Accessibility links

«Нұрбанктің» жоғалған бұрынғы қызметкерлерінің мәйттері табылғаны туралы ақпаратты полиция басшылығы жоққа шығарып отыр


Қазақстандық «Республика» газеті жұма күнгі санында «Нұрбанктың» бұрынғы басшы қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттері осыдан екі аптадай бұрын табылғанымен, оны билік жұртшылықтан жасырып отыр» деп жазыпты. Газет бұл ақпаратты құқық органдарына қатысы бар болуы мүмкін бір азамат хабарлағанын айтып отыр. Әлгі адам «бұл мәліметті халықтан жасыруға болмайды, Рахат Әлиевтің қандай адам екенін көпшілік білуі керек» деген көрінеді. Алайда Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов «бұл ақпараттың барлығы - өтірік, ешқандай мәйіт әзірге табылған жоқ» деп отыр.

«Республика» газетіне 2-шілде күні сұхбат берген бейтаныс адамның айтуынша, Рахат Әлиевтің Алматыда тұтқындалған серіктерінің көрсетуі бойынша «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттері осыдан екі аптадай бұрын табылған көрінеді. «Мәйіттер адам танымастай күйде, саусақтарының терілері сыпырылған, кесілген. Оларды әбден қинағаны байқалады. Мәйіттердің орнын көрсеткен адамның айтуынша, бұларды Рахаттың өзі қинапты» дей келіп, бейтаныс азамат «ондай әрекетке тек қаныпезер-фашист бара алады» деп ой қорытыпты. Сонымен қатар ол «мәйіттердің табылған жері - Қазақстанның аумағы» депті, бірақ дәл қай жерден екенін айтпаған және қауіпсіздік мақсатында өзін таныстырмапты.

Бұл адам басылымға хабарласқан күндері газет редакциясына электронды почта арқылы тағы бір хат келіп түскені айтылып отыр. Тағы да беймәлім азаматтан келген әлгі хатта да «Нұрбанктің» жоғалып кеткен қызметкерлерінің мәйіттері осыдан екі аптадай уақыт бұрын табылғаны және оларға жасалған ДНК сараптамасы ол мәйіттердің Темірәлиев пен Хасеновтыкі екенін анықтағаны жазылыпты. «Бұл ақпаратты құпия түрде жасырып отыр. Жоғарғы жақтағы біреулерге бұл тиімді. Бірақ көпшілік, күйеу баласының кім екенін білсін» деп жаза келіп, хат соңына «ақпаратты білгенімен, өзін ашық таныстыруға батылы жепейтін дерек көзі » деп қол қойыпты.

Сондай-ақ газет Ішкі істер министірлігі бұл деректерді теріске шығарды деп жазыпты. Шілденің 6-күні «Азаттық» тілшісіне Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов газет ақпаратын жоққа шығарды:

- Табылса, әрине, ең бірінші кезекте біз оны журналистерге айтатын едік қой. Оның бәрі интернеттен шыққан жай сөздер. Біз бұл туралы «Республика» газетіне берген жауабымызда да айтқан болатынбыз.

Осы әңгімеге байланысты жоғалғандардың бірі Жолдас Темірәлиевтың әйелі Армангүлмен «Азаттық» тілшісі телефон арқылы байланысып, мән-жайды сұраған еді. Армангүл ханым осыған дейін заң орындары күйеуі Жолдастың әке-шешесі мен өз балаларынан ДНК анализі үшін қан алғанын растады.

- Мен өз көзіммен көрмейінше ештеңеге сенбеймін...

- Біз де сенбей отырмыз, дегенмен, Армангүл, ДНК анализі деген әңгіме болып па еді?

- Ол ана бір үйлерде тінту жасаған кезде, оның (Рахаттың) әкесінің үйі ме, жоқ оның өзінің үйін тінткен кезде ме, сонда қанның дағы табылды деп, сол кезде Жолдастың әке-шешесінен, балалардан (Темірәлиевтың) қан алды.

- Ол қай мезгілде болып еді?

- Маусымның орта кездері болса керек.

«Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Ж.Темірәлиев пен А.Хасенов із-түзсіз жоғалып кеткен биылғы жылғы 31-қаңтардан бері осы оқиға төңірегінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелер интернет сайттарда айтылып та жүрді. Ондай ақпаратты қандай да мақсатта әдейі таратуға мүдделі топ та болуы ықтимал дейді бақылаушылардың кейбірі. Дегенмен, әңгіме екі адамның тағдырына байланысты болғандықтан, бұл ақпарат елдегі саяси науқан кезінде биліктің жоспарына кесір тигізбесін деп, ресми Астана оны әзірге жария етпеуге нұсқау бергені рас болуы да мүмкін дейді тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи:

- Бәлкім, Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің мәйіттерінің табылғалы, шынында, біраз уақыт та болуы мүмкін. Ол ақпарат қазір ғана тәуелсіз басылымдарда шығып отыр ғой. Оның үстіне, интернетте «мамырдың 9 күні сараптама жасалды» деген дерек аяғы белгісіз, ешқандай хабарсыз жоқ боп кетті. Бәлкім, сол кезде табылған болар. Бұдан шығатын қортынды, қандай болғанда да, дәл қазір билікке жоғалған екі банкирдің мәйіттерінің табылғаны тиімді емес. Ресми түрде табылып қалуы да мүмкін, бірақ ол алдағы сайлаудан кейін айтылуы мүмкін. Сондықтан қазір сайлау алдында «Нұр Отанның» қоғамдағы беделіне нұқсан келмеуі үшін, елді дүрліктірмеу үшін табылған мәйіттерді «таптырмай», жасырып қоюы ғажап емес.

«Нұрбанктың» жоғалған 2 қызметкеріне қатысы бар деген күдікпен Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланған соң, оны Венада Австрияның заң орындары қамуға алған еді. Бірақ, артынша өзінің ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат және 1 млн еуро кепіл төлеп бостандыққа шыққан Әлиев қазір Венадағы үйінде отыр. Оның бір топ серіктері де сол Венада. Қазір Қазақстанның заң орындары Австриядан оларды қайтарып алу үшін сұрау салып отыр.
XS
SM
MD
LG