Accessibility links

Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өз міндетіне кіріскеніне 100 күн толды


Рамзан Қадыровтың Шешенстан Республикасының президенті міндетіне кіріскеніне 100 күн толды. Қадыров Шешенстанда қандай өзгерістер енгізді?

Халық ішінде айтылатын “Тәбет тамақтану барысында келеді деген” сөз сияқты, Қадыровтың жағдайында бұл шексіз билік пен байлыққа деген тәбет десе болады.

Қадыров Мәскеушіл Шешенстан лидері болады деген болжам алғашқы рет 2004 жылы 9-шы мамырда оның әкесі Ахмед Қадыров лаңкесттік шабуылдан құрбан болған соң айтыла бастады.

Ахмед Қадыров қаза тапқан соң, бірнеше сағаттан кейін Ресей телеарналары президент Владимир Путиннің Кремльде Рамзан Қадыровқа көңіл айтып жатқанын көрсеткен еді.

Путиннің бұйрығымен болса керек, сол кезде 28-жаста болған Рамзан Қадыров 2004 жылы мамыр айында премьер-министрдің бірінші орынбасары етіп тағайындалып, сол жылдың желтоқсан айында «Ресей Қаһарманы» сыйлығымен марапатталды, кейін 2006 жылдың наурыз айында оған Шешенстан премьер-министрі лауазымы берілді.

Сосын осы жылы ақпан айында Рамзан Қадыровтың 30-жасқа толғанына төрт ай өткен соң, Ахмед Қадыровтан кейін Шешенстан президенті болып келген Алу Алханов қызметінен кету жөніндегі арызын тапсырып, Путиннің Рамзан Қадыровты республика басшысы лауазымына ұсынуына жол ашып берді.

Ал 2006 жылы қараша айында сайланған Шешенстан парламенті наурызда президенттікке Қадыровтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады. Сөйтіп осы жылы сәуір айында Рамзан Қадыровтың туған қаласы Гудерместе инаугурация рәсімі өтті.

Рамзан Қадыров жылдар бойы әртүрлі полиция мен қауіпсіздік күштерін басқарғандықтан Шешенстандағы өте ықпалды, күшті саяси тұлғалдардың бірі деп есептеледі. Ал Ресей мен шетелдегі адам хұқын қорғаушылар әлгі қауіпсіздік күштерін кісі ұрлау мен қинап-азаптау оқиғаларына қатысы бар, немесе қарулы қарсылық көрсетушілердің жағында болған деп күдіктелген қарапайым шешенстан тұрғындарын өлтірген деп айыптап келеді.

Тіпті Қадыровтың өзі “осындай әрекеттерді бақылаған, немесе зорлық-зомбылыққа қатысқан” деген айыптар да айтылады. Өткен жылы жасырын түрде таралған бейне таспада Қадыровқа ұқсайтын кісінің бір қызды ұрып жатқаны және оның көмекшілерінің бір күдіктіні қинап-азаптап жатқандығы көрсетілген болатын.

Сәуір айындағы таққа отыру салтанатынан кейін Рамзан Қадыров өз билігін күшейтуге және Ресейден қосымша көмек қаржы сұрауға байланысты Шешенстанның талаптарын қайта тұжырымдауға, сонымен қатар, Ресей Ішкі істер министрлігінің Шешенстанда тұрған жасақтарының санын азайтуға кірісті.

Рамзан Қадыров, сондай-ақ, өзінің бұрынғы бірінші орынбасары әрі өзінің туысы болып табылатын Одес Байсұлтановты премьер-министр етіп тағайындады. Ал қалған сенімді жолдастарын жоғары лауазымдарға бекітті, олардың ішінде Муслим Хучиев Грозный қаласының мэрі болып тағайындалды.

Ал маусымның ортасында Шешенстан парламенті 2003-ші жылғы Шешенстан конституциясына бірқатар толықтырулар енгізу жөніндегі ұсынысты алдын-ала мақұлдады. Онда республика президентінің 5 жылдық мерзімін 7 жылға ұзарту мәселесі бар. Бұл өзгертулер жөніндегі ұсыныс бойынша желтоқсан айында референдум өтуі мүмкін.

Бұған қоса, Қадыров қауіпсіздік пен сот жүйесіне орай өзінің бақылауы жөніндегі мәселеге байланысты мүмкін болған проблеманы жоюға кірісті, яғни тұтқындағы қарапайым адамдарды қинап азаптауға Оперативті Іздеу Кеңсесі қызметкерлерінің қатысы бар деп оны жабуды талап ететін науқанды бастады.

Хабарларға қарағанда, Рамзан Қадыров, сондай-ақ, республиканың Лаңкестікке қарсы комиссиясын өз бақылауына алған.

Ал экономикалық жағынан қарағанда, Қадыров Шешенстанды қайта құру мақсатында жүріп жатқан науқанға байланысты осы проблеманы шешу үшін жаңадан ақша табу жолдарын мақұлдаған.

Шешенстан ресмилері республикадағы бизнесті федералды салық төлеуден 7 жылға босатып, ал кейін төленетін салықты 50 пайызға азайту жөніндегі заң жобасын Ресейдің Мемлекеттік Думасына ұсынды. Алайда, бұл келісімнен жекеленген салық төлеушілер пайда көрмейді деп хабарланып отыр.

Бұған қоса, Ресейдің аймақтарды дамыту жөніндегі министрлігі Шешенстанды қайта құруға бағытталған 3-жылдық бағдарламасын ұсынды. Оған сәйкес, Шешенстанға шамамен 3 миллиард 100 миллион доллар бөлінбек.

Сонымен қатар, Рамзан Қадыров Ресейді және шетелдегі мемлекеттерді Шешенстан экономикасына инвестиция салуға шақыруда.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG