Accessibility links

Ауғаныстанның бірінші вице-президенті Астанаға қандай мақсатпен келіп-кетті?


Астанаға екі күндік сапармен келген Ауғаныстанның бірінші вице-президенті Ахмад Масудтың осындағы кездесулері кезінде Қазақстан мен Ауғаныстан арасында қандай келісімдер жасалғаны белгісіз. Маусымның 13 кешкісін келіп, 14 күні Парламент Сенаты төрағасымен және үкімет басшысымен кездесуі журналистердің қатысуынсыз өтті. Бұндай түсінкісіз құпиялылық жағдайында екі елдің билік органдарының ресми өкілерді де журналистерге кездесулерде қозғалған тақырыптар жөнінде мардымды ақпарат бермеді. Қазақстандық сарапшылар екі ел арасында белгілі себептермен айтарлықтай өзгеріс болатыны екіталай деп отыр.

Қазақстан Ауғаныстанмен шекараласпайды. Ресей мен АҚШ сияқты бұл елмен ашық достығы жайлы да жариялаған жоқ, дейді бақылаушылар. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Ауғаныстандағы «Талибан» қозғалысы исламдық экстремистік топтарға қолдау көрсетіп, Орталық Азиядағы режимдермен күрескісі келеді деп есептейді. Бірақ, президент Назарбаев, бұған дейін бірнеше сөзінде, ислам елімен қатынас орнату маңызды деген пікірлер білдірген болатын. Қазақстанға келген Ауғаныстанның бірінші вице-президенті Ахмад Масудтың сапарынан кейін бұл көзқарастар өзгере ме, жоқ па - белгісіз. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де, Астанадағы Ауғаныстан елшілігі де бұл сапар жайлы мардымды ақпарат бермей отыр. Жазбаша ақпаратта тек саясат, экономика, қауіпсіздік, есірткі және террормен күрес мәселелері талқыланды деп қысқа айтылған.

Саясаткер Зәуреш Батталова бұл кездесу туралы ақпарат неліктен жасырылып отырғаны түсініксіз екенін айтады:

- Өз халқынан құпия бірдеме айтпай отыр ма деген сұрақ туады, біріншіден. Екіншіден, Ауғаныстан бізден ғана көмек күтеді. Біздің тыныштыққа, мысалы Ауғаныстанда террор болмаса бізге де әсер етеді деген көзқарас болуы мүмкін. Бірақ, бұрыннан Қазақстаннан ешқандай іс-әрекеті көрінбеген. Және соңғы сапар жайлы білмей отырмыз.

Ауғаныстан тақырыбын зерттеген Пәкістан газетінің тілшісі Масуд Анзари Ауғаныстанның оңтүстігінде талибтардың әсері қайтадан күшейіп келе жатқанын жазады. Себебі, талибтер халықаралық гуманитарлық ұйым қызметкерлеріне шабуыл жасап тұрады. Сондықтан, бұл қызметкерлер елдің оңтүстігінде жұмыс істеуге қорқады. Ал Ауған тұрғындары елді қалпына келтіру саласында жасалып жатқан жұмыстың көзге көрінбейтінін айтып отыр деп жазады зерттеуші. Оның сыртында, Ауғаныстан президенті Хамид Карзайды қолдайтын дала командирлері өз территорияларында саудагерлерді тонап тұрады деген мәлімет бар. Ал тонаушылардың тезінен құтылғысы келетін тұрғындар қайтадан талибтерге бет бұрады деп жазады Ауғаныстан тақырыбын зерттеген Пәкістан газетінің тілшісі Масуд Анзари.

Тағы бір мәселе, негізінен Ауғаныстан астанасы Кабулдың маңында шоғырланған халықаралық контингент көп емес - не бәрі 11 мың адам. Сондықтан талибтар бұл әскерден қорықпайды деген пікір бар. Қазақстандағы Ауғаныстан өкілдерінің айтуынша, 25 жыл бойы жүргізілген қақтығыстар кесірінен 2 миллион ауғандық қаза болып, 6 миллион адам Отанынан жырақ кетуге мәжбүр болған. Талибтер есірткіден түсетін ақшаны соғысқа пайдаланды, дейді олар. Қазір Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары соңғы жылдары Ауғаныстаннан келетін есірткі тасымалының көлемі жылдан жылға көбейіп келе жатқанын айтып жүр. Ал, жиырма жылдан астам уақытқа созылған ұрыс-қақтығыстардан экономикасы күйреп-қираған Ауғаныстан тұрғындарының бір бөлігі есірткі өсіріп күн көруге мәжбүр.

Қазақстан жағрапиялық орналасуына орай Ауғаныстаннан Еуропаға есірткі тасымалданатын жолда амалсыз транзиттік аялдамаға айналған, дейді Қазақстанның ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы комитет өкілі Мұхтар Оспанов:

- Былтыр Ауғаныстанда 6 мың тоннадан астам апиын өсірілген. Соңғы 4 жылда бұл 80 пайызға өскен. Қазір жылдан жылға өсіп келеді. Себебі, біздің шекара ашықтығы, екіншіден, ауған есірткісінің бағасы өсіп келеді.

Қазақстандағы Ауғаныстан елшісінің мәліметіне сәйкес, қазір есірткі алқаптары мен зертханалардың көбі Ауғаныстанның оңтүстігінде шоғырланған. Бірақ, елдің басшылығы халықаралық қауымдастық талаптарын орындап, талибтер секілді лаңкесшілермен күрестің нәтижесі сияқты, есірткімен де күрестің нәтижесі болады деп отыр. Қазақстан осыған дейін Ауғаныстанға жәрдем ретінде тегін астық жөнелткен болатын.
XS
SM
MD
LG