Accessibility links

Алматыда Шанхай Ынтымақтастығы ұйымы Форумының екінші мәжілісі өтті


15-маусым - Шанхай ынтымақтастығы ұйымының құрылған күні. Ұйым осыдан алты жыл бұрын Қытайдың Шанхай қаласында Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі мәселесі мен осы аймақтағы елдердің Қытай және Ресей секілді ірі мемлекеттермен арадағы шекаралық мәселелерін реттеуді басты мақсат етіп құрылған болатын. Ал қазір, қауіпсіздік мәселесімен қатар, ұйымға мүше елдер сауда-саттық, экономикалық мәселелерге көбірек назар аудара бастағаны айтылды.

Алдағы тамыз айының 16-сы күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында ШЫҰ-на мүше елдердің басшылары деңгейіндегі жоғары дәрежелі басқосу өткелі отыр. Осы басқосу алдында ұйымға мүше елдердің сарапшылары қатысқан Алматы жиыны жұма күні екі басты мәселені талқылады. Біріншіден, ШЫҰ-ның құрамын кеңейту мәселесіне қатысты түрлі көзқарастар мен пікірлер айтылды. Ал екінші мәселе - осы ұйымның халықаралық басқа ұйымдармен өзара байланысқа баруы мен ынтымақтасу мәселесінің жайына арналды.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Қазақстандағы зерттеу орталығы саналатын Халықаралық қазіргі заман саясаты институтының бас директоры Бектас Мұқамеджановтың айтуынша, ШЫҰ-ын кеңейту мәселесінде Қазақстан жағының өзіндік қалыптасқан пікірі бар, яғни ең алдымен, жаңа мүшелікке алудың алғышарттары мен талаптары дайындалуы қажет болмақ. Содан кейін барып бұл мәселені шешу керек дейді ол.

Бүгінгі жағдаймен ШЫҰ-на 6 ел кіреді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан,Тәжікстан және Өзбекстан, сондай-ақ Ресей мен Қытай елдері. Ал осы ұйымға сырттай бақылаушы ретінде 4 ел қатысып жүр. Олар - Үндістан, Пәкістан, Моңғолия және Иран Ислам Республикасы.

Қазақстан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының басты ғылыми қызметкері Константин Сыроежкиннің айтуынша, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының хартиясында бұл ұйымның ашық ұйым екендігі жазылған.

«Алайда, осы күнге дейін, бұл ұйым аймақтық ұйым ба, жоқ әлде әлемдік ұйым ба деген сұраққа әлі толыққанды жауап жоқ. Осы мәселе және ұйымға мүше елдер арасындағы түрлі проблемалар шешілмейінше ұйымды кеңейтуге әлі ертерек болмақ», - дейді ол.

Тәжікстан президенті жанындағы стратегиялық орталықтың қызметкері Абднаби Саттарзоданың айтуынша, ШЫҰ өзінің алға қойған мақсаты мен оны орындау амалдары жағынан Еуразиялық экономикалық қауымдастық және Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы секілді ұйымдармен тығыз байланыста болуы керек, сондай-ақ батыстың НАТО және Еуроодақ секілді ұйымдармен де байланыста болу бұл ұйым үшін пайдалы болмақ.

Ресей сарапшысы, Шығыс Азия мен ШЫҰйымын зерттеу орталығының аға ғылми қызметкері Леонид Гусев, Ресей жағы ШЫҰ-на Үндістан мен Пәкістанды алғашқы кезекте мүшелікке бірдей қабылдауға қарсы емес екенін айтады.

«Алайда бұнымен Қазақстан мен Тәжікстан келіспей отыр. Сондықтан, ұйымға мүше қабылдау мәселесінде мүше елдердің пікірлері сан алуан болып тұр», - дейді ол.

Қазақстанның Ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов бұл мәселеде асықпау керек деп санайды. Оның айтуынша, Үндістан мен Пәкістан екеуі де ядролық қаруға ие елдер, өз араларында Кашмир аймағы үшін таластарға жиі барады, ал Иран болса өзінің ядролық бағдарламасына қатысты батыс тарапынан үлкен сынға ұшырап отырған ел болғандықтан бұл елдер ШҰЫ-на жаңа проблемаларды алып келмек.

Халықаралық қазіргі заман саясаты институтының бас директоры Бектас Мұқамеджанов ШЫҰ-на ең алдымен мүшелікке өте алатын ел ретінде Моңғолияны атады. Алайда, Моңғолия тарапынан ШЫҰ-на мүшелікке өту жөнінде ресми өтініш әлі білдірілген жоқ дейді ол. «Қалай болғанда да алдағы тамыз айының ортасында Бішкекте өтетін ШЫҰ-ның саммитінде бұл мәселелер қайтадан қаралатын болады дейді ол.
XS
SM
MD
LG