Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.05.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің үстінен қозғалған қылмыстық істердің тізімін жариялапты. Сонымен қатар, газеттердің бірі министрлер «нұрланып» жатқандығына мән беріп өтсе, тағы бір басылым басқару тұтқасы ауыстырылған көліктердің қауіпсіздігіне кім кепіл деген сұраққа жауап іздепті.

Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің үстінен ҚР қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылғандығы туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Рахат-гейт» деген айдармен басылған материалда Рахат Әлиевке тағылған барлық баптар рет-ретімен көрсетілген. Атап айтқанда «қылмыстық топ құрғаны үшін», «адам ұрлау», «қорқытып алушылық», «өзгенің мүлкіне қол сұғу», «алаяқтық» және «ұрлыққа» қатысты Қылмыстық кодексінің алты бабы бойынша айып тағылған». Сонымен қатар, мақала авторы бұл тізім тағы да ұзара түсуі мүмкін екендігін ескертіп отыр. «Егер Нұрбанктің топ-менеджерлері тірілердің қатарында болмаса, онда «адам өлтіру» қылмысын қарастыратын бап қосылуы мүмкін» деп жазды «Время» газеті.

«Комсомольская правда: Казахстан» газеті болса Шымкентте дәрігерлер өз еркімен жұмыстарын тастап кетіп жатқандығына тоқталып өтіпті. «ВИЧ инфекциясының жаппай таралу оқиғасына қатысты істі қараған соттың үкімі аймақтағы денсаулық сақтау жұмысына соққы болып тиюі мүмкін» делінген мақалада. «Қазірдің өзінде бала реаниматологиясының 15 дәрігері жұмыстан кету туралы арыз жазып қойды. Ал облыста бала дәрігерлерінің тапшы. Жұмыстан кету туралы бастаманы басқа да дәрігерлер қолдап жатса, онда аймақ тұрғындарын емдейтін адам қалмайды» деп дабыл қағады «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

«Литер» газеті Қазақстанда басқару тұтқасы оң жағында орналасқан көліктер қайта өңделе бастағандығына мән беріп өтіпті. «Мемлекет басшысы маусымның 7-күнгі интернет-конференцияда сөз болып отырған көліктер тозығы жеткенше қолдануы мүмкін екендігін айтқанына қарамастан мұндай көлік иелері басқару тұтқасын ауыстырғанды жөн көреді» делінген мақалада. «Қазіргі күні 600-ге тарта көлік қайта өңделіпті. Ал мұндай жұмысты атқаруға 27 мекеме ниет білдіріп отыр. Алайда басқару тетігі қайта өңделген көліктің қауіпсіздігіне кім жауапты?» деген сауал тастап отыр «Литер». Сәтпаев атындағы ҚАЗҰТУ оқытушысы Нұртай Сыздықбековтың айтуынша, басқару тетігін ауыстырудың арты жақсылыққа апармайды. Әлемдегі ғалымдар көліктің барынша қауіпті болуы үшін оның әрбір бөлшегін дұрыс орналастыруға тырысады. Ал енді басқа тетігін ауыстыру жағдайында бастапқы конструкцияның тұтастығы бұзылады» депті ғалым Нұртай Сыздықбеков «Литер» газетіне берген сұхбатында.

Басқа да басылымдар Қазақстандағы сайлау науқанының барысына ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, «Тасжарған» газеті министрлердің шетінен «нұрланып» жатқандығынан сүйінші сұрапты. «Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев, Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Келімбетов іспетті «үш алып» «»Нұр Отан» партиясының қатарынан табылып, «нұрланып» қоя берген еді, енді олардың соңынан ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова, мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев, ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов те «нұрға» бөленді. Назарбаевтың өзі партияның тізгінін алғаны тіпті жақсы. Ендігі талапкерлер президенттің өз қолымен «нұрланатын» болады» деп жазды «Тасжарған» газеті.

Ал «Жас Алаш» газеті болса телесайысқа кім дайын деген сұраққа жауап іздеп отыр. «Мемлекет басшысы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының төрағасы болуына құқығы бар екендігін хабарлады. Айта кететіні, бұрынғы Конституция бойынша президент қандай да бір партияның төрағасы бола алмайтын-ды» делінген мақалада. «Орталық сайлау комиссиясы сайлауалды үгіт науқанында партия атынан түсетін үміткерлер арасында телесайыстың болатынына уәде берді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Ж.Тұяқбай осы телесайысқа тас-түйін дайын отыр екен. «Телесайыстың өткені дұрыс. Біз барлық партиялардың жетекшілері телесайысқа қатысуын талап етеміз», - деді Ж. Айтбайұлы. Бұған дейін Ж. Тұяқбай президенттік сайлауға түскен кезінде басты қарсыласы Н.Назарбаевты алғаш рет телесайысқа шақырған еді» деп жазды «Жас Алаш» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG