Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.27.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Газа секторы аймағында тағы 30 қазақ азаматы қалғандығына мән беріп өтіпті. Сонымен қатар, газеттер Қазақстанда заңсыз жолмен әкелінген қымбат бағалы шетел көліктеріне тиым салынуы мүмкін екендігіне тоқталса, тағы бір басылым Қазақстандағы автомектептердің 70 пайызы жұмысын тоқтатқандығы туралы жазды.

Газа секторы аймағынан 15 қазақ азаматы шығарылғандығы туралы мақала «Время» газетінде жарық көріпті. «Тағы 30 азамат соғыс ошағын тастап кетуден бас тартып отыр» делінген мақалада. «Қазақстанның Израилдегі консулдығының бөлім бастығы Ермек Қатреновтың айтуынша, олардың барлығы отбасының жанында қалуды жөн көргендер. Алайда олар эвакуацияның екінші кезеңіне дейін бұл райынан қайтып қалар деген үміт бар. Қалған азаматтарды Газа секторынан шығару жұмысы осы жылғы маусым айының орта шамасына жоспарланып отыр. сонда тұрып жатқан қазақ азаматы Бақыт Бексұлтан Әбу-Сарияның айтуынша, Газа секторындағы жағдай әлі де қиын болып тұр. Келесі эвакуациядан қалмай елге оралуды жоспарлап отырмыз» депті Бақыт Бексұлтан «Время» газетіне берген сұхбатында.

«Айқын» газеті болса осы жылы Алматы қаласындағы құрылыс нысандарында 10 азамат мерт болғандығына тоқталып отыр. «Өткен жылы Алматы қаласында 112 төтенше жағдай тіркеліп, 25 адам мерт болса, жыл басынан бергі бес ай аралығында 10 жұмысшы көз жұмды» делінген мақалада. «Тиісті мамандардың өткізген тексеруі барысында біраз "әттеген-айлардың" бетін ашты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім бастығы Олег Карабуттың айтуынша, рейдтің жалпы қорытындысы арнайы сараптамадан кейін белгілі болады. Алайда құрылысшылардың сақтандыру құралдарымен қамтамасыз етілмегендігін айтпай кетуге болмас. Ең басты проблема – құрылысшылардың басым бөлігінің арнайы білімдері мен тәжірибелері жоқ. Яғни құрылысқа кәсіби білімдері бар адамдарды ғана тартып, маман дайындау мәселесін қатаң қолға алу қажет. Қалада ереже-тәртіпті, мемлекеттік нормативтерді бұзбайтын бірде-бір құрылыс компаниясы жоқ» депті Олег Карабут «Айқын» тілшісінің сауалына.

«Литер» газеті болса Қазақстанда қымбат шетелдік көліктердің заңсыз жолмен әкелінгендігі расталатын болса, онда олардың иелері көліктерінен айрылуы мүмкін екендігіне тоқталып өтіпті. «Жақында Алматы облысының кеден қызметкерлері көлікке қатысты кеден құжаттарын қолдан жасаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады» делінген мақалада. «Қылмыскерлер осы әрекеті арқылы үлкен көлемдегі салықты төлеуден жалтарып келген. Қымбат бағалы көліктің әрқайсысы 15-20 мың долларға тіркеледі екен. Қазіргі күні экономикалық қылмыс бойынша алты қылмыстық іс қозғалған, тағы 20 іс бойынша тергеу жүріп жатыр» деп түйіндейді «Литер» газеті.

Сонымен қатар, «Литер» газетінің тілшілері жол полициясы заңды көліктермен күрескенше, заңсыз көліктердің жолын неге кеспейді деген сұраққа жауап іздепті. Көлік саласының жұмысшылары кәсіподағының төрағасы Мұрат Машкеновтың пікірінше, өйткені бізде адамдар заңмен емес түсінікпен өмір сүреді. Заңдар қарапайым азаматтар үшін жазылады да, билігі барлар мәселені ақшамен шешуге тырысады дейді ол. Тәуелсіз көлік иелері одағы төрағасының орынбасары Григорий Кременецкийдің айтуынша, біздің шенеуніктер ақша түсетін жұмыспен ғана айналысқанды жөн көреді» деп жазды «Литер» газеті.

Осы жылғы тамыз айының 9-нан бастап Қазақстандағы көлік мектептерінің барлығы жол полициясы комитетінің рұқсатымен жұмыс істеуі керектігі «Время» газетінде баяндалыпты. «Қазіргі күні республика аумағында 1015 автомектеп бар. Олардың 70 пайызының жұмысы жол полициясының әрекетімен тоқтатылған. Нәтижесі көзге ұрып тұр» делінген мақалада. «Көлік жүргізу құқығын алу аса қиындап кетті. Оқу мерзімі де ұзартылды. Үш айлық курстардың өзіне Алматыда шамамен 30 мың теңге сұрайды. Оған қоса тәжірибеден өту үшін ақша төлеуің керек. Өткен жылғы баға мұнымен салыстыруға келмейді. Бұдан әрі қарай да төлем өсе беретін түрі бар. Автомектеп қожайындарының өздері де мұны жасырып отырған жоқ. Жол полициясы комитетіндегілер болса осы мәселеге қатысты заңдарға жаңа ережелер енгізілуі мүмкін екендігін айтып отыр. Алайда ол заңдарды қарайтын Парламент мәжілісіне сайлау тамыз айында өткізіледі. Соған қарап жақын күндері жаңа ережелердің қабылдануына үлкен күмән бар» деп түйіндейді «Время» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG