проценттен астамы әйелдер болса, жартысынан көбі балалар, - деді К.Райс.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасында «Адам саудасы құрбандарын қорғау - 2000» деп аталатын заңнамаға сәйкес 164 ел төрт категорияға жіктеледі. Ондағы ең төменгі категория ретінде үшеуі аталады, оған адам саудасына қарсы күреспей, оны болдырмау жолында ешқандай маңызды шараны қолға алмай отырған барлығы 16 ел кіргізілген. Олардың қатарында Иран, Өзбекстан, Солтүстік Корея елдері аталса, биыл сонымен қатар АҚШ-ың одақтастары Бахреин, Кувейт, Оман және Қатар қосылған.

АҚШ-ғы Адам саудасын болдырмау және бақылау кеңсесінің директоры, елші Марк Лагон былай дейді:

- Ең алаңдатарлығы, мұнда Таяу шығыстағы дәулетті елдердің бұл ретте көп нәрсені жасай алатындығына қарамастан 3-ші қатарда тұрғандығы. Мәселен, Сауд Арабиясы осы үшінші категорияда үш жылдан бері тұр. Бұл аймақтағы елдерде сырттан келген қара жұмыс күші кең таралған.

Лагонның айтуынша, егер осы үшінші категориядан орын алған елдер алдағы 90 күннің ішінде құлдыққа қарсы нақты шаралар қолданбаса, оларға санкция салынуы мүмкін. Ал адам саудасы немесе құлдықты біржолата жоймағанымен де, осы бағытта бірқатар шараларды қолға алған елдер қатарына биыл Ауғанстан, Албания, Әзірбайжан, Босния-Герцеговина, Болгария, Македония, Хорватия, Эстония, Қырғызстан, Латвия, Черногория, Пәкістан, Румыния, Сербия, Словакия, Тәжікстан және Түркия жатқызылған.

Арнайы бақылауды қажет ететін екінші категориядағы тізім бойынша, көптеген жылдардан бері адам саудасына қарсы іс-шаралар бойынша есептерін жан-жақты жасамай отырған елдер енгізілген, олардың қатарында Армения, Беларус, Қытай, Қазақстан, Молдова, Ресей және Украина бар.

Ал бірінші категорияға «Адам саудасы құрбандарын қорғау - 2000» деп атлатын американдық актіге сәйкес оның талаптарын орындаған елдер қатарына Чех республикасы, Венгрия, Литва, Польша, Словения елдері және бірінші рет Грузия енгізіліп отыр.

Адам саудасына байланысты АҚШ-ың өзіндегі жағдай қандай дейтінге келетін болсақ, Лагонның айтуынша, Мемлекеттік департамент әр жыл сайын Америка шекарасы арқылы 14500-ден 17500-ге дейін адам сатылады деп бағалаған. Олай болса, Мемлекеттік департамент АҚШ-ты қайсы категорияға және қандай орынға қойған екен?

Лагонның айтуына қарағанда, АҚШ-та бәрі керемет емес, дегенмен де Америка белгілі бір категорияға жатқызылмаған.

- АҚШ-ың әріптес ретінде көрінгені маңызды, біздің өзімізде де проблема бар. Біз басқаларды бағалап, өзіміз қолымызды қусырып қарап отырған жоқпыз, өйткені бұл ұлтаралық мәселе. АҚШ-тың ішіне Шығыс Азиядан, Латын Америкасынан, Европадан адам тасымалы көп жасалады. Бұл ретте бізге баға берілуіне дайынбыз, өйткені біз әріптес тұрғысында қазіргі замандағы құлдық мәселесін шешуге тырысамыз, - дейді ол.

Баяндамадағы тізімге саяси өтпелі кезеңді бастан кешіріп отырғандықтан Ирақ кіргізілмеген. Сондай-ақ Түркменстан да ол елден нақты мәлімет алу мүмкін болмағандықтан, бұл тізімнің ішінде жоқ.
XS
SM
MD
LG