Accessibility links

Еурокомиссияның сыртқы байланыс жөніндегі бас директоры Қазақстанға сапармен келді


Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропа Комиссиясының сыртқы байланыс жөніндегі бас директоры Ландабуру Энеко сәрсенбі күні Алматыдағы Еуропа Комиссиясы өкілінің резиденциясында қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Баспасөз мәслихаттың басында Л.Энеко сейсенбі күні Астанада Қазақстан басшыларымен болған кездесулерде энергетика және экономика мәселесін сөйлескенін айтты. Оның айтуынша, ЕуроОдақ өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Брюссельге жасаған ресми сапары қортындысында қол жеткізілген энергетика саласындағы келісімдер мен шешімдерді орындауға әзір және Қазақстан тарапынан Еуроодақ елдеріне энергоресурстарды қалай жеткізу мәселесіне қатысты алғышарттарды және міндеттемелерді талқылауға да дайын көрінеді.

«Еуропа Одағы энергетика саласында Орталық Азия елдерімен ынтымақтасуға, бірлесіп жұмыс істеуге дайын, бұл Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясының жасалуына түрткі болды, сондай-ақ осы уақыт ішінде Еуропа Одағына мүше елдер мен Орталық Азия елдері көптеген өзгерістерге ұшырады. Ол да жаңа стратегия қабылдауға әсер етті» деді ол.

Қазақстан экономика саласында Орталық Азия елдері арасында алға шыққанымен, осы экономиканы тұрақты дамыту үшін алдымен оны диверсификациялауы қажет болмақ.

«Ал бұл мәселеде Еуроодақ өзінің озық технологиясымен және басынан кешірген көптеген тәжірибесімен Қазақстанға көмекке келе алады» деді Л.Энеко.

Жуырда Ресей, Қазақстан және Түркіменстан үшеуінің Каспий теңізінің жағалауы арқылы газ құбырын салу жобасы туралы «Азаттық» тілішісінің қойған сұрағына Еуропа Комиссиясының жоғары дәрежелі өкілі Л.Энеко бұл жоба жайында әзірге нақты көзқарас-пікірдің жоқ екендігін, алайда бұндай келісімдер Еуроодақтың осы елдерімен энергетика саласында бұрын жасасқан келісімдерінің орындалуына қандай бір зиянын тигізбес деген сенімде екендігін айтты.

Л.Энеко сондай-ақ Қазақстан Конституциясына енгізілген жаңа өзгерістер жайында Еуропа Комиссияның Қазақстан басшылығымен талқылайтын тақырып болатынын айтумен шектелді. Ал Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты қандай бір пікір айтқысы келмеген Энеко «ол - осы елдің азаматы әрі өзінің ішкі мәселесі» деді.

Еуропа Комиссиясының жоғары дәрежелі өкілі Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009 жылы төрағалық ету мәселесіне қатысты сауалға алдағы қараша айында бір шешім болар деген жауаппен шектелді. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттер бұл мәселеде бір көзқарас, бір пікірге келе алмай отыр, яғни Қазақстанның төраға болуын қолдайтындар да, оған қарсы болып отырғандар да бар екенін айтты.

Сәрсенбі күні Еуропа Комиссиясының жоғары дәрежелі өкілі Л.Энеко Алматыда қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдардың жетекшілерімен де кездесті.
XS
SM
MD
LG