Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.11.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдардың бірі Шымкентте бас көтерген дәрігерлерге қысым көрсетіліп жатқандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттер Шахтинск қалалық соты Ленин шахтасындағы жарылысқа қатысты іс бойынша шешім шығарғандығына мән берсе, тағы бір басылым 12 жылдық білім беру жүйесін қарастыратын заң қабылданғандығына тоқталып отыр.

Шымкентте жаппай ВИЧ инфекциясының таралу оқиғасына айыпты деп танылған дәрігерлердің сотталуына қарсы шыққандарға қысым көрсетіліп жатқандығы туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Сот шешіміне наразылық танытқан дәрігерлердің айтуынша, әртүрлі қорқытпа сөздердің кесірен олар өздерінің аты-жөндерін жариялаудан бас тартып отыр» делінген мақалада. «Бұған дейін наразылық әрекеті ретінде жұмыстан кету туралы өтініш жазған дәрігерлер аурухана әкімшілігінің үгіттеуімен арыздарын қайтып алған. Енді олар ВИЧ індетінің таралуын зертеген халықаралық ұйымдарға қолқа салып жатыр. Олар тәуелсіз генотиптік сараптама жүргізулері тиіс. Бұл қатерлі инфекцияның қайдан жұққандығын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі күні қамауға алынған дәрігерлердің мүлкін тәркілеу жүргізіліп жатыр. Ал өткен жетіде абақтыда жатқан бір дәрігердің жүрегі ұстап қалған» деп жазды «Время» газеті.

Бұл уақытта «Миттал Стил Теміртау» компаниясының Ленин атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты істі қараған Шахтинск қалалық сот үкім шығарғандығы туралы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Жарты жылға созылған сот процесі барысында сегіз адам айыпты деп танылып, олардың алтауы үш жарым жылдан бір жылға дейін сотталса, тағы екі азамат бір жылға шартты сипаттағы жаза алды. Алайда айыпталушылардың адвокаттары сот шешіміне шағым түсіретіндіктерін айтып жатыр» делінген мақалада. «Егер тергеу барысында бес айыпталушының 10 ай бойы абақтыда отырғандығын ескерсек, және жоғарғы инстанция қалалық соттың шешімін күшінде қалдырып жатса, онда сотталғандардың темір тордан шығуына көп қалған жоқ» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Ал «Литер» газеті болса «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығы өздерінің қол астында жұмыс істейтін қарт жұмысшылардың санын азайту әрекетіне кірісіп кеткендігіне мән беріп өтіпті. «Осы жылғы қыркүйектің 15-не дейін трансұлттық компания өз еркімен жұмыстан кеткен азаматтарға 6 мың доллар төлейтіндігін жариялады» делінген мақалада. «Осындай мазмұндағы үкімге компанияның бас директоры Сатиш Чандра Тапариа қол қойған. Осылайша басшылық өндіріске жас жұмысшыларды тартпақшы екен. Алайда жұмысшылардың барлығы компанияның мұндай акциясына іліге алмайды. «Миттал Стил Теміртаудың» мұндай «рақымшылығы» елу жастан асқан әйелдер мен 55 жасқа толған ер кісілерге ғана арналған» деп түйіндейді «Литер» газеті. Келесі жылдан бастап Қазақстан 12 жылдық білім жүйесіне көшетіндігі «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде баяндалыпты. «Шілденің 10-күні сенаторлар осындай мазмұндағы құжатты қабылдады» делінген мақалада. «Білім беру туралы» заңның жаңа нұсқасы басы елдеріндегідей білім беру үлгісін қарастырады. Сондай-ақ, онда 12 жылдық білім беру жүйесі туралы жазылған. Мұндай бастаманы қолдаушылар көп, бірақ оны қолдамайтындар саны одан да көп» деп түйіндейді «Комсомольская правда: Казахстан» газеті. «Айқын» газеті болса аты аңызға айналған Талғат Бигелдиновке «Халық Қаhарманы» атағын неге қимай жүрміз деген сұраққа жауап іздепті. «Бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігінде «қос жұлдызды» Батырдың жарық дүниеде қалғаны – бес-ақ адам. Сондай даңқты батырдың бірі де бірегейі – Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов» делінген мақалада. «Ердің ері – Талғат қой» деп бір кездері Бауыржан Момышұлы да айтып кеткен екен. Тектіні – текті таниды. Батырды батыр мойындайды. «Нағыз батыр – Талғат Бигелдинов. «Халық Қаһарманы» атағын менен бұрын Талғатқа беру керек еді», – деген болатын батыр Қасым Қайсенов ағамыздың өзі көзі тірісінде. Батырды батырдың мойындауының бұдан асқан қандай үлгісі керек?! Талғат Бигелдинов – оқ жауып, қан бүріккен соғыста арнайы тапсырмамен әуеге 305 рет көтеріліп, сансыз жау техникасын жойған ержүрек ұшқыш. Талғат Бигелдинов – Жеңіс парадында 1-Украин майданы батырларының қатарында болған қос жұлдызды жалғыз қазақ» деп жазды «Айқын» газеті.
XS
SM
MD
LG