Accessibility links

Бірыңғай ұлттық тестілеу: жоғары балл білім күшімен алынды ма, әлде ақшаға ма?


Оңтүстік Қазақстан облысында бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқандар биылдан бастап мемлекеттік құпияға жатқызылған дұрыс жауаптар кодын пайдаланған. Бұл ақпаратты «Азаттық» радиосына Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стандарт және тестілеу департаментінің директоры Исатай Сағындықов растады. Бұған дейін хабарланғандай, осы облыста Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлгіндей код сату оқиғаларын анықтап, қылмыстық іс қозғады.

Оңтүстік Қазақстан облысында бірыңғай ұлттық тестілеудің биылғы орташа балы өткен жылғы көрсеткіштен едәуір артық болып шықты. Отырар ауданында тестілеуге сынағына қатысқан оқушылардың үштен екі бөлігі 100 балдан артық жинады. Облыстық білім департаментінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы облыс бойынша орта балл 64 болса, биыл 76-ға көтерілген. Ал «Алтын белгі» иелері өткен жылғы көрсеткіштен биыл екі есеге жуық артып, Оңтүстік Қазақстан облысында 384 мектеп түлегі осы марапатқа ие болыпты. Салыстырар болсақ, өткен жылы олардың саны 211 болатын. Ең жоғары көрсеткіштер бұған дейін ерекше білімділік деңгейін көрсетпеген аудандарда тіркеліп отыр.

Биыл Отырар ауданында бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысқан 772 оқушының 500-і 100 және одан да жоғары балл жинаған. Астана мектептерінің Ата-аналар комитетінің мүшесі Зүлқия Аманшаева бұл оқиғаның түбі шикілеу деп санайды:

- Ол мүмкін емес – түлектердің бәрі бірыңғай ұлттық тестілеуді жақсы тапсыру деген. Бәрібір мектеп болған соң, біреуі жақсы оқиды, біреуі орташа, біреуі тіпті нашар оқиды. Ал бір түннің ішінде барлығы білімдерін жақсартып, сынақты олайша жақсы тапсырғанына мен сенбеймін.

Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу департаменті биылғы бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде дұрыс жауаптар кодын сатуға байланысты анықталған екі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның бірі Шымкентте, екіншісі - Сарыағашта тіркелген. Бір оқиғада ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері 10 мың долларға 5 мыңға жуық кодты сатып алса, екінші оқиғада сатушы сатып алатын адамдарды іздеп жүргенде ұсталған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлттық тест сынақтарын тапсыру барысында 34 талапкер әлгінде жолмен алынған дұрыс жауап кодтарын пайдаланған деген күдікті зерттеп-тексеріп жатыр. Ал оны сатқан адамдар әзірге іс бойынша куә ретінде өтіп отыр. Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стандарт және тестілеу департаментінің директоры Исатай Сағындықов бұл оқиғаларға байланысты тергеу бітпейінше толық ақпарат бере алмайтындығын айтты «Азаттық» тілшісіне:

- Бұл мәселе бойынша қазір тергеу жүріп жатыр. Сондай код сатқан адамдар бар дейді, сол адамдар ұсталды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Қалай, не себептен болғанын мен айта алмаймын.Мен қандай ақпарат айтсам да ол дәл болмауы мүмкін. Жалпы, тергеу аяқталғанша, ол кодтардың қалай жұрттың қолында жүргені жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Былтыр осындай тестілеуден өткен Қостанай қаласының тұрғыны Әйгерім Сабырәлиева тест сынағы өтіп кеткеннен кейін, бір нәрсені дәлелдеу қиынға соғатынын айтады.

- Біз былтыр тест тапсырғанда бізге тестке ұқсас сұрақтары бар кітапшаларын сатқан. Бұл жолы дайын кодтар сатты деп естідім. Бірақ та оны дәлелдеу өте қиын. Өйткені, тесті тапсырғаннан кейін ата-аналар өз балаларының білімі жоқ деп айтпау үшін жасырады. Мектеп түлектері де жоғары балл алсам алған шығармын деп, олар да айтпайды.

Астана қаласындағы №34 мектептің ұстазы Зурә Олжабаева биылғы оқиға қалғандарына сабақ болуға тиіс деген байлам жасайды:

- Мен білімді балалардың барына сенемін, олар 100-120 балл алуы мүмкін. Бірақ, бірыңғай ұлттық тестілеу құпия болу керек! Ал биыл бір жерден ақпарат шыққанға ұқсайды. Меніңше, бұған кінәлі кісілерді тауып, жазалау керек. Себебі, бір бала бар ынтасымен дайындалып 80-90 балл алса, енді біреулер еш дайындықсыз, әке-шешесіне, ақшаға сеніп 100-120 балл алып жатуы дұрыс емес деп санаймын. Сондықтан, әлгіндейлер бұл жолы жазаланса, келесі жолы қайталанбайтын шығар.

Биыл Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірыңғай ұлттық тестілеудің дұрыс жауаптарының үлгісін таратып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың құрықталғаны жайында хабарлаған болатын. Тұтқындалған адамдарда дұрыс жауаптар жазылған қағаздар және электронды құралдар табылған. Сонымен қатар, олардан Алматының түрлі жоғары оқу орындарында тест тапсыратын талапкерлердің тізімі, олардың төлқұжаттары мен тестілеуге кіретін рұқсат қағаздарының көшірмелері алынған. Қолға түскендерден тест сұрақтарына дұрыс жауаптарды талапкерлерге сату үшін алдын ала алынған көп көлемде қаржы табылды деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG