Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.07.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі ҚР мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев «Время» газетінің шағымына қатысты сотта жеңіп шыққандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, тағы бір газет 1 мың теңгеге сатылып кеткен Қызылорда қалалық ауруханасы мемлекетке қайтарылуы мүмкін екендігіне тоқталса, басылымдардың дені шілденің 6-күні Қазақстанда екі бірдей рекорд тіркелгендігіне мән беріп өтіпті.

Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев республикалық «Время» газетімен болған сотта жеңіп шыққандығы туралы аталған басылымда баяндалыпты. «Шілденің 6-күні Астанадағы Сарыарқа аудандық соты «Время» газетінің министрге қатысты шағымын кері қайтарып, Ертісбаевтың қарсы қойған талабын жартылау орындату туралы шешім шығарды» делінген мақалада. «Сот шешіміне сәйкес «Время» газеті және оның редакторы Игорь Мельцер министрге бес мың теңге моралдық шығын төлеуі тиіс. Алайда министр Ертісбаевқа қуануға әлі ерте екендігін ескертеміз. Шындық – біздің жағымызда. Соған байланысты жоғарғы инстанцияларға шағымданамыз. Одан қайран болмаса, халықаралық ұйымдарға жүгінуіміз де мүмкін» деп жазды «Время» газеті.

«Литер» газеті болса жеке қолға 1 мың теңгеге сатылып кеткен аурухана сондай көлемдегі ақшамен мемлекет қарамағына көшуі мүмкін деген болжам келтіріп отыр. «Сөз болып отырған Қызылорда қалалық ауруханасы жақын күндері заңсыздықты жою жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің нысанына айналды. Қазірдің өзінде ауруханада бірқатар заңсыздықтар орын алғаны анықталып отыр» делінген мақалада. «Атап айтқанда, ғимарат директоры және орынбасарлары аурухананы жекешелендіріп үлгеріпті. Директор аурухананың 10 бөлмесінде тұрады да, қалған бөлмелерге орынбасарлары жайғасқан. Үйлестіру кеңесі қала басшылығына сотқа жүгінуге кеңес берген. Бұған дейін жергілікті әкімшілік аурухана иесін мемлекетке қайтару үшін 100 миллион теңге ұсынған еді. Осындай ақшадан бас тартқан қожайын сотта жеңілетін болса, онда ол 1 мың теңгеге қанағат тұтқалы тұр» деп жазды «Литер» газеті.

Шілденің 7-күні әлем бойынша үйлену тойы көп болатындығы туралы «Айқын» газетінде баяндалыпты. «Үш жетіліктің түйіскен тұсы әр күннен үлкен үміт күтіп, әр отбасына баянды бақыт, шаңырақтарға шаттық, көл-көсір қуаныш әкелетіндей, көкейдегі көп арман орындалатындай көрінеді. Жеті санын жақсылыққа жорып, 7 шілдеден тосын сый күткендер әлемде де жетерлік» делінген мақалада. «Қазақ жастары үшін 7 санының киесі мен құдіреті ерекше. Әсіресе, жаңа отау құруға бел буған қыз-жігіттерге жетіліктің жеткізер биігі мен берері көп. Өйткені дәл осы күні некесін қидырып, отау тігуге ниет еткен жастар бұрын-соңды болмаған кезекке тұрып жатыр. Айталық, республикадағы неке қию бөлімдері үшін таңертеңмен қауырт жұмыс басталды. Бүгін Алматыдағы бір ғана «Жас отау» неке сарайында алпыстан аса жұптың некесі қиылады. Ал үйленушілерге арналған басты сыйды мекеме қызметкерлері құпия ұстап қалды. Ол – 7-сі күні ғана жария болатын тосын сый» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал шілденің 6-күні Астанада рекордтар кітабына жазылуға тұрарлық елеулі оқиға болғандығына «Экспресс К» газеті мән беріп отыр. «Испаниядан келген азамат Астанадағы алаңға қойылған ауасыз құтының ішінде 10 минуттан астам уақыт отырды» делінген мақалада. «Осындай өнерін көрсеткен ержүрек азаматтың аты Ахмет Сұрқаділов. Өткен жылы ол 7 минут бойы тыныс алмау арқылы Мадрид қаласының тұрғындарын таң қалдырған еді. Осы көрсеткішті ұлғайтсам деп армандаған Ахмет дегеніне Астана қаласында жетті. Испан азаматын Астанаға оны студент жасынан танитын Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков шақыртыпты» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Бұл уақытта тағы бір рекордтық көрсеткішті Шымкент қаласының тұрғындары жасағандығына «Комсомольская правда: Казахстан» газеті тоқталып өтіпті. «Жергілікті аспазшы Жирайр Карапетян Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың туған күніне орайластырып 67 метрлік кәуап дайындады» делінген мақалада. «Осындай жетістігі туралы ол Лондондағы Гиннестің рекордтар кітабының өкілдігіне алдын-ала баяндаған. Бұл бастаманы қолдаған олар Шымкент тұрғынына рекорд тіркеу ережелерін түсіндірген. Осылайша аспазшы Жирайр және оның 37 көмекшісі әлемдегі ең ұзын кәуапты дайындап шықты. Оны дайындау барысын дәлелдейтін материалдар Лондонға жолданды» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.
XS
SM
MD
LG