Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.15.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірінде Қазақстанның Венадағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің сұхбаты басылыпты. Сонымен қатар, бірқатар газеттер мұнайлы Қарабатандағы түрік компаниясының жұмысшылары тағы наразы екендігіне тоқталса, басылымдардың бірі Ұлттық бірыңғай тестілеудің әуелгі нәтижесі бойынша оқушылардың 30 пайыздайы сынақтан өте алмағандығына мән беріп өтіпті.

Бұрынғы елші Рахат Әлиевтің сұхбаты «Республика» газетінде жарық көрді. Онда Рахат Мұхтарұлы өзін Венада жүрген жерінде Қазақстанның «Барлау» қызметінің адамдары заңсыз ұрлап әкетуге талпыныс жасағандығын айтқан. «Алайда олардың бұл әрекеті жүзеге аспай қалды. Жақында Нью-Йоркте ел басшылығының парақорлығына қатысты Джеймс Гиффеннің ісі бойынша сот басталады. Соған байланысты олар мені айыптаушы жағында осы сотқа қатыса ма деп қорқады» деген Рахат Әлиев. Сонымен қатар, бұрынғы елші өзінің меншігіндегі қаржы көздерінен, атап айтқанда қант зауыттары мен банкінен, «Караван» газеті мен КТК телеарнасынан, «Қазтелерадио» компаниясының 34 пайыздық акциясынан, «Кателко» компаниясының 70 пайыздық акциясынан айырылғандығын атап көрсеткен. Олардың ішінде газет пен телеканал кімнің қолына өтуі мүмкін деген сұраққа: «Қазақмыстың» қуыршақ басшылары, бұл кісілер мемлекет басшысының қолдауына ие болып отыр» деп жауап берген. Сондай-ақ, Рахат Әлиев өзінің отбасының тағдырын бір күннің ішінде шешіп берген сот жүйесін сынға алған. «Маусымның 6-күні судья Нурашеваның төрағалық етуімен Медеу аудандық сотында мені сырттай ажыратып жіберді. Президент Назарбаев жиырма төрт жыл отасқан шаңырақтың шырқын бұзды» депті Рахат Әлиев «Республика» газетіне берген сұхбатында.

«Айқын» газеті болса Атырау облысы Қарабатан елді мекеніндегі жұмысшылар жалақыны өсіруін талап етіп жатқандығы туралы баяндапты. «Таяуда ғана Үкімет деңгейінде шешілген Қарабатан елді мекеніндегі жалақы мәселесі тағы да сыр берді. Бұл жолы да ортақ мәмілеге келе алмай жүрген түрік әкімшілігі мен қазақ жұмысшылары. Атышулы «Гате» кәсіпорнына қарасты қосалқы мердігер «Тойес» компаниясы ұзақ уақыт өз жұмысшыларын тиісті төлемақысынан айырып келген» делінген мақалада. «Маусымның 14-күні «Тойес» компаниясындағы алпыстан аса қыз-келіншектері өз еңбектеріне алатын жалақының аздығы мен зиянды ортада қызмет етуіне байланысты өтемақыны ала алмайтындықтарына наразылық білдіріп, қызметтеріне шықпай қойды. Жұмысшы қыз-келіншектердің айтуынша, олар еңбек жөніндегі келісім-шартты қолдарына ұстап та көрмеген. Сол себепті олар күні бүгінге дейін мереке күндері мен демалыс күннің не екенін білмей, уақытпен санаспай қызмет етіп келеді. Атырау облыстық халықты еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бастығының орынбасары С.Ишайдың айтуынша, қазіргі күні департамент өкілдері Қарабатанда тексеру жүргізуде» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

«Экспресс К» газеті болса Ақтөбе облысында алқа билердің қатысуымен алғашқы сот отырысы басталғандығына мән беріп отыр. «Айыпталушы орындығында отырған Шалқар қаласының 25 жастағы тұрғынына адам өлтірген деген айып тағылған. Оған қатаң жаза шығарылу мүмкіндігін ескеріп, айыпталушы алқа билер сотына жүгінуді жөн көрді» делінген мақалада. «Сот процесінде билік ету үшін 40 үміткер іріктелген, ал олардың 30-ы ғана сот залына келген. Бұл Ақтөбеде болып жатқан жағдай. Ал жалпы Қазақстан бойынша алқа билер сотының қатысуымен 12 тыңдау өткізілді» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің әуелгі нәтижелері бойынша 37 мыңнан астам оқушы сынақтан өте алмағандығы туралы «Литер» газеті жазып отыр. «Маусымның 14-күнгі брифингте Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев білім деңгейінің төмен екендігін атап көрсетті» делінген мақалада. Маусымның 12-күні Алматы қаласында тест жауаптарын таратушы қылмыстық топ қолға түскен. Сондай-ақ бірнеше оқу орындарындағы сынақта дұрыс жауаптар оқушылардың телефонында жазулы тұрған. Ал осындай қылмыстардың ашылуының өзі жұмыс бағытының дұрыс екендігін көрсетеді деп есептейді министр. Қазіргі таңда сынаққа қатысқан оқушылардың 30 пайыздан астамы қажетті ұпай жинай алмаған. Әзірге екі оқушы ғана жауаптың барлығын дұрыс белгілепті. Олардың екеуі де Оңтүстік Қазақстан облысынан» деп түйіндейді «Литер» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса республикада балабақшалар тапшы екендігіне мән беріп өтіпті. «Тек Алматы облысында ғана 9 мың балаға орын жоқ» делінген мақалада. «Ал білім министрлігіндегілер болса алдағы екі жылдың көлемінде Қазақстанда 57 мектепке дейінгі мекеме салынатындығын айтып отыр. Сонымен қатар, 131-і қайта қалпына келтірілмек. Ал жалпы соңғы екі жылдың ішінде республика бойынша 920 балабақша мен шағын орталықтар ашылған» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG