Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.19.2007 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдар Алматыдағы Бақай ауылының тұрғындары баспана бұзуға келген ауыр техниканы кіргізбегендігі туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірі құрылыс компаниясына алданып қалған 700 астаналық көшеге шыққандығына тоқталса, бірқатар басылымдар Парламент таратыла ма деген сұраққа жауап іздепті.

Алматы қаласы маңындағы Бақай ауылына баспаналардың бұзылуын талап еткен сот орындаушылары барғаны туралы мақала «Жас Алаш» газетінде жарық көріпті. «Бақай» дүрлігіп жатыр..» деген хабар жетісімен оқиға орнына барсақ, ауыл азан-қазан: майданнан қара қағаз алғандай бала-шағасы бақырып, кемпір-шалы кейіп, жастары қатуланып жүр» делінген мақалада. «Сөйтсек, Бақайға сот орындаушылары келіпті. Бақайдағы дүрбелең әкімшіліктің құлағына жеткен болуы керек, он шақты тұрғынды келіссөзге шақыртып алды. Олардың шағым-талабын мәслихат депутаттары қабылдап алып, бейсенбіде жауап береміз депті» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты былай деп баяндайды: «Бұған дейін де бірнеше мәрте Бақай ауылындағы қалған үйлерді қирату үшін құрылыс компаниясының өкілдері Бақайға кірмек болған еді. Маусымның 18-күні сот орындаушыларымен бірге келген олар жергілікті тұрғындардың алты баспанасын бұзуға талпыныс жасады». Сонымен қатар, мақала авторы ауыр техниканың таң қылаң бере ауыл маңына тоқтағандығын атап көрсеткен. «Өткен жылғы шілденің 7-күні осында 350-ден астам үй бұзылған еді, мұнда тағы екі жүзге жуық баспана тұр. Қазіргі сәтте соның алтауы бұзылуға тиіс екен. Алайда тұрғындар ауылға кіретін жолдардың барлығын жауып тастады. Журналистер келгеннен кейін ауыр техникалар да кейін шегінді» деп жазды «Zonakz» тәуелсіз интернет сайты.

Бұл уақытта Астана қаласындағы уәде етілген үйлерін ала алмаған 700 адам көшеге шыққандығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Солардың бірі – Қытайдан қоныс аударған Үйренішбек Ебеусейітұлы. Алды жоғары сыныпта оқитын 3 бала өсіріп отырған ерлі-зайыптылар «үстеме ақыны үй салынып біткен соң ғана төлейсіздер» деген секілді сырғытпа сөздерге алданып қалған. Оның зайыбы Мейірбан Нұрахметқызы кезінде Президенттің нұсқауына сәйкес корпорация 100 отбасына жеңілдікпен сатылатын үй береміз деп, біз сол тізімге ілінген едік дегенді айтады. Расында да, «АВS» корпорациясы құрылыс компаниясы өзіне үміт артқандарды ұятқа қалдырды» делінген мақалада. «Мекеменің Астанадағы кеңсесін бірнеше күннен бері қарақұрым адам босатпай жүр. Осыдан 2-3 жыл бұрын «үлестік әдіспен үй салып береміз» деп, салымшылардың ақшасын жинап алған «АВS» корпорациясының сол кезгі құрылтайшыларының «жұрты жатыр да, өзі жоқ». Алданғандарын сезген үлесшілер компания атынан келісім-шартқа қол қойған әлдебір Әділ Сапарғалиевті қарғап-сілеуден жақтары ауырды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Сонымен қатар, басылымдар Парламент таратыла ма деген сұраққа да жауап іздепті. Парламент мәжілісі өз-өзін таратып жібере алмайтындығы туралы «Жас Алаш» газетінде баяндалыпты. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос парламентті тарату құқығы президенттің құзыретінде екендігін хабарлады» делінген мақалада. «Дәл бүгінгі сәтте парламентті тарату мәселесі неге қоздап тұр? Себебі, бұл парламенттің атқаратын жұмысы қалмады. Анығында қалдырмады» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

Егер Мәжіліс өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатын болса, Сенаттың қазіргі құрамы Мәжіліс болмаған кезеңде конституциялық заңдарды қабылдауға хақылы ма деген сұраққа «Айқын» газеті жауап іздепті. «Конституциялық кеңес Парламент Мәжілісі өзін-өзі тарата алмайды деген шешім шығарды. Кеңес төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, мұндайда мемлекет басшысы өз бастамасымен болмаса депутаттардың қолқасы негізінде Парламент палаталарының төрағалары және Премьер-министрмен кеңескеннен кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін таратып жіберуге хақысы бар. Оның айтқанына салсақ, Мәжіліс өкілеттігін тоқтатқан жағдайда заң қабылдау қызметі уақытша Сенаттың қолына өтеді» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG