Accessibility links

«Кришна санасы» қоғамы мен жергілікті билік арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді


Алматы облысындағы «Кришна санасы» қоғамы діни бірлестігі мен Қазақстан өкіметі арасындағы жер дауына қатысты бейбіт келіссөздер тығырыққа тірелді. Бұл туралы бейсенбі күні «Кришна санасы» қоғамы өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл істі мемлекет тарапынан қадағалайтын Әділет министрлігінің діни мәселелер жөніндегі комитеті әрі қарайғы келіссөздер жүргізу ісінен бас тартқан. Алайда, діни мәселелер жөніндегі комитет төраға орынбасары «Азаттық» радиосына берген сұқбатында оны жоққа шығарды. Адам құқығын қорғаушылар болса, биліктің бұл мәселені шешуге талпынбайтындығын тілге тиек етіп, Кришна дінін ұстанушылардың діни негізде қуғын көріп отырғанын айтты.

Екатерина Беляева жарты жылдай уақыттан бері «Кришна санасы» қоғамына қарасты саяжай үйлердің бірінде дәлізде өмір сүріп жатыр. Себебі, былтырғы жылы қараша айында сот шешімімен оның әжесімен бірге тұрып жатқан үйі ең бірінші болып құлатылған еді.

«Біз сол кезде ештеңе жасай алған жоқпыз. Қазір бұзылмаған үйлерді көбірек паналап отырмыз. Менің баратын жерім болмағандықтан, дәлізде өмір сүрем. Бір үйде 7 адам тұрамыз. Ал маусымның 15-інде үйлерді қайта құлату салдарынан жағдай одан сайын ушығып, оған тосқауыл қою мүмкін еместігін көріп отырмыз. Енді қазір тұрып жатқан мемлекеттік актісі бар үй де құлатыла ма деп қорқам. Онда мүлде далада қаламыз. Кеше ғана біз баспанамыз бар, жағдайы тәуір адамдар едік, қазір біз тұрақты мекен-жайы жоқ қаңғыбастарға айналдық», - дейді Екатерина Беляева.

Алматы облысындағы «Кришна санасы» қоғамының төрайымы Галина Голоус жергілікті әкімшілік осы діни бірлестікті 2002 жылдан бері қудалап жатыр дейді.

«Көші-қон полициясы, прокуратура, санитарлық-эпидемологиялық станса, салық полициясы тарапынан тексерулер көбейіп, айына 40 тексеруге дейін жеткен. Заңсыз түрде құжаттарымыз тартып алынып, есірткі тасталынды. Бірақ, дәлел жеткіліксіз болғандықтан, ол іс қысқартылған. Біздің барлық кезеңде істі бейбіт түрде реттеуге тырысқан әрекеттерімізден ештеңе шыққан жоқ. Қарасай ауданы әкімі біздің қоғамды жоспарлы түрде жою әрекетін жалғастыруда», - дейді Галина Голоус.

Қазақстан билігімен келісімге келу бойынша барлық іс-әрекеттердің тығырыққа тіреліп, осы мәселені өкімет жағынан реттеуді мойнына алған Әділет министрілігінің Діни мәселелер жөніндегі комитеті енді бұл жұмыстан бас тартып отырғандығын хабарлады «Кришна санасы» қоғамының баспасөз-хатшысы Максим Вафоломеев.

«Жергілікті биліктің бізді осы жерден күшпен шығарғысы келіп отырғанын көріп отырмыз. Үйлерді құлату тоқтатылып, бізді онда тірі қалдырады дегенге еш кепілдік жоқ. Жақында дін мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Тоғжанов мырзамен телефон арқылы сөйлестік. Онда ол «Кришна санасы» қоғамы төңірегіндегі жағдай бойынша бейбіт келіссөздерді жүргізуден бас тартатындығын, өйткені, жергілікті билікке әсер ете алмайтындығын мәлімдеді. Яғни, біздің істі бейбіт түрде реттеуге тырысқан әрекеттеріміз тығырыққа тірелді», - дейді М.Варфоломеев.

Алайда, Діни мәселелер жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Аманбек Мұхашев мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, келіссөздер аяқталмаған, «Кришна санасы» қоғамы мүшелерінің жағдайын реттеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Жоқ, ондай айтылған жоқ. Оның бәрі - өтірік! Бәрі шешіледі. Оларға үш жер учаскелерін беру мәселесін Алматы әкімшілігі шешіп жатыр. Әрі үш ұсынысын берді: көріңдер, қараңдар деп. Сондықтан, олардың айтқаны дұрыс емес, - деді мемлекеттік орган өкілі «Азаттық» тішісіне маусымның 21-күні.

Алайда, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Рыскүл Жеңісбаева сол күні «Азаттық» радиосының сауалына жауабында ешқандай да бейбіт келіссөздер болмайтындығын, заңсыз алынған жерлер толық мемлекет құзырына қайтарылатындығын ескертті.

- Ешқандай да бейбітшілік ол жерде болмайды. Біріншіден, осы жерде қаншама жыл тер төккен ата-бабаңыздың жер пайына шаруа қожалығына алған жері бар ма екен? Жоқ па? Жоқ! Неге біз қазақтың жерін ұстаймын дегеннің қолына, тістегеннің аузына жұлмалатып қоя береміз?! Жер кодексінің 37-ші бабы бойынша олар жерді босатып кетулері керек. Бірнеше рет ескертулер берілді. Ал егер олар өздері кетпесе, ол жер заң бойынша құлатылуға жатқызылады.

Былтырғы жылы қараша айында Қарасай ауданындағы «Кришна санасы» қоғамына мүше адамдар тұрып келген 13 үй құлатылып, 40-қа жуық адам баспанасыз қалса, биылғы жылдың маусымның 15-і күні тағы 12 үй құлатылып, 10 діндәр тұрақты жерінен айырылды. Қазақстандық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы және Алматы Хельсинки комитеті Кришна қауымдастығы діни негізде қуғындалып отыр десе, Қазақстан үкіметі оны толық жоққа шығарып келеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG