Accessibility links

Аэробус-310 ұшағының апатына кім кінәлі?


7 шілде күні Алматы әуежайында «Атлас Джетта» Түркиялық авиакомпаниясының Аэробус-310 ұшағының аварияға ұшырау оқиғасында қосымша деректер мәлім болды. 12 шілде күні «Азаттық» Радиосы тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанның Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы Қайырбек Сәдуақасов ұшақтың аварияға ұшырауына түрік компаниясының кінәлі екендігін айтты. Ал басқа бір деректер бойынша, Аэробус-310 ұшағының Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшуға мүлде құқы болмаған.

12 шілде күні «Азаттық» Радиосы тілшісіне берген сұхбатында Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз хатшысы Қайырбек Сәдуақасов 7 шілде күні Алматы әуежайында болған ұшақ апатына осы ұшақ тиесілі болған «Атлас Джетта» түрік компаниясының кінәлі екенін хабарлады.

- Ұшақ апатының себебін анықтау үшін бізден оқиға болған жерге арнайы комиссияның жетекшісі Амантай Жолдыбаев барып қайтты. Олардың қорытындысы бойынша, оқиғаға толықтай түрік авиакомпаниясы кінәлі, - деді Қайырбек Сәдуақасов.

Алайда министрліктегілер өздерінде бұдан өзге ақпараттың жоқ екенін айтты. Ал осы оқиға жайындағы тың ақпараттар 12 шілде күні шыққан «Время» газетінің санында жарияланыпты. Мысалы, газет Аэробус-310 ұшағының Қазақстан жерінде ұшуға рұқсаты болмағаны, оның орнына Түркиядан басқа маркадағы және типтегі ұшақтың ұшып келу керек болғаны жөнінде ақпарат жазыпты. Сондай-ақ, газеттің келтірген мәліметтерінде, ұшақтың салонында жолаушылар саны 213 емес, одан аз болғаны айтылған. Ал басылымдағы стюардессалардың ішімдік ішіп, сапарға аттанбақ болғаны жөніндегі ақпаратқа Қайырбек Сәдуақасов былай деп жауап берді.

- Ішімдік ішкені жөнінде ештеңе айта алмаймын, бірақ экипаждың орыс және қазақ тілдерін білмегені расталды, - деді Қайырбек Сәдуақасов.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің баспасөз хатшысы Наталья Ким авариядан соң 4 жолаушының Алматыдағы Түркісіб ауданының № 4 травматология ауруханасына жатқызылып, олардың әр түрлі жарақат алғандығы жөнінде былай деді:

- Бір әйелдің бас сүйегі жарақаттанды. Оның басы шайқалып, омыртқасы жарақаттанып, оң жақ білек сүйегі сынған. Ал екінші әйелдің оң жақ білегі көгеріп қалды. Тағы біреуінің сол жақ жіліншегі сынып, ол жылжып кеткен. Ал төртінші әйелдің бүйрегі зақымданып, одан қан кеткен, - деді Наталья Ким.

Алайда жарақат алған жолаушылар медициналық көмек алудан бірден-ақ бас тартыпты. Бұл жайында Алматыдағы Түркісіб ауданының № 4 травматология ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Владимир Семенов былай деді.

- Бізге медициналық көмек көрсетуге үш адамды әкелген. Біз оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп болғасын, ауруханаға жату жөнінде ұсыныс жасадық. Алайда олар, сол кезде-ақ, ауруханаға жатудан бас тартып, біреуі өз үйіне, Астанаға кетсе, екінші біреулері отбасылық жағдайына байланысты үйлеріне кетті. Енді олар тұрғылықты жерінде емделетін болады. Жарақаттары денсаулыққа қауіп төндірмегенімен, сынған жерлері әжептеуір емдеуді, қадағалауды қажет етеді, - деді Владимир Семенов.

7 шілде күні «Атлас Джетта» Түркиялық авиакомпаниясының Аэробус-310 ұшағының Алматыдан Анталия қаласына ұшуы кезінде бір двигателі істен шығып, авиалайнер экипажы командирінің шешімен ұшақ авариялық жағдайда қонуға мәжбүр болған. Ұшақ салонындағы адамдарды эвакуациялау кезінде 6 жолаушы жарақат алып, ауруханаға жатқызылған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ұшақтағы 213 жолаушының, 49-ы балалар болған. Ал жарақат алғандардың қатарында екі бала бар.
XS
SM
MD
LG