Accessibility links

Оппозициялық «Алға» партиясы Қазақстандағы оппозициялық басқа партиялармен бірігу туралы ұсыныстан бас тартты


Екі жылдан астам уақыт Қазақстанның Әділет министрлігінің босағасын тоздырып, ресми тіркеуден өте алмай жүрген «Алға» халықтық партиясының президиумы мен саяси кеңесі елдегі өзге екі оппозициялық ұйымдардың - Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен «Нағыз Ақ жол» демократиялық партиясының бірігу туралы ұсынысын қабылдамады.

«Алға» партиясының баспасөз қызметінің өкілі Гүлбану Әниятқызының айтуынша, партияның саяси кеңесінің мәжілісіне «Нағыз Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағалары Болат Әбілов пен Төлеген Жүкеев қатысып, елдегі оппозициялық партиялардың бір саяси партияға бірігуі туралы ұсыныс жасапты. Алайда, осы мәселеге қатысты бірнеше сағатқа ұласқан пікірталас қортындысында, «Алға» партиясының саяси кеңесінің 6 мүшесі оппозициялық партиялармен бірігу туралы ұсынысты қолдағанымен, қалған 11 мүше ұсынысты қабылдамаған.

Алайда, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай «Алға» халықтық партиясы саяси кеңесінің бұл шешімі партия басшылығының ең соңғы шешімі емес шығар деп отыр.

- Саяси кеңестен де өкілеттігі жоғары партияның сьезі деген болады, бәлкім, сонда бұл мәселе қайтадан талықыланып, бір шешім болар, ал партияның қандай шешім қабылдауы - өзінің еркі, - дейді Ж.Тұяқбай.

«Алға» халықтық партиясының шешімін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, парламент мәжілісінің депутаты Әлихан Бәйменов дұрыс шешім деп бағалайды.

- Қазақстанда өзінің ұстанған бағыт-бағдарынан жаңылмай жүріп келе жатқан 3-4 саяси партия болса, солардың бірі «Алға» халықтық партиясы, екіншісі «Ақ жол» демократиялық партиясы, үшіншісі «Нұр-Отан» және төртіншісі - Қазақстанның Коммунистік партиясы, - дейді Ә.Бәйменов.

«Алға» халықтық партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов партияның саяси кеңесінде талқыланған бұл мәселе қызу пікір талас туғызғанын айтады.

- Қазір партияның аймақтағы белсенділері мен жетекшілерінен хаттар келіп түсіп жатыр, онда бұндай маңызды мәселені партияның съезінде талқылау керектігі айтылды. Қалайда, кешікпей партияның құрылтайын шақыратын шығармыз, сонда бұл мәселені ең басты мәселелердің бірі ретінде қараймыз, - дейді А.Қожахметов.
XS
SM
MD
LG