Accessibility links

Автожүргізушілердің тәуелсіз одағы Жол полициясын шынайы ақпаратты жасырып отыр деп кінәлайды


Автожүргізушілердің тәуелсіз одағы қоғамдық бірлестігінің пікірінше, Жол полициясы комитеті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 7 маусым күні интернет-мәслихатта оң жақ рөлді автокөліктердің мәселесін қайта қарау керек деп айтқан сөзіне қарамастан, оң жақ рөлді автокөліктрге қатысты ұстанымдарын әдейі өзгеріссіз қалдыруға тырысып жатыр. Мәселен, Жол полициясы комитетінің президентке берген жол-көлік апаттарының статистикасы, рөлдерді оң жақтан сол жаққа ауыстыратын техникалық қызмет көрсету бекеттерінің көптігі, олардың рөлдерді ауыстыруға дайындығы және оларды жалпы ауыстыруға болатын-болмайтындығы жайындағы ақпараттары шындыққа жанаспайды деді қоғамдық бірлестіктің басшылары. Ал жол полицейлері болса бұл айыптауларды негіссіз деп отыр.

Қазақстанның жол-көлік саласындағы ауыр жағдайлар мен заңсыздықтарға алаңдаушылығын білдірген Автожүргізушілер тәуелсіз одағының басшылары 14 маусым күні Қазақстанның жолдарында қалыптасқан жағдайларды реттеу үшін өздерінің билікке ұсыныстар дайындап шыққандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, Жол полициясы комитеті жолдардағы жағдайларды реттемек тұрмақ, осы саладағы көптеген ақпараттарды құпияда ұстайды. Мысалы, оң жақтан басқарылатын автокөліктердің рөлін ауыстыратын техникалық қызмет көрсету бекеттері техникалық жағынан нашар жабдықталса да, жөндеу жұмыстарына жіберіле салынған дейді Автожүргізушілер тәуелсіз одағы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Григорий Кременицкий.

- Біздің қоғамның белсенділері жақында лицензиясы бар қызмет көрсету бекеттерін тексеріп қайтты. Бір қызығы, ол жерлерді бейнетаспаға түсіруге болмайды және олардың бізді бұрын рөлдерін ауыстырған клиенттермен байланыстырғысы келмейді. Мемлекеттік стандартқа сай келмегеніне қарамастан, автокөліктерді жөндеу кезінде оларға пайдаланылған құралдар салынатыны да белгілі болды. Ең бастысы, Жапонияның мықты жоғары деңгейлі зауыттарында жасалған көліктердің бұрыш-бұрыштағы қызмет көрсету бекеттерінде қалай болса, солай қайта құрастырылатындығы, - деді Григорий Кременицкий.

Алматыдағы автокөліктер жөндеумен айналысатын «Транспорткарсервис» кәсіпорнының директоры Сергей Недосекин болса, оң жақ рөлді жапон автокөлік рөлдерін Қазақстан жағдайындағы нашар техникалық қызмет көрсету бекеттерінде ауыстыру қауіпті дегенге өзінің қосылатынын айтады.

- Рөлді оң жақтан сол жаққа ауыстыру, көліктің қауіпсіздік нормаларын бұзу деген сөз. Ондай автокөліктер бір жылға да шыдамай бұзылады. Сондай бекеттерге барсаңыз, олардың қалай жұмыс істейтінін көзіңізбен көресіз, -дейді Сергей Недосекин.

Ал Ішкі Істер Министрлігі Жол полициясы комитетінің бөлім басшысы Әлібек Кеңесбаев мұндай пікірлерге өзінің қосылмайтынын былайша түсіндіреді.

- Қазақстанда автокөлік рөлдерін оң жақтан сол жаққа ауыстыра алатын лицензия берілген 27 ұйым ғана бар. Лицензия берерден бұрын олардың техникалық-өндірістік базасы мен мамандары тегіс тексеруден өткен. Әзірге біздің мекемеге клиенттерден ешкім көліктеріндегі рөлдеріне шағымданып келген емес. Мысалы, Кристал Моторс сияқты кәсіпорындарда автокөліктерге бір жылға дейін кепілдік беріледі, - деді Әлібек Кеңесбаев.

Ал президенттің интернет-мәслихатта оң жақ рөлді автокөліктерді ауыстыратын 100 кәсіпорын бар деген сөзін жоққа шығарған Жол полициясы комитетінің қызметкері ол жайында былай деп жауап берді.

- Мәселе осы рөлдерді ауыстыруға мүмкіндігі бар, алайда оған рұқсат алмаған 100 кәсіпорын жайында болып отыр. Әзірге олардың 27-сінен басқасы ауыр автокөліктердің заттарын ауыстыру сияқты істермен айналысуда, - деді Әлібек Кеңесбаев.

Алайда, Автожүргізушілер тәуелсіз одағының басшылығы оң жақ рөлді автокөліктер шығаратын компанияларға хат жолдап, олардан жапон автокөліктерінің рөлін ауыстырудың қауіптілігі жайында жауаптар алғандығын айтып отыр. Мұндай пікір білдірген жапон компаниялары арасында Мазда, Митсубиси компаниялары бар екен. Сондай-ақ, Автожүргізушілер тәуелсіз одағы басшыларының айтуынша, олардың сұратқан сауалдарына Қазақстандағы Жапония елінің елшісі Ито Тэцуо да рөлдерді ауыстыратын кәсіпорындарды Жапония және Қазақстан жағының бірігіп аша алатындығына өзінің күмәнін айтқан.
XS
SM
MD
LG