Accessibility links

Имамның ұсталғанына қарамастан, Қызыл мешіттегі қарсылық әлі жалғасуда


Пәкістан астанасы Исламабадтағы Қызыл мешітті қоршауға алған үкімет радикалды басшы-имамды қолға түсіру арқылы шешімді бір қадам жасады. Алайда мешіт ішінде әлі де берілмеген жүздеген адам қалып отыр.

Пәкістанның қауіпсіздік күштері кеше таңертеңгісін Исламабадтағы Қызыл мешітті қоршау барысында ескерту ретінде жарылыстар жасап, көзден жас ағызатын газ жібереміз деген болатын. Талибандық бағыттағы Қызыл мешітте үкіметтік күштер мен полиция күні бойына жалғасқан шайқастарда 16 адам қаза тауып, 150-дей кісі жарақат алды деген еді. Мешіт сейсенбіден бері қоршауға алынған болатын.

Қызыл мешіттің діни жетекшілері көптеген айлар бойына биліктің бұйрығына мойынұсынбай, студенттерін өздері кемшілік деп білетін жайттарға қарсы күресетін науқандарға жіберіп келген-ді. Олар полиция қызметкерін тұтқынға алып, балалар кітапханасы мен жергілікті музыка, видео дүкендерінің иелеріне қауіп төндірген болатын.

Міне осының барлығы да экстермистер ортасынан алыста делінетін Пәкістан астанасында орын алып жатқаны президент Первез Мүшаррафтың үкіметінің тынышын алып, мазасын кетірді. Көп ойланып барып үкімет экстремистерге қарсы күрес жүргізетін болып шешкен еді.

Сейсенбі күнгі шайқастардың соңынан-ақ мешіттен әйелдің бұрқа жамылғысын киіп қашып шықпақшы болған имам Маулана Абдул Азиз қолға түсті. Ол содан бері адамдарды, соның қатарында бірнеше қытай азаматын кепілдік тұтқынына алды деген айыппен сотқа тартылуда.

Кеше Исламабадтағы баспасөз-мәслихатында сөйлеген сөзінде үкімет өкілі Джейвд Иқбал Чиима мешіт ішіндегілер, олардың ішінде Азиздің бауыры бар, барлығы берілуі керек дейді.

- Мешіттегі екі діни жетекші әлі сол бағынбаған күйінде қалып отыр, біз олардан мойынұсынғандықты білдіретіндей ешқандай хабар алмадық. Мен мұны айта отырып, оларда еш таңдаудың жоқ екендігін, тек берілуі қажет екендігін айтар едім.

Қызыл мешітте қоршау ішінде қалғандар барлығы 1000 мыңдай студент, олардың 600-і әйелдер делінеді. Кейбір қарама-қайшы хабарларға қарағанда мешіттегілердің бірқатары тізе бүгіп, берілген көрінеді. Сәрсенбі, шілденің 4-і күні билікке 1000 мыңдай адам берілген болатын.

Пәкістан қауіпсіздік күштерінің бұл операцияларын кейбір бітіспес мұсылман топтары айыптап, Карачи қаласының көшелеріне шеруге шықты, олардың қатарында Қызыл мешіттің діни жетекшілерін қолдайтындар да бар. Үкімет өз еркімен берілген ер адамдардың барлығы да заң бойынша әділетті жауапқа тартылады, ал балалар мен әйелдер босатылады деді.
XS
SM
MD
LG