Accessibility links

Прокуратура «Караван» газетіне қатысты сотқа берген талабын қайтарып алды


Алматы қаласындағы Бостандық аудандық прокуратурасының талап арызы бойынша «Караван» газетіне қатысты Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соттың маусымның 20-сына деп белгіленген кезекті отырысы өткен жоқ. Себебі, Бостандық аудандық прокуратурасы «Караван» газетіне қатысты мамырдың 24-күні сотқа берген талабын қайтарып алған. Ал сол талапқа байланысты осыған дейін Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соттың судьясы Татьяна Белобродова «Караван» газетінің қызметін мамырдың 24-нен бастап 3 ай мерзімге уақытша тоқтату туралы сот анықтамасын шығарған еді.

Прокуратураның мамырдағы талабына «Караван» газетінде «Нұрбанк» төңірегіндегі жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық іске қатысты тергеу деректері жарияланып, істің объективті тексерілуіне теріс ықпал етіп отыр деген сылтау айтылған еді. Содан кейін «Караван» редакциясы «Нұрбанкке» қатысты ешқандай ақпарат-хабарды басылым бетінде жарияламауға әзір екенін білдіргеннен кейін, екі аптаға созылған үзілістен соң, апталық газет маусымның 8-күні қайтадан жарық көрді. Алайда, содан бергі уақыт ішінде, өзге басылымдар президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевке қатысты жанжалға ерекше мән беріп, жарыса жазып жатқанда, «Караван» газеті өзінің құрылтайшысы саналатын Рахат Әлиев төңірегіндегі дауға қатысты ешқандай ақпарат баспай келеді.

Сондай-ақ, «Караван» редакциясы мен заңгері прокуратураның өз талабын кері қайтарып алуына қатысты да қандай бір пікір бідіріп, ақпарат беруге құлықты болмай отыр. Бұл жайында сауал қойған «Азаттық» тілшісіне газет заңгері Айгерім Масатбаева барлық ақпаратты Интернеттегі caravan.kz сайтынан алуға болатынынан өзге ештеңе айтпады. Бірақ, аталған сайтты ашпақ болған әрекеттер сәтсіз аяқталды.

Алматы қалалық ауданаралық экономикалық соттың судьясы Татьяна Белобродова маусымның 21-күні «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесінде, «Караван» газетіне қатысты сот ісінің жабылғандығын, енді сот болмайтындығын растады.

Ал бұл уақытта қазақстандық тәуелсіз басылымдарда, «Караван» газетінің бас редакторы қызметіне осыған дейін мемлекеттік «Қазақ ақпарат агенттігі» ұлттық компаниясының президенті, ал оның алдында Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың баспасөз-хатшысы қызметін атқарған Жанай Омаровтың тағайындалуы мүмкін екені жайлы ақпарат шықты. «Караван» газетінің редакциясы әзірге бұл ақпаратты растаған да жоқ, жоққа да шығармады.

Қазақстанда сөз бостандығының ахуалына бақылау жасаумен шұғылданатын «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Қалеева «Караван» газеті төңірегіндегі бұл даулы мәселе оу басынан бастап заң шеңберінен шығып кеткенін айтады.

«Өйткені, жауапқа тартылушы жақ прокуратураның газетке қатысты арыз-талабын тіпті көрмеген, онымен мүлдем таныспаған. Енді барып прокуратура өзінің арыз-талабын қайтарып алыпты деген ақпарат, әрине, кімге де болсын сұрақ туғызады. Яғни, бұл мәселеде саяси мақсаттың заңнан да жоғары болғандығы байқалып тұр», - дейді ол.

Т.Қалееваның пікірінше, бұл мәселеде БАҚ мен ондағы журналистердің құқығы тек бұзылып қана қоймай, шығармашылық тұрғыдан шектеуге ұшыраған: енді газет әлі де осы басылымның меншік иесі болып саналатын Рахат Әлиев туралы және оның төңірегіндегі жағдайларды жаза алмайтын болды.

«Ал билік тарапынан осындай құқай көрген «Караван» газетінің соңғы сандарын ашып қарасаңыз, газетті шығарушы кімдер екендігі туралы ешбір ақпарат ала алмайсыз, яғни редакция алқасы деген орын бос тұр және газет редакциясының адресі, оның телефондары да көрсетілмеген. Мұның өзі Қазақстанның «БАҚ туралы» заңын бұзу болып табылады», - дейді Т.Қалеева.

Құрамына «КТК» телеарнасы, «Караван» газеті кіретін «Алма-медиа» холдингінің негізгі иелерінің бірі – Қазақстан президенті Назарбаевтың бұрынғы үлкен күйеу баласы, қазір үстінен қылмыстық іс қозғалып, Австрияның астанасында полиция бақылауында жүрген Рахат Әлиев, маусымның 8-күні «Алма-медиа» құрылтайшыларының бірі Андрей Шуховпен бірлесіп жариялаған мәлімдемесінде, медиа-холдингке кіретін кәсіпорындарды қайта тіркеу бойынша ешкімге құқық бермегенін, ондағы өз үлестерін сатпағандарын айтып, қазір Қазақстанда «Алма-медианы» қайта тіркеу әрекеті жасалып жатқаны өздеріне мәлім болғандығын хабарлаған-ды. Әлиев пен Шухов өздерін «жеке меншіктен айыру бойынша кез-келген әрекетті алаяқтық фактісі деп қарастыруды сұрап» сот арқылы өз құқыларын қорғауға тырысатындарын мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG