Accessibility links

Ливияның жоғарғы соты дәрігерлерге шығарылған өлім жазасын өз күшінде қалдырды


400-ден астам балаға ВИЧ инфекциясын әдейі жұқтырды деп айыпталған болгарлық 5 медбике мен палестиндік дәрігерге шығарылған өлім жазасын Ливияның Жоғарғы соты өз күшінде қалдырды. Медбикелер мен дәрігер өздерінің кінәсіз екендіктерін айтып ақталуда. Дәрігерлердің түрмеге жабылғандығы халықаралық қауымдастықтың наразылығын туғызып отыр.

Болгарлық 5 медбике мен палестиндік дәрігер Ливияның Бенгази қаласында 438 балаға ВИЧ індетін жұқтырды деп айыпталған болатын. Оларға алғашқы рет өлім жазасы 2004 жылы шығарылған еді.

Ол дәрігерлер 1999 жылдан бері түрмеде отыр, олар өздерінің кінәсіз екендіктерін айтып ақталуда. Шетелдегі медициналық сарапшылар Ливия ауруханаларында тазалықтың жоқтығы салдарынан балаларға ВИЧ инфекциясы жұққан шығар дейді.

Сәрсенбі күні Ливияның Жоғарғы соты дәрігерлерге кесілген өлім жазасын өз күшінде қалдырды. Ал осыдан бір күн бұрын келісім жасалып 5 медбике мен дәрігерге шығарылған үкім Болгарияда түрме жазасымен ауыстырылады, немесе олар кешіріледі деген үміт пайда болған еді. Ондай келісім жасалса, ол Палестиндік дәрігерге де қатысты болуы мүмкін, себебі оған жақында Болгария төлқұжаты берілген.

Сәрсенбі күнгі үкімге қарамастан, бұл мәселеге байланысты билік орындары ымыраға келеді деген үміт бар сияқты. Осы сот ісін мұқият бақылап келе жатқан Болгариялық журналист Момчил Инджовтың айтуынша, кез келген келісім ақшаға байланысты.

“Өлім жазасы расталысымен-ақ ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың туыстары келісімнің болғанын жоққа шығарды. Европа Комиссиясы да осыған байланысты оларда ешқандай мәлімет жоқ екенін айтты. Келісім жасалды деген хабар ресми түрде расталмады, бірақ барлық нәрсенің ақшаға байланысты екені белгілі. Ливиялықтарға ақша керек”, - дейді Инджов.

Оның айтуынша, Ливиялықтар ВИЧ инфекциясын жұқтырған әрбір бала үшін 10 миллион доллар талап етуде деген хабар шыққан. Ал бұны журналист 1988 жылғы Локерби жарылысына қатысты жасалған келісіммен салыстырып отыр.

Ливия үкіметі ол ұшақ жарылысынан құрбан болған 270 адамның отбасыларына 2 миллиард 700 миллион доллар төлеуге келіскен болатын.

“Ең қызығы, Ливиялықтар ВИЧ дертін жұқтырған әрбір бала үшін 10 миллион доллар алғысы келеді. Бұл тұрғыда, оны Локерби оқиғасымен салыстыруға болады. Себебі осыдан 19 жыл бұрын орын алған Локерби жарылысынан қаза болған әрбір адам үшін Ливия 10 миллион доллар төлеуге келіскен еді”, - деді Инджов.

Болгария өтемақы төлеуден бас тартып отыр, бірақ ол ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар мен олардың отбасыларына көмектесу үшін арнайы қаржы табуға кірісті.

Ал журналист Инджовтың айтуынша, болгариялықтар енді Жоғарғы сот кеңесі бұл істі қарап шығып, саяси шешім қабылдайды деп үміттеніп отыр.

«Өлім жазасының расталуын бәріміз күткен едік. Енді тек бір ғана үміт бар, демек өлім жазасын жоққа шығара алатын жалғыз ғана бір мекеме яғни Ливияның Жоғарғы сот кеңесі бұл істі қарап шығуы керек», - дейді Инджов.

Европа Одағы мен АҚШ медбикелер мен дәрігерге шығарылған өлім жазасының өз күшінде қалдырылуына байланысты өкініш білдіре отырып, мүмкін басқа бір шешім табылар деген үмітте.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG