Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.12.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар бұрынғы елші Рахат Әлиевтің ісіне байланысты жаңа фактілер анықталғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі Ақмола облысында төңкеріс жасамақ болған террористер ұсталғандығы туралы баяндаса, тағы бір басылым хандық билікті қолдайтын «Нұр Отар» монархиялық қозғалысы Ақтөбе қаласында акция өткізгендігіне мән беріп отыр.

ҚР Қауіпсіздік қызметінің хатшысы Берік Имашев өз еркімен қызметінен босау туралы арыз жазғаны жөнінде «Время» газетінде баяндалыпты. «Ол мемлекет басшысына жоғарғы орында қызмет етуге рұқсат бергені үшін рахметін айта отырып, өзінің туысқаны Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғалған соң бұл орында қалудың реті жоқ екендігін шешкен» делінген мақалада. «Берік Имашев бұрынғы елші Рахат Әлиевтің құдасы екендігі белгілі. Оның қызын Рахаттың баласы Нұрәлі Әлиев алып отыр» деп жазды «Время» газеті. Сонымен қатар, мақала авторы Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін тағы бірнеше адам қызметтерінен кетуге мәжбүр болғандығына мән беріпті. «Мәселен, Рахат Әлиевпен достығы жарасқан әділет министрінің орынбасары Серік Нұғыманов қызметтен кетуге мәжбүр болды» деп жазды «Время».

«Жас Алаш» газеті болса Австрия билігінің Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғағандығы рас болып шыққандығы туралы баяндапты. «Әлиевтің өзі қазір ауруханада жатыр. Шетелдік басылымдардың бірінде ол Австрия канцлері мен федералды президентімен кездескісі келетінін, олармен Қазақстан билігі жөнінде ой бөліскісі келетінін жария етті» делінген мақалада. «Ал ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Әлиевтің ісіне байланысты жаңа фактілер анықталыпты. Қожахметов Рахат Әлиевтің үстінен заңсыз қаржы айналымына орай қылмыстық іс қозғалғанын тағы бір рет қадап айтты. Мұның алдында «Австрияда Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты» деген ақпарат таратылып, артынша «өтірік екен» делінген. Алайда, Австриядағы экономикалық қылмыс жөніндегі арнайы қызметтің Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғағаны рас болып шықты» деп жазды «Время» газеті.

«Егемен Қазақстан» газеті бұрынғы елші Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғауына байланысты президент Назарбаевтың атына халықтың зиялы қауым өкілдерінен хаттар түсіп жатқандығына мән беріп өтіпті. «Мәселен, жазушы Әзілхан Нұршайықов өз ойын былай өрбітеді: Сіз Рахат Әлиевтің жүгенсіздігіне тосқауыл қойдыңыз. Бұл – ешбір тарихта кездеспеген өзгеше оқиға...». Сонымен қатар, «Егемен Қазақстан» газеті халық әртісі Сәбит Оразбаевтың, академик Ғарифолла Есімнің, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың, ақын-драматург Иран-Ғайыптың, ақын Марфуға Айтқожинаның мемлекет басшысына жазған хаттарын келтіріп отыр.

«Айқын» газеті болса Ақмола облысында төңкеріс жасамақ болған террористер ұсталғандығы туралы жазыпты. «Степногорск қаласында радикалдық исламның ішіндегі ваххабизмді ұстанатын жасырын ұйым мүшелерінің қылмыстық істері бойынша тергеу жұмыстары аяқталып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың түпкі жоспарларын анықтады» делінген мақалада. «Степногорск қаласында ұсталған 20 мен 30 жас аралығындағы 11 адам жақын арада Ақмола облысында қарулы төңкеріс жасап, ислам халифатын құруды жоспарлаған. Ол үшін олар алдымен инкассаторларды тонап, сол ақшаға қару алмақ болған. Тұтқындау операциясы кезінде діни ұйымның мүшелері қатты қарсылық көрсетті. Тінту барысында олар тұрып жатқан үйден Макаров тапаншасы, түрлі суық қарулар, ұңғысы кесілген шолақ қосауыз мылтықтар, 20 келіден астам жарылғыш заттар, 400 тұтандырғыш және басқа да экстремистік әрекеттерді уағыздайтын діни әдебиеттер, инкассаторларға шабуыл жасау схемасы табылған» деп жазды «Айқын» газеті.

Бұл уақытта «Нұр Отар» монархиялық қозғалысының мұшелері Ақтөбе қаласында акция өткізгендігі туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Өткен демалыс күндері монархияны қолдаушы жастар облыс орталығындағы Абылайханның ескерткішінің қасына жиналды» делінген мақалада. «Нұр Отардың» Ақтөбедегі өкілі Николай Горяйновтың айтуынша, жиналған жастардың барлығы мемлекет басшысының бастамасын қолдайды. Билікке жағымды жырларға қанық болған жастар жайымен үйлеріне тарасты» деп жазды «Время» газеті.
XS
SM
MD
LG