Accessibility links

Сарапшылар радар бекетінің өзіне жақын жерде орналасуына Иран қарсы дейді


Иран саясаткерлері АҚШ-ың Орталық Европаға орналастырмақшы болып отырған зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің радар бөлшектерін Әзірбайжандағы базаға орнату турасындағы Ресейдің ұсынысына айыптай жауап қайтарды. Әзірбайжан өзіне көрші жатқандықтан да Иран онда радар бекетінің орналасуына өте сақтықпен қарайды.

Бұл ретте Ресейге қатысты айтылған комментарийлер Ресейдің бұндай ұсыныс жасаудағы ойы мен ниеті жұмбақтау дегенге саяды. Егер Ресей өз мақсатын көздеген болса, ол Макиавелизмге демек, ұятсыздыққа жатады делінеді. Заң шығарушылардың бірі Ресей президенті В.Путиннің зымыраннан қорғану жүйесін Европаға емес, Әзірбайжанға орналастыру туралы ұсыныс айтуы АҚШ-ты адастыруға ұқсайды деп атады.

Путиннің ойынша, егер зымыраннан қорғаныс жүйесі шынымен де мәлімделгеніндей Ресейге емес, Иран мен Солтүстік Корея сияқты бұзақы елдерге қарсы бағытталған болса, онда оны сол қауіп төндіретін елге жақын неге орналастырмасқа?

Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің мүшесі Хамид Реза Хажы-Бабай Путиннің ұсынысы Буштың саясатына қарсы қалжың және толықтай шындыққа жанаспайтын, мүлде орындалмайтын ұсыныс деп атап көрсетті.

Хажы-Бабайдың айтуынша, Европаға орнатылмақшы американдық зымыраннан қорғану жүйесінің Иран үшін емес екендігін Ресей біледі және бұл ұсыныс АҚШ-ың алға итеріп отырған ғаламдық «милитаризациялау» саясатының жаңа айналымы. Дегенмен де, Хажы-Бабай басқа талдаушылар сияқты бұл ұсыныс Иранның мүддесіне өзіндік соққы болады дегенге оншалықты сенімді емес.

Осы комитет жетекшісінің орынбасары Мохаммед Наби Рудаки Ресейдің ұсынысы АҚШ-ың зымыраннан қорғаныс жүйесінің радар бекетін Чехия мен Польшада орналастыруға мүмкін жол бермес дегенді айта келе, алайда оның, демек ұсыныстың АҚШ пен Ресей арасында Иранды ауыздықтауға бағытталған бір келісімге келуіне жол ашуы да ықтимал дейді.

Иран парламентінің басқа да мүшелері бұл тұрғыда өздерінің ойларын білдіре келе, Ресей өз қауіпсіздігіне алаңдап отыр деп атап көрсетеді. Сонымен қатар Ресейдің Әзірбайжандағы өздері пайдаланып отырған базаға радар бекетін бірлесіп орналастыру жөніндегі ұсынысы өткен, артта қалған тактиканы ұстанып отырғанын аңғартады дейді.

Иран парламентшілері сондай-ақ Бакуге күмән келтіріп, Әзірбайжанның өз жеріне АҚШ-ың радар бекетін орналастыруды құптап, қолдау білдіргеніне ренішпен қарайды. Заң шығарушы Рудаки Иран мен Әзірбайжанның қарым-қатынастары соңғы жылдары жақсарып келе жатқан еді, бірақ Путиннің ұсынысына Бакудың бас шұлғи қалуын сыйлауға, құрметтеуге болмайды дейді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшесі Әли Ахмади Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің саяси режимі кең қолдауға ие емес дей отырып, оны демек, Әзірбайжан президентін мықты, қуатты деген елдерден қолдау іздейді деп айыптады. Ахмади сондай-ақ бұл ұсыныс турасында және оған қатысты Әлиевтің оң жауап беруіне орай Иранның тыныш, беймарал болып қалуына болмайды деп атап көрсетеді.

Қорыта айтқанда, зымыраннан қорғану жүйесі турасындағы мәселе Иран саясаткерлерін толғандырып жүрген бірқатар проблемаларды алға тартты: олардың бастылары - Иранның оқшаулануы, Иран турасында ұлы державалар сырттай келісімге келуі мүмкін деген қорқыныш немесе Ресеймен арадағы өте солқылдақ қарым-қатынас төңірегіндегі алаңдаушылықтар.
XS
SM
MD
LG