Accessibility links

Қазақстанда ұнды байытуды міндеттейтін заң талабының өзгертілінуіне ЮНИСЕФ қоры алаңдаушылық білдірді


Қазақстанда қабылданбақшы «Тағамдардың қауіпсіздігі туралы» заңнан алдағы уақытта ұндарды жаппай фортификациялау, яғни темірмен байыту туралы талап алынып тасталды. Бұған БҰҰ Балалар қоры - ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдігі алаңдаушылығын білдіріп отыр. Халықаралық ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда «әйелдерінің 45 пайызы анемияға шалдыққан ұлт үшін ұндарды темірмен байыту ем үшін пайдалы бірден-бір шара» болмақ. Бірақ Қазақстан парламентінің депутаттары «ұндарды жаппай темірмен байыту - халықтың тұтыну құқығын шектеу боп табылады» деп санайды.

Қазақстан парламенті 2004 жылы қабылдаған заңда ұндарды фортификациялау бекітілген болатын. Ал 2005 жылы үкіметтің арнайы № 708 қаулысымен ұндарды фортификациялауды міндеттелген-ді. Бірақ енді биыл парламент қабылдамақшы «Тағамдардың қауіпсіздігі туралы» заңда ұндарды міндетті түрде темір және фолий қышқылдарымен байыту талабы алынып тасталмақ. Бұған БҰҰ-ның ЮНИСЕФ қоры өз алаңдаушылығын білдіріп отыр.

Аталған қордың баспасөз хатшысы Сұлтан Құдайбергенов заң жобасын қабылдайтын сенат пен президент халықаралық ұйым тарапынан айтылып отырған ұсынысқа көңіл аударар деген үмітін әлде де үзбей отыр.

- Себебі, ұндарды фортификациялау елде бала көтерерлік әйелдердің арасында кең етек алған анемия ауруына қарсы бірден-бір ем. Ал Қазақстан әйелдерінің 45 пайызы осы анемия ауруына шалдыққан. Бұл тәжрибе әлемнің көптеген елдерінде іске асырылған жоба, - дейді ЮНИСЕФ өкілі.

Бұл пікірді Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық бақылау бөлімінің жетекшісі Бақыт Тлеубекова да қостайды:

- Біз бұны айтып үкіметке де, бәріне хат жазып жатырмыз. Ол норманың алынып тасталуына Ауыл шаруашылығы министрлігі мұрындық болып отыр. Солар президентке хат жазған соң президент заң жобасына вето қойды. Ал біз енді ол норманы «Денсаулық туралы» заңға енгізу арқылы іске асырсақ деп отырмыз, бірақ қазір ойланып жатырмыз. Шындап келгенде, ұлт үшін денсаулық - бірінші орында, одан соң пайда, ақша-мақша екінші орында болуы керек. Бірақ, кейбір мүдделі топтар біздің жолымызды кес-кестеп бөгеді. Кәсіпкерлер «халықта таңдау құқығы болсын» дегенді алға тартып отыр. Білмеймін, бәлкім біреулер соған мүдделі шығар...

Қазақстан тағам институты директорының орынбасары Игорь Цой да «бұл норманың, яғни ұндарды байыту нормасының заңнан алынып тасталынуы халық денсаулығына әсер етеді» деп отыр.

Ал осы норманың заңнан алынып тасталуына себепкер болған сенат депутаты Тасбай Симамбаев өз тұжырымын былай деп жеткізді:

- Әр адамның денсаулығы әртүрлі. Біреуге йод керек, ал біреулерге оның керегі жоқ. Сондықтан, әр адамның өзінің құқығы бар – таңдап алсын. Ал бүкіл Қазақстан халқына химия қосқан нан жегізуге болмайды. Екіншіден, үлкен монополистерден басқа , әр ауылда кішкентай диірмендері бар. Ол диірмендер милиондаған ақша тұратын әлгі фортификация жасайтын жабдықтарды сатып ала алмайды. Тіпті, алғанның өзінде фортификация жасаған соң нанның бағасы көтеріледі. Үшіншіден, алдағы уақытта біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмекшіміз, сондықтан біз сол ұйымның стандарттарына кіруіміз керек. Оған қоса, нанның ішінде ағзаға қажетті барлық заттар бар, сондықтан оған химия қосудың еш қажеті жоқ. Төртіншіден, әлгі айтып жатқан анемия, т.б. ауруларды бұл тәсілмен жеңуге болмайды. Оларға жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз етіп, толыққанды ас ішуге жағдай жасау керек. Ал егер таңертең - шай, түсте - шай, кешке - шаймен жүрсе, әрине, анемия болады.

Мамандардың айтуынша, ұнды фортификациялау тәсілі әлемде АҚШ, Канада, Қытай секілді және т.б. елдерде пайдаланылатын тәжірибе екен. Қазақстанда әзірге ұнды байытумен 16 ірі диірмен айналысады. Мамандар келешекте Қазақстан рыногында фортификацияланған ұндармен қатар таза, ешқандай қоспасыз ұндар да сатылады дейді.
XS
SM
MD
LG