Accessibility links

«Ақпараттық бастама» қоры халықтың компьютерлік сауаттылығына зерттеу жүргізбек


2007-2009 жылдарға арналған «Ақпараттық теңсіздіктің деңгейін азайту» бағдарламасының жүру барысын енді, осы үшін арнайы құрылған «Ақпараттық бастама» қоры қадағалайтын болады. 3 шілде күні осы жайында мәлімдеген аталған қордың атқарушы директоры Михаил Тюнин қорды мемлекетке қарсы қоймау керек, керісінше, біз мемлекетке көмекші ретінде жұмыс істейміз деді.

3 шілде күні «Ақпараттық бастама» қоры атқарушы директоры Михаил Тюнин 2007-2009 жылдарға арналған Ақпараттық теңсіздік бағдарламасының дұрыс жүзеге асуын қадағалау мақсатымен, осы үшін құрылған өз қорының халықпен, көптеген мемлекеттік мекемелермен бірігіп жұмыс істейтіндіктерін мәлімдеді.

- Біз бағдарламаның дұрыс орындалуы үшін мониторинг жүргізіп, осы салаға аударылып жатқан қаржының тиімді, ашық жұмсалуын анықтап отырамыз. Осы арқылы бағдарламаның қаншалықты сапалы жүріп жатқаны белгілі болады. Біздің мақсатымыз бағдарламаны орындаушыларға күнделікті жұмыс барысында кездесетін немесе кездесуі мүмкін тәуекелдерді айтып, көмек көрсету. Біздің жұмыстарымыздың барлығы да сайтымызға шығып отырады. Қысқасы біздің жобамыз серіктес жоба болады, - дейді Михаил Тюнин.

Оның айтуынша, мониторнг жүргізіп отыруға 4 үкіметтік емес ұйымның өкілдері мен өзге аймақтардан да адамдар тартылмақ. Олар Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласындағы бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалайды. Ал «Электронды үкімет» бағдарламасының жүру барысына Михаил Тюнин өз қарасын былайша білдіреді.

- Биыл осы бағдарламаның 1-ші кезеңі аяқталды. Бұл кезең электронды үкіметтің инфрақұрылымын құруға арналды. Жалпы бағдарламаның мақсаты Қазақстанда ақпараттық қоғам құру. Ал ол үшін кем дегенде халықтың компьютерлік сауаты болуы керек. Жалпы бағдарламаның барысына қанағаттанарлық деген баға беруге болады, - дейді Михаил Тюнин.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жетекшілерінің бірі Әміржан Қосанов билік тарапынан жасалып жатқан іс-әрекеттерге халық тарапынан бақылаудың болуы дұрыс деп есептейді.

- Мен осы күнге дейін премьер-министрлердің үкімет қабылдаған бағдарламаларды қадағалады дегенді естігенім жоқ. Сондықтан үкімет өзі жасаған бағдарламаларға тиісті бақылау жасай алмайды. Көбіне, жауапты шенеуніктер жұмыстың нәтижесіне қарамастан, есебін өткізе салады. Сондықтан бұл жерде тәуелсіз бақылау керек, - дейді Әміржан Қосанов.

2007-2009 жылдарға арналған «Ақпараттық теңсіздіктің деңгейін азайту» бағдарламасына мемлекет тарапынан 15 миллиард теңге жұмсау көзделген. Осыған сай 2009 жылы бүкіл халықтың 20 пайыздан астамы компьютерлік технологиялар мен мен Интернет желісінің тұрақты қолданушысы болуы тиіс. Ал 2006 жылы бұл көрсеткіш 2,7 пайызды көрсеткен.
XS
SM
MD
LG