Accessibility links

Талибандықтарға қару-жарақ Ираннан келетіні анық, бірақ кімнен екені дәлелденбей отыр


Ауғанстан батысында талибандықтарда табылған қару-жарақ Ираннан келді деген мәліметті Америка Құрама Штаттары да, НАТО ұйымы да, Ауғанстан үкіметі де дәйектеп отыр. Бірақ қару-жарақты талибандықтарға дәл Иран үкіметі жолдады дегенге дәлел жоқ. Тәуелсіз сарапшылар болса талибандықтарға қару-жарақты Иран үкіметінің жіберіп отыруы әбден мүмкін дейді.

АҚШ және Британия ресми өкілдері "Талибан" жауынгерлеріне қару-жарақ Иран тарабынан келіп жатыр дейді. АҚШ қорғаныс министрі Роберт Гейтс қару-жарақ контрабандасына Иран үкіметі тікелей атсаласады дегенге дәлел жоқ дейді. Роберт Гейтс талибаншылар қару-жарақты қылмыс топтарынан сатып алады, бұған есірткі саудасынан түскен қаражатын жұмсайды дейді. Талибаншыларға қару-жарақты Иран үкіметі әдейі жібереді дегенмен Ауғанстан президенті Хамид Қарзай да келіспейді. НАТО-ның өкілі Джеймс Апачурай да осындай пікір айтады:

- Халықаралық бітімгершілік жасағы мен халықаралық күштер Ауғанстанда тапқан қару-жарақ Ираннан келген сияқты, НАТО-ның көзқарасы осы тұрғыда қалып отыр. НАТО мен Халықаралық бітімгершілік жасақтың көзқарасынан қарағанда солай. Бірақ бұған Иран үкіметі белсенді араласады деген қортындыға негіз болатын барлау мәліметтері бізде жоқ.

Дегенмен, ресми өкілдерге қарағанда "Азаттық" радиосына пікір білдірген сарапшылар талибаншыларға қару-жарақты, қаржы-қаражатты Иран үкіметі тікелей беріп жатқан сияқты дейді. Қайыр қаласында орналасқан "Әл-Ахрам" Саяси және стратегиялық зерттеу орталығының Таяу Шығыс сарапшысы Имам Джад Иран үкіметі барлық аймақтағы жаугерлерге көмек беріп отырған сияқты дейді:

- Иран "Хамас" қозғалысымен қатынас жүргізеді, аймақтағы көзқарасын Газа мәселесімен өлшейді. Батыс елдерімен келіссөз жүргізгенде ядролық бағдарламасын жүргізе беру мақсатында да Иран осыны пайдаланады. Иран Газа мәселесіне шынында да араласып отыр. Иран "Хезболла" арқылы Ливанға да араласып отыр, Иран Ираққа да араласып отыр, Иран мен Сирия арасында қатынас тығыз.

Ауғанстандағы бүлікті Иран үкіметі қоздырып отыр деген пікірді Ахмед Рашид деген пәкістандық сарапшы да айтып отыр. Ахмед Рашид "Талибан" деген кітап жазған. Ахмед Рашид Ауғанстандағы дала қолбасшыларға және "Талибан" жауынгерлеріне Иран атсалысып жатыр, бұған сенімдімін дейді:

- Арасында "Талибан" сияқты Ауғанстандағы түрлі құрылымдарға қаржы-қаражат пен қару-жарақ жөнелтуге соңғы жылдары Иранның араласып отырғанына күмәнім жоқ. Иран Ауғанстан батысындағы қолбасылардың көпшілігімен және қысқа мерзімді дала қолбасшылармен көптен бері қатынас құрып келеді. Иран Ауғанстандағы қақтығыстың барлық тараптарына атсалысып жүр деп ойлаймын. Ауғанстан батысында белсенді болып жүрген пуштундарға да, пуштун еместерге де Иран ақша төлеп келеді. Ирандықтар америкалықтар туралы "олар бізді Ауғанстан батысы арқылы бүлдіргісі келеді деп ойласа", олардың агенттерінің мұнда белсенді болып жүруі әбден мүмкін.

Ауғанстан батысында табылған қару-жарақ Ираннан шықты деген дәлел "Азат Ауғанстан" радиосынан да түсіп отыр. Радио тілшісі Шарафудин Станикзай Иранда өндірілген қару-жарақты сүретке түсіріп алды. Қару-жарақтың арасында жерге қойылатын миналар бар, Иранда өндірілген киім-кешек бар. Қару-жарақты Иран шекарасының маңында жүрген жаугерлер пайдаланған. Ауғанстанда жол бойына қойылатын бомбалар Иранда өндірілген деген мәліметті осы айдың басында НАТО-ның бас хатшысы Яап де Хооп Схеффер айтты. Иран үкіметі Ауғанстан, Ирақ, Ливан мен Палестинадағы жаугерлерге ешқандай әскери көмек көрсетпейміз деп келеді. Бірақ Иран "Хамас" пен "Хезболла" топтарына саяси, моральдық және гуманитарлық көмек көрсетеміз деп мойындайды.
XS
SM
MD
LG