Accessibility links

Қазақстанда ВИЧ дертіне шалдыққандар саны еселеп өсіп барады


Қазақстанда жыныстық жолмен ВИЧ дертін жұқтырғандар саны соңғы 5 айда, өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда, екі есеге өскен. Бұл туралы сәрсенбі күні Астанада өткен үкімет жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің отырысында хабарланды. Ал Қазақстан парламенті сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев науқас болуы мүмкін адамдарды мәжбүрлеп тексеруді ұсынып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстан бойынша ВИЧ дертінің таралу көрсеткіші бәрінен Алматы қаласында көп екен. Мамандар дертке шалдыққандар арасында, әсіресе, жыныстық жолмен жұқтырғандар көбейіп келе жатқанын айтады. Соңғы 5 айда бұл көрсеткіш екі есеге өсіпті.

- Қазіргі кезде республика көлемінде 8218 ВИЧ жұқтырған адам тіркелген болса, осы кейінгі кезде жыныстық қатынас арқылы жұқтыру көбейіп отыр. Былтыр 8 пайыз болса, биыл 16 пайызды құрады, - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма бастығы Айтмұханбет Жолшаринов.

Ал, мамандығы дәрігер, парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышев бостандықта жүргендердің сыртында, соңғы 5 айда Әділет министрлігінің қарауындағы түзеу мекемелерінде ВИЧ жұқтырған 240 адам анықталғанын айтады. Ол сот жазасын өтеп жатқандарды дерттен қорғамаса, олар бостандыққа шыққан соң басқа адамдарға жұқтыратынын айтып, дәл сондай жағдай туберкулез дертіне қатысты болғанын еске салады.

- Ең өзекті болып отырғаны – қазірде түрмедегі мәселе. Оның ішінде нашақоры да, гомосексуал адамдар да бар. Оларды емдеу ісіне ерекше мән беру қажет, - дейді сенатор Тұтқышев.

Алайда елдің денсаулық сақтау министрлігінің басқарма бастығы Айтмұханбет Жолшаринов бұл салаға министрліктің араласа алмайтынын алға тартады:

- Бізге қарамайды, олардың өз жүйесі бар. Біз тек қана көмек көрсете аламыз. Бірақ, ішіндегі жұмыстарының бәрін тек өз адамдары атқарып, жұмыс істей алады.

Қазақстанда 2010 жылға дейін ВИЧ/СПИД дертімен күрестің республикалық бағдарламасы жасалған-ды. Бірақ, 5 облыста аймақтық бағдарламалар дайын еместігі айтылып отыр. Сенат депутаты Б.Тұтқышев әлгі бағдарламаларды өзгерту керек және ауру болуы мүмкін адамдарды мәжбүрлеп тексеру керек деп санайды. Қазақстан қылмыстық кодекстің 116 бабына сәйкес, егер қорғаныс тапшылығының қоздырғышын жұқтырды деп күдіктелген адамның кінәсі дәлелденсе, ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

- Біз қазір өз еркімізбен деп айтып жүрміз. Бірақ біз өз жағдайымызға қарап, халықаралық құжаттардағы уақытша арнайы шара деген сөз болады, сол сияқты қауіпті топтағы жезөкшелерді тексеруіміз керек: мейлі олар қаласа да, қаламаса да. Ресми түрде осы дертке шалдыққан 8 мың адам бар деп отырмыз. Бірақ, іс жүзінде олардың саны 25 мың адам ғой. Соның бәрін табуымыз керек, - дейді Б.Тұтқышев.

Оның айтуынша, Қазақстанның жақын көршілері Үндістан мен Қытайда ВИЧ жұқтырған бірнеше миллион адам бар. Сол жаққа демалуға барған қазақстандықтар індетті елге алып келуі мүмкін, дейді сенатор. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі А.Жолшаринов болса, кейбір қауіпті топ мүшелері онсыз да мәжбүрлі түрде тексерілетінін айтады.

- Біздегі бұйрыққа сәйкес, әртүрлі топтар қазіргі кезде мәжбүрлі түрде тексеріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына енгізулер жасалды. Соған байланысты, қазіргі кезде СПИД-пен ауыратын топтың шамасы көбейген. Сонымен бірге шетелден келгендер СПИД-ке тексеріледі.

Бірақ, «Азаттық» тілшісіне есімін айтқысы келмеген волонтер министрлік өкілі айтып отырған бұйрық мүлде жоқ дейді:

- Бұйрық емес ол. Кезінде алып тастаған. Бұған дейін біз, адам құқығын сақтауға байланысты, ВИЧ/СПИД дертімен ауыратын адам өзі келіп қаралса ғана емделе алады деген тәртіп енгіздік, соның кесірінен бізде аурулар саны көбейіп кетті. Жаңағы жезөкшелердің бәрін мәжбүрлі түрде тексерту керек.

Дәрігерлердің айтуынша, елде осы дертке шалдыққан барлық науқастардың 70 пайызы індетті есірткіні тамырға егу арқылы жұқтырған. Сенат депутаты Бексұлтан Тұтқышев нашақорлар бір инені пайдаланбас үшін оларға есірткінің баламасы саналатын «метадон» препаратын берген жөн деп есептейді.

- Әрине, бұл да есірткі, бірақ басқа амал жоқ. Егер бұған әділет министрлігі қарсы болса президентке хат жазу керек. Нашақор дегеніміз ол – ауру ғой. Оған да көмектесу керек. Түйеқұс сепкілді, басын құмға сұғып, түк білмегенсіп, бізде түк жоқ деп отыруға болмайды. – дейді сенатор.

Депутаттың бұл ұсыныстарына байланысты Үйлестіру кеңесінің мәжілісіне қатысқан әділет министрлігінің өкілі журналистерге пікір білдіруден бас тартты. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 5 айда Қазақстанда ВИЧ дертін жұқтырғандар саны өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 14 пайызға өскен.
XS
SM
MD
LG