Accessibility links

Қазақстан бойынша 7 саяси партия парламент сайлауына қатысатынын жариялап отыр


Қазақстанда 11 шілде күні парламент мәжілісіне сайлаудың бірінші тіркелу кезеңі аяқталады. Бұл туралы Астанада шілденің 9 күні Орталық сайлау комиссиясының семинар кеңесінде хабарланды. Әзірге үміткерлер тізімін берген тек биліктің «Нұр Отан» партиясы ғана. Ал оппозициялық партия өкілдері болса бұл сайлаудың бастамасының өзі әділетсіз деп отыр.

Орталық сайлау комиссия хатшысы Бақыт Меңдешовтың айтуынша, биылғы жылдың 11 шілдесінде саяси партиялардың өз партия тізімдерін тіркеу мерзімі аяқталады.

- Бүгін - 9 шілде. Уақыт аз қалды. Осы күнге дейін әзірге тек «Нұр Отан» партиясығана тізімін берді. Хабарлама ретінде айтарым: асығуларыңызды сұраймыз, - деді Меңдешов.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов кеңес отырысында тағы бір хабарлама жасады. Оның айтуынша, «Нұр Отан» және «Ақ жол» партиялары алдағы парламент мәжілісінің сайлауында сайлау жарнасын төлеуден босатылды.

«Бұл партиялар бұған дейінгі сайлауларда сайлауға қатысқан жалпы сайлаушы дауыстарының 7 пайызынан артық дауыс жинаған. Ал қалған партиялар жарна төлеуге тиіс», дейді ол. Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Астанадағы өкілі Серікбай Әлібаевтың айтуынша, бұл Қазақстан заңдарына сай болғанымен халықаралық заңдар бойынша партияларды алалауға болмайды:

- Бұлар өздерінің партиясына жеңілдік жасағаны.

Ал, осы партияның Орталық сайлау комиссиясындағы өкілі Уалихан Қайсаровтың айтуынша, бұл сайлауда әділетсіздік байқалады.

- Мысалы, бүгінде барлық телеарналар бір минуты орта есеппен 40 мың доллар тұратынына қарамастан Оппозициялық «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия роликтерін көрсетуден бас тартты, - деді Қайсаров.

Орталық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Владимир Фоос бұған мынадай пікірін білдірді: «Егерде баға парақшасында мұндай баға тұрса, кешіріңіз, бұл біріншіден, сол бұқаралық ақпарат құралының өз ісі. Ал екіншіден, егерде сізден бас тартса бұл автоматты түрде басқаларға рұқсат берілді деген сөз. Сондықтан, менің ойымша, қорқатындай ештеме жоқ немесе бұл БАҚ өз алаңын ешкімге ұсынбайды», дейді Фоос.

Ресми мәлімет бойынша, парламент мәжілісінің сайлауына 7 партия қатысады. Биліктің «Нұр Отан» партиясындағы үміткерлер тізімі ең үлкен 127 адам. Радикалды емес оппозицияға жатқызылып жүрген «Ақжол» партиясына «Әділет» қосылған соң мұндағы үміткерлер тізімі биліктен кейін екінші орында - 114 адам. Ал оппозициялық «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партияға «Нағыз Ақ жол» қосылған соң бұл партиядағы үміткерлер тізімі үшінші орында - 80 адам. Айта кететін жайт, мәжілістегі бар орын 98-ден аспайды. Қалған «Патриоттар», «Ауыл», «Руханият» және «Халықтық коммунистер» партияларының үміткерлер тізімі тіпті қысқа. Қазақстанның Коммунистік партиясы пропорционалдық жүйемен өткелі отырған мәжіліс сайлауына қатысудан мүлде бас тартты. Осы партияның Астанадағы өкілі Тоты Елубаеваның айтуынша, 7 адамнан тұратын учаскелік сайлау комиссияға оппозициядан бірде бір адам кіргізілмеген, барлығы тек билікке жақын қоғамдық ұйым өкілдері, дейді ол:

- Неге осы сайлау әділетсіз өтеді, өйткені олар комиссияға бірде бір адам алмады.

Ресми мәлімет бойынша, мәжіліс сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі 11 шілдеде ал мәслихат сайлауына үміткерлерді тіркеу 23 шілдеде аяқталады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша 7 шілдеге дейін түскен мәлімет бойынша мәслихат сайлауына 953 үміткер қатысуға ниет білдірді. Оның ішінде көбі нақты айтқанда 695 адам «Нұр Отан» партиясының өкілдері. Жетеуі Косарев жетекшілік ететін Халықтық коммунистік партиядан, екеуі Әбділдин төрағалық ететін Коммунистік партиядан, 1 адам Ауыл партиясынан деп хабарланады. Сондай-ақ, Тұрғанқұловтың айтуынша, 12 шілдеден бастап Қазақстанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары жұмыс істей бастайды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, сол уақытта Қазақстан парламентінің мәжіліс сайлауын бақылауға Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бақылаушылары да келуге тиіс.
XS
SM
MD
LG