Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.22.2007 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың бірі Газа секторындағы қазақ азаматы соғыс ошағын тастап кетуден бас тартқандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Алматының Бақай ауылындағы үйлерді бұзу үшін тағы да бульдозерлер барғандығына мән берсе, екінші бір басылым әнұран мәтіні жазылған арақ сусыны саудаға шыққандығына тоқталып өтіпті.

ҚР Парламент мәжілісі тараған соң жаңадан сайланатын төменгі палатаны кім басқаратындығы жөнінде болжамдар айтыла бастағандығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Мәжіліс қабырғасын жайлайтындардың ендігі жаңа толқыны бөлек бір тұрпатты болады деседі. Кеше мерзімінен бұрын қуылған халық қалаулылары қиялға құлаш ұрып, жаңа сайланатын Мәжілістің спикері кім болады деген сұраққа жауап іздегені бар» делінген мақалада. «Заң шығарушы биліктің бас қолбасшының дулығасын Александр Павлов киіп қалуы мүмкін деген сөз-болжам айтылып қалды» деп жазды «Айқын» газеті. «Қос шатырлы Парламенттің бір шатырының «құлауы» сенаторлардың ешкімге қарайламай-ақ өз қалауларынша заң қабылдауларына жол ашты. Бұрын егер сенаторлар келіспейтін баптар кездессе, келісімін алу үшін заң жобасын Жоғарғы палата төменгісіне кері қайыратын. Ал енді, жаңа регламентке сәйкес, оған еш қажеттілік болмай қалды» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

Қазақ әйелі Газа секторын тастап кетуден бас тартқандығы туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Екі баласы бар азамат отбасының шырқын бұзбау үшін сонда қалды» делінген мақалада. «Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың айтуынша, Газа секторында Қазақстанның 20 азаматы қалған, солардың арасында екі балалы ана ғана елге қайтудан бас тартты. Қазақстан елшілігі әскери қимыл ошағынан кеткісі келетін азаматтарды алып кету үшін Израильмен байланыс орнатты, бұл мәселе жақын күндері шешіледі. Бұған дейін 15 қазақ азаматы Газа секторынан шығарылған болатын» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Алматы маңындағы Бақай ауылына тағы да ауыр техника барғандығына «Караван» газеті тоқталып өтіпті. «Баспаналарды бұзуды көздеген бульдозерлер маусымның 21-күні таңертеңгі сегіздер шамасында Бақайға барды» делінген мақалада. «Өткен жылы ауыл тұрғындарының қарсылығына қарамастан сот орындаушылары мен қалалық әкімшіліктің қызметкерлерінен тұратын армия мұндағы 300-ден астам үйді бұзған еді. Қазіргі таңда олардың көбі қайта тұрғызылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұған дейін олар мемлекеттік шенеуніктермен күресіп келсе, енді құрылыс компаниясының өкілдерімен тіресуге тура келіп тұр. Екі жақтың алғашқы тіресі бақайлықтардың жеңісімен аяқталды: бульдозерлер кері шегінді. Алдағы күресте кімнің жеңіп шығарын уақыт көрсетеді» деп түйіндейді «Караван» газеті.

«Республика» газеті болса Шымкент қаласында қымыз фестивалі өтіп жатқандығына мән беріп өтіпті. «Саба» деп аталатын облыстық мерекеге аясында ең үздік сусынға байқау жарияланған. Озып шыққанына жылқы сыйға беріледі» делінген мақалада. «Сонымен қатар, ат әбзелдері мен қымыз тартылатын ыдысты жасаушы қолөнер шеберлері жарысып жатыр. Ал әншілер болса қымыз бен жылқы тақырыбындағы әндерімен байқауға түседі. Облыстық қымыз фестивалі бірінші мәрте өткізілуде. Алайда бұған дейінгі жылдары қымыз мерекесі Қазығұрт және Түлкібас аудандарында тойланған болатын» деп жазды «Республика» газеті.

Бұл уақытта әнұран таққан арақты, «домбыраға» құйып таратып жатқандығы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Сауда нүктелерінде «Домбыра» атты қорапталған арақ сатыла бастады. Барынша әспеттелген сыртқы қорабына қасиетті қара домбыра мен ұлттық киім киген қыз бен жігіттің суреті басылыпты. «Домбыраның» қорабын ашып, құмырасын көргенде жағамызды ұстадық. Құмырасының мойнына ілінген жапсырма қағазға Қазақстан Республикасының Әнұранын жазып қойыпты» делінген мақалада. «Құмыра ұлттық оюлармен өрнектеліп, дәл домбыраның пішініне ұқсас жасалыпты. Тіпті өндіруші компания ұлттық аспабымыздың екі ішегі, тиегіне дейін өрнектеп салуды ұмытпапты. Әрине, нарық заманында кім не өндірем десе өз еркі, заңда тыйым салынбаған кез келген өнімді базарға салып, бағын сынауға құқылы. Алайда "ҚР мемлекеттік нышандары туралы" заңда ҚР Әнұранын пайдалану тәртібі жазылған. Онда Әнұран мәтінін жеке адамдардың немесе мемлекеттік емес органдардың сауда және басқа мақсатта пайдалануына болады деген жолдар жоқ» деп түйіндейді «Айқын» газеті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG