Accessibility links

АҚШ: үйінен алыста жүрген ауған еврейлері салт-дәстүрін ұмытпайды


Ауғанстаннан шыққан еврейлердің 200-дей отбасы Нью-Йорктің “Куинс” қалашығында тұрады. Бұл – Израильден басқа елдерде тұратын ауған еврейлерінің ең ірі қонысы. Ресми ақпарға сәйкес, Ауғанстанда Зеболан Симанто деген 45 жастағы жалғыз еврей қалды. Ол Кабулдағы синагоганың қараушысы. Нью-Йорктегі ауған еврейлерінің жиналатын жері – “Аншэй Шалом үйі” немесе синагогасы. Ол, сонымен қатар, Ирақ пен Мысырдан, Ливан мен Марокко мен Ресейден, Сирия мен Өзбекстаннан және Йеменнен шыққан еврейлердің де “рухани панасы” болып табылады.

Зергерлік бұйымдарын сатумен шұғылданатын Биниамин Пинхаси (Binyamin Pinchasi) Израильде туып өсті. Ол Ауғанстанда ешқашан болған емес, бірақ оның ата-анасы Кабулда өсті. Олар осыдан жарты ғасырдай бұрын Ауғанстан астанасында өткен жастық шағын ыстық ықыласпен еске алады. Пушту тілімен қатар Ауғанстандағы ең басты тілдің бірі болып табылатын дари тілін азын-аулақ білетін және 30-ға жаңа ғана толған Биниаминнің айтуынша, аз да болса Ауғанстанмен рухани үндестігі барлығын сезеді.

Б.ПИНХАСИ: “Ия, аз да болса рухани байланыс бар. Менің ойымша, біз ол жаққа барып қайтамыз ба, жоқ па, бәрібір - сонда жүргендей сезінеміз”.

“Аншей Шаломға” келетіндердің көпшілігі секілді Биниамин де Кабулда қалған жалғыз еврей Зеболан Симантоға көмек жіберіп тұрады. Жылдағыдай, биыл да олар 1-інші сәуірдегі Пасха мерекесіне байланысты Кабулдағы Симантоға 650 доллардың азық-түлігін жөнелтті.

Нью-Йоркке жастық шағында келген Биниаминнің қалада тұрғанына 13 жылдай болды. Оның айтуынша, “Аншей Шалом” - өзінің жаны жай табатын орын.

Б.ПИНХАСИ: “Біз мұнда әр демалыс күні, әрбір сенбіде келеміз. Аптаның ішінде біз мұнда кем дегенде не 3, не 4 рет келеміз, кейде – күн сайын келеміз... Бұл жерден Сіз барлық “ауған” еврейін көресіз, Сіз оларды салтынан сезесіз. Бұл тамаша ғой!”

Джонатан Абраһам (Jonathan Abraham) – “Аншей Шалом” синагогасының мүшесі. Оның ата-анасы Ауғанстаннан 1940-ыншы жылдардың соңында қоныс аударып келді. Өзі Италияда туып, Израильде өсті. Ол не дари, не пушту тілінде сөйлемейді, бірақ “Аншей Шаломға” апта сайын келеді. Дұғаны өзі еркін сөйлейтін иврит тілінде оқиды.

Джонатанның пікірінше, өз дінін еркін ұстануға болатын азат елде тұрғанда салт-дәстүрді сақтай білген де өте маңызды. Өйткені, ата-бабалардың небір қиындықты көрген замандарында қалыптасқан дәстүрлер ұмытылмауға тиіс. Джонатан Ауғанстанда тыныштық орнаған кезде осы елге барып қайтуды ойлайды. Бірақ, оның айтуынша, Ауғанстан - еврейлердің бүкіл әлемді шарлағандағы бір “аялдамасы” ғана болды.

ДЖ.АБРАҺАМ: “Израильден мыңдаған жыл бұрын қуылған еврейлер үшін Ауғанстан тек “аялдама” болды. Демек біздің шыққан тегіміз ауғандық емес, біз ол жақта тек аман қалдық. Біз елдің салт-дәстүрін, лидерлерін және патшасын сыйладық. Біз ол елде өткізген заманымызға дән ризамыз, ал қазір біз тіпті басқа елде тұрамыз”.

Джек Абрахам (Jack Abraham) – Ауғанстанда дүниеге келіп, 11-жасына дейін сонда тұрды, қазір “Аншей Шаломның” президенті. Оның айтуынша, “Аншей Шалом” – ауған еврейлерінің Америкадағы жалғыз синагогасы емес. Оған жексенбі сайын 30-40 адам келіп тұрады. Әйелдер, әдетте, құдайға құлшылық етуге жексенбі күні емес, басқа күні келеді.

Джектің әкесі Америкаға “Куинс” қалашығындағы осы синагога ашылмай тұрған 1969-ыншы жылы көшіп келді. 2001-інші жылы Ауғанстандағы Талибан билігі құлаған соң, Джек Абраһам Кабулдағы әбден тозған синагоганы жөндеуге жартылай ақша берді. Оның айтуынша, Кабулдағы синагоганың қараушысы Симанто АҚШ-қа қоныс аударғысы келмейді. Ол өз дінінің Ауғанстандағы ең ақырғы өкілі болып қалуды қалайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG