Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.30.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар Испания королі Хуан Карлос 1-дің Қазақстанға сапары жайында жарыса жазыпты. Ал енді бір газеттер Қытайдан сатып алынған поезд вагондарының адам денсаулығына үлкен зиян келтіретіндігі туралы мақала жарияласа, бірқатр басылымдар Ақбақай кен байыту комбинаты жұмысшыларының 4 айдан бері жалақыларын ала алмай, наразылық шеруіне шыққандығына тоқталған.

Испания королі Хуан Карлос 1-дің Қазақстанға іс-сапармен келіп, Ақ ордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескендігі және бұл кездесудің астарында үлкен саясаттың жатқандығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. Онда «Жалғыз патшасының ғана емес, испан елінің бүкіл басшылығының достық пейілін қазақ елі үнемі сезініп келеді. Бұл ел біздің бастамашылығымыздағы барлық ірі шараларды жүзеге асыруда ынта-шынтасымен демеп келеді. Осы жолы да олар Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына 2009 жылы төрағалық етуде тек қана Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындарын тағы да шегелей түсті. Еліміз үшін үлкен сын болар осы сайлау биылғы жылдың соңында Мадридтте өтпек. Демек, Испания патшасының осы сапарын сол үлкен дода алдында Қазақ еліне дем бере келуі деп те ұғынуға болатындай» деп жазады «Айқын». Мұнан бөлек басылым екі елдің бір-бірінен шалғайда жатқандығына қарамастан, Қазақстанның Испаниямен саяси да, экономикалық та ынтымақтастығының өте жақсы дамып келе жатқандығына мән берген.

Ал «Литер» газеті Испання королінің бұған дейін 2004 жылы Қазақстанға келіп, біршама таныс болғандығын, ал осы жолы королдің қазақ халқының салт-дәстүрімен кеңірек танысу үшін арнайы келгендігін жазған. Газет келтіргендей, Хуан Карлос 1 Астананың бірқатар мәдени орталықтарын аралауды жоспарлапты. Мұнан әрі газет екі елдің қарым-қатынасы ашытқының ашуындай тез дамып келе жатқандығын, бірақ әлде де көп салаларда бірігіп жұмыс істеудің қажет екендігін жазған.

Қазақстанның Қытайдың адам денсаулығына қауіпті вагондарды кіргізгендігі туралы жазған «Время» газеті өз мақаласын Қазақстанның Бас санитар дәрігері Анатолий Белоногтың сұхбатынан бастапты. Онда Анатолий Белоног мамыр айында әкелінген вагондарды сараптамадан өткізу нәтижесінде олардың Қазақстанның санитарлық-эпидемиологиялық нормаларына сай келмейтіндігін айтқан. Бас дәрігердің сұхбатында, сондай-ақ, 5 рет сараптама өткізілгені, бірақ сол бір фактілердің қайталанып отырғандығы, вагондардың даңғырлар мен вибрациялардан қорғалмағандығы, ал вагондағы зиянды химиялық қосылыстардың мөлшерден 100 немесе одан да көп асып кеткендігі келтірілген. Қысқасы, газет Анатолий Белоногтың мұндай вагондарды елге кіргізу мен пайдалануға үзілді-кесілді қарсы екендігін, алайда мұндай шешімге «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының президенті Ж.Күлекеев мырзаның қосылмай отырғандығын ашып көрсеткен.

Сондай-ақ, «Айқын» газеті сенбі күнгі санында Жамбыл облысындағы Ақбақай кен байыту комбинатының мыңнан астам кеншісі наурыз айынан бері жалақыларын ала алмай, аш отырғанына тоқталады. Газеттің хабарлауынша, айлап тапқан жалақылары қолдарына тимеген кен байыту комбинатының жұмысшылары наразылық білдіріп, ереуілге шығып көрген. «Жұмысшылар орындарын тастап кетеміз деп те қорқытты, бірақ ешқандай нәтиже болмады. Мұңдарын ешкімге тыңдата алмай, шарасы таусылған кеншілердің ойына ереуілге шыққаннан басқа ештеңе келмеген. Тек жергілікті органдарың көтеріліс жайында жергілікті прокуротураға шағымданғанынан кейін ғана іс алға басқан. Қазір Мойынқұм аудандық прокуратурасы кәсіпорын басшылығына қарыздарын өтеу туралы ескерту қағазын тапсырды, енді комбинат әкімшілігі жұмысшыларға 100 миллион теңгеден асатын қарыздарын 1-2 күнде өтейтіндігін уәде етті» дейді «Айқын» газеті.

Сондай-ақ, «Айқын» газеті осы санында Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл бойы ес-түсінен айрылып, жансыз жатып босанған әйелдің таңғажайып оқиғасы туралы мақала жариялапты. Онда бұдан алты ай бұрын ішінде 1 айлық баласы бар әйелді абайсызда жеңіл көлік қағып кетіп, жас әйелдің ұзақ уақыт комада жатса да жақында дені сау баланы дүниеге әкелгені жазылған. «Дүниеге нәрестені әкелген соң, ес-түссіз жатқан ана да есін жиып, өз-өзіне келген екен. Дәрігерлер қауымы тарихта болмаған, тосын жайт туралы жарыса әңгімелеп жүр. Қол-аяғын бауырына алған Ш.Қырықбаева қазір Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментіне хат жолдап, өзінің ес-түссіз жатып, дүниеге сәби әкелгені жайлы мәліметті әлемдік рекордтар кітабына енгізуді сұрап отыр» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG