Accessibility links

Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев «Нұрбанктің» ірі акционерлері атанды


Қазақстанның қаржы рыногын бақылу және реттеу агенттігінің ресми мәлімдеуі бойынша, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның баласы Нұрәлі Әлиев 12-ші маусымнан бастап «Нұрбанктың» ірі акционерлері боп танылды. Енді оларға банк акциясының 10 пайызынан артығы тиесілі. Қаржылық бақылау агеттігі «Рахат Әлиев банктың толыққанды акционері болмаған» деген мәлімдеме жасап отыр. Әйткенмен, кейбір қазақстандық тәуелсіз экономистер, «бұл Рахат Әлиевке тиесілі банк акцияларын оның әйелі мен басына өткізіп жазу боп табылады және ол заңға қайшы» деген пікір айтады. Себебі, сарапшылардың айтуынша, «үстінен қылмыстық іс ашылған азаматтың мүлкіне сот ісі аяқталғанша қамау жариялануы керек еді».

Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің «Нұрбанктың» ірі акционерлері боп танылғаны туралы ақпаратты банктың баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманова растады.

- Қазақстанның қаржылық бақылау агенттігі Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевке осы банктың акцияларының 10 пайызын және одан да көп мөлшердегі акциясын иеленген ірі акционерлер мәртебесін беретіні туралы шешімін жариялады. Енді банк басқарма төрағасының орынбасары қызметіндегі Нұрәлі Әлиев шынымен де банктың ірі акционері боп табылады, - деді банктің баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманова «Азаттық» тілшісіне.

Қаржылық бақылау агенттігінің төрағасы Арман Дунаев мырза жергілікті басылымдарға берген түсініктемесінде «Рахат Әлиев банктың ірі акционері боп табылмайтын, оған алдағы уақытта акциялардың иегері болу мүмкіндігі туралы ғана рұқсат бергенбіз. Бірақ, ол дер кезінде ие болмақшы акциялары үшін жеткілікті қаржыны төлемегендіктен оған ондай мәртебені берген жоқпыз» депті. Бұл ақпартты аталған агенттіктің төраға орынбасары Елена Пахмутова да растап отыр.

- Банкте Рахат Әлиевтің сатып алған акциялары жоқ. Оған да, кезінде - қазір Дариға мен баласына берілген сияқты - осындай акцияларды сатып алуға құқық берілгені рас, бірақ ол ондай құқығын пайдалана алмады. Ал Дариға Назарбаева мен оның баласының банкте аздаған акциялары болатын, ал қазір олар акция пакетінің елеулі мөлшерін сатып алмақшы. Оларға алғашқы қойылған акцияларды сатып алуға рұқсат берілді. Ондай акцияларды банк саудаға қойып отыр, ол акциялар ешкімнің де акциялары емес, олар енді ғана саудаға шығарылған банк акциялары. Демек, банктің жарғылық капиталы ұлғаяды деген сөз. Ал ол акцияларды қаржылық мүмкіндігі бар адамдар ғана сатып алады. Дариға мен баласы өздерінің ондай мүмкіндіктері барлығы туралы тиесілі құжаттарды бізге табыстады, - деді маусының 14-күні «Азаттық» радиосына Қазақстанның қаржылық бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Елена Пахмутова.

Қазір Қазақстан қоғамында жұртшылықтың назарында отырған Рахат Әлиев пен оның туған-туыстарына қатысты пікір білдірушілер «осы актінің астарында не жатыр?» деген сауалдарға түрлі жауап айтып жатыр. Тәуелсіз экономист Қанат Берентаев бұл істе заң талаптарының толық сақталмай отырғанын айтады.

- Бұл, шындығын айтқанда, Рахат Әлиевтің осы банктегі акцияларын оның әйелі мен баласына өткізіп жазуы. Әлиевтің өзі банк акционері екенін жариялаған. Ал оған қарсы қазір қылмыстық іс қозғалғанын білесіздер. Сондықтан, заң бойынша, тергеу амалдары аяқталғанша оның мүліктеріне арест, яғни қамау жариялануы керек еді. Ал сот аяқталған соң ол тәркіленуі керек пе, жоқ па - оны сот шешуі керек еді. Бұл жерде қылмыстық заң талаптарын бұзу орын алып отыр. Екінші жағынан, қазіргі уақытта Қазақстанда түп-тамыры «шикі мүліктерді заңдастыру» акциясының жүріп жатқаны да белгілі. Дариға мен оның баласының ірі акционерлер боп шыға келуі сол мүлікті заңдастыру туралы акция шеңберінде де жүргізілуі мүмкін. Ол үшін Рахаттың бұл жерде болуы шарт емес. Ол келісімін Австриядан факс арқылы да жіберсе болады. Бірақ, бұл жерде де түсініксіз жағдайлар бар. Олар - бір жанұяның адамдары. Егер, әлгі басылымдарда жарияланып жүрген «Рахат пен Дариға ажырасты» деген ақпарат тұрғысынан қарасақ, онда мүлікті бөлісу орын алуы керек еді. Дегенмен де бұл Рахат Әлиевке тиесілі банктегі байлықты сақтап қалуға бағытталған әрекет деп ойлаймын, - дейді Қанат Берентаев.

Ал қазір Венада үй тұтқынында отырған «Нұрбанктің» бұрынғы бақылаушысы Рахат Әлиев болса, «Неміс толқыны» радиостансасына берген сұхбатында, өзінің зайыбы Дариғамен арадағы заңды некені бұзу туралы маусымның 6-сы күні Алматының Медеу аудандық сотының сырттай шешім шығарғанын айтқан. Бірақ, бейсенбі күні Қазақстанда шығатын «Время» басылымы, Медеу аудандық сотынан соңғы екі аптада Дариға Назарбаеваға қатысты ешқандай іс қаралмағаны жөнінде жауап келгенін жазып отыр. Сонымен бірге, Рахат Әлиев, шетелдік ақпарат құралына берген сұқбатында, өзінің елдің саяси басшылығына қатысты кейбір жайттарды білетінін, мәселен, қазірде Нью-Йорк сотында қаралып жатқан «Қазақгейт» ісі бойынша куәгер ретінде қатыса алатыны мүмкін болғандықтан, Қазақстан билігі өзіне қарсы сот ісін ашып, әлгіндей істерге барып отыр дегенді айтқан. «Қазагейт» ісінде сотқа тартылған американдық банкир Джеймс Гиффенге, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, Қазақстанның табиғи кеніш орындарын игеру құқығына ие болғысы келген шетелдік мұнай компанияларынан Қазақстанның жоғары билік басындағыларға көп мөлшерде пара беруде делдалдық жасаған деген айып тағылған.

Бұған дейін Қазақстанның Венадағы елшісі болған 44 жастағы Рахат Әлиев президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның күйеуі. Мамырдың 23-күні Қазақстан заң орындары Рахат Әлиевтің үстінен «адам ұрлаған» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал мамырдың 26-күні президент Назарбаев Рахат Әлиевті Қазақстанның Австриядағы және ОБСЕ ұйымындағы елшілік қызметінен босатты. Сол күні Рахат Әлиев өзінің қайын атасы - президент Назарбаевтың саясатымен келіспейтіндігі туралы мәлімдеме таратты. Содан екі күн өткен соң Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланып, Қазақстан билігі Австрияға бұрынғы елшіні экстрадициялау туралы сұрау салды. Соның негізінде маусымның 1-күні Австрия полициясы Рахат Әлиевті Венада ұстап, кейін 1 млн еуро кепілдік ақша төлеп, ешқайда кетпейтіні жайлы қолхатпен шыққан Әлиев қазір Венадағы үйінде.

Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның Нұрәли, Айсұлтан және Венера есімді екі ұл, бір қызы баласы бар.
XS
SM
MD
LG