Accessibility links

Бұрынғы Совет Одағы елдеріндегі қартайып жатқан халықтар экономикалық дамуға қауіп төндіруі мүмкін


Шығыс Еуропа мемлекеттері мен бұрынғы Совет Одағында болған елдер теңдессіз пропорциядағы экономикалық дағдарысқа тап болуда, себебі олардың халқы бір мезгілде тез қартайып әрі азайып отыр. Дүниежүзілік Банк жариялаған жаңа баяндамада егер бұл аймақтағы үкіметтер тез арада реформаларды жүзеге асырмаса, онда бүкіл аймақтың экономикалық дамуы 2025-ші жылға дейін күрделі жағдайда тоқтап қалуы мүмкін деп ескертілген. «Азаттық» радиосы Дүниежүзілік Банктің экономист маманы әрі “Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет Одағындағы қартайып жатқан халықтардың үшінші өтпелі кезеңі” деп аталатын баяндаманың авторы Гордон Бетчермен сұхбат жүргізген еді.

«Азаттық» радиосы: Бетчермен мырза, жаңа баяндама Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет Одағы елдеріндегі жағдайдың өте күрделі екенін көрсетіп отыр. Бұл аймақтағы кей мемлекеттер әлі де жоспарлы экономикадан нарықтық экономика жүйесіне өтулерін аяқтауға ұмтылып жатыр емес пе?

Гордон Бетчермен: “Берлин қабырғасы құлағалы бері бұл елдердегі халықтар қазіргі демографиялық өзгеру арқылы осымен өтпелі кезеңнен үшінші рет өтіп жатыр. Алғашқы екеуі, әрине, саяси және экономикалық өтпелі кезеңдер болды: яғни коммунизм мен жоспарлы экономикадан демократия мен нарықтық экономикаға көшу кезеңі. Бұл баяндамада осы үшінші өтпелі кезеңнің, яғни демографиялық өзгерудің, алғашқы екеуі аяқталмай жатып, басталып кеткенін көрсетіп отырмыз”.

«Азаттық» радиосы: Бүгінгі таңда сәбилердің дүниеге келуі азайып кетті, ал адамдардың көбі қартайып жатыр. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

Гордон Бетчермен: “Әрине, мұның жақсы жағы да бар десе болады. Қоғамдар дамып жатқандықтан халықтар саны азаяды және ересек адамдар көбейеді. Шын мәнінде Батыс Еуропадағы көптеген елдердің демографиялық жағдайы Шығыс Еуропа мен бұрынғы Совет Одағы мемлекеттеріндегі жағдайға ұқсас. Адамдардың көбі қалалы жерлерге көшіп, көбірек ақша тауып жатқандықтан, сәбилердің дүниеге келу деңгейі азаяды, ал денсаулық жағдайы жақсы болғандықтан, адамдар ұзақ өмір сүреді. Осы факторлар біріккенде, халықтың қартаюына алып келеді”.

«Азаттық» радиосы: Осындай демографиялық өзгерістер бюджет жағынан алғанда үкіметтерге үлкен қысым жасайтын шығар?

Гордон Бетчермен: “Бұл өз кезегінде біз айтып отырған елдерге үлкен проблема тудырып отыр. Батыс Еуропа мен Еуроодақ елдері үшін де бұл күрделі жағдай деп есептеледі. Себебі үкіметтер халық қартайып жатса, зейнетақы мен денсаулықты сақтау жүйесіне кететін қаржыларды көбейту керек болады. Ал біз айтып отырған бұрынғы Совет Одағы елдері мен Орталық Азия мемлекеттері Батыс Еуропаға қарағанда аз ғана ресурстармен өздерінің демографиялық проблемаларын шешуге тиіс. Сол үшін зейнетақылары мен денсаулықты сақтау жүйесі онша дамымаған елдер үшін бұл үлкен проблема болады”.

«Азаттық» радиосы: Дүниежүзілік Банктің баяндамасында аймақтағы үкіметтер тезарада реформаларды жүзеге асырмаса, онда бүкіл аймақтың экономикалық дамуы 2025-ші жылға дейін күрделі жағдайда тоқтап қалуы мүмкін деп ескертілген. Осы орайда реформалар жайлы айта кетсеңіз.

Гордон Бетчермен: “Біріншіден, аталған елдердің үкіметтері алдағы 20 жыл ішінде халықтары қартайып жатқан уақытта елдің экономикасын одан әрі дамыту үшін бірқатар реформаларды жүзеге асыруға тиіс. Екіншіден, бұл проблеманы шешу мақсатында олар зейнетақы мен денсаулық сақтау жүйелерін жақсылап дамытулары керек. Егер бұл мемлекеттер қазірден бастап әрекет етпесе, кейін тым кеш болады”.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG