Accessibility links

Қазақстан полициясы рұқсатсыз өтетін митингілерді басуға арналған жаттығу өткізді


Астанада ҚР Ішкі істер министрлігі рұқсатсыз өтетін митингілерді басу арналған кең көлемді жаттығу өткізді. Министрлік мәліметінше, бұл алдағы сайлаулармен байланысты емес. Бірақ, оппозииция өкілдері оған қарама-қайшы пікір ұстанып отыр.

Астанада рұқсатсыз өтетін митингілерді және жаппай тәртіп бұзу фактілерін тоқтатып-басу үшін мың жарымнан астам полиция қызметкері, ондаған арнайы автокөлік, бронетранспортер және тікұшақ қолданылады. Қазақстанның ішкі істер министрлігі Астанада өткізген «Гонг» деп аталатын ауқымды жаттығу осындай мақсатты көздейді. Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Әлік Шпекбаев бұл жаттығудың жоспарлық шара екенін айтады.

«Ол республиканың барлық дерлік аймақтарында өткен. Біз Ішкі істер органдарының стандарттан тыс оқиғаларға дайындығын кезекті рет тексердік», - деді Шпекбаев.

Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, бұл жаттығу алда болатын парламент мәжілісі және мәслихат сайлауларымен байланысты емес.

«Басқа аймақтарда бұл жаттығу ертеректе өткен, кейбір аймақтарда мүмкін қайта өткіземіз. Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті бұзуы ықтимал рұқсатсыз өтетін митингілерді басуға дайын болуға тиіс», дейді Шпекбаев.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлау штабының төрағасы Рафхат Каманов бұл шараны өткізгенде өзге де мақсатты көздеуі мүмкін дейді:

- Бір жағынан бізді аздап қорқытып, билікке көрсетіп, біз дайынбыз деген белгі болуы мүмкін. Біз митинг өткізейін деп отырған жоқпыз әзірге. Митинг деген сайлау нашар өтсе болуы мүмкін.

«Ақ жол» партиясының өкілі Қуаныш Жапақов болса рұқсатсыз митингілер азаматтардың қауіпсіздігімен байланысты болғандықтан полицияның бұндай жаттығуды өткізу орынды деп санайды.

«Бірақ, сайлау қарсаңында өткізілуі және барлық мемлекеттік телеарналардан түрлі-түсті саяси толқуларды көрсету осындай әрекеттерді өткізудің қажеті жоқ деген насихат деп ойлаймын», - дейді Жапақов.

«Руханият» партиясы мен президентшіл «Нұр Отан» партиясы бұл мәселеге байланысты «Азаттық» тілшісіне өз пікірлерін білдіруден бас тартты.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының хабарында, шілденің 12-нен бастап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушыларымен қатар Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бақылаушылары да Қазақстандағы сайлау науқанын бақылау жұмысын бастағаны айтылған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG