Accessibility links

Сочи Олимпиадасы Оңтүстік Кавказдың қауіпсіздігіне сын


2014 жылдың Қысқы Олимпиадасын өткізуге Ресейдің Сочи қаласы ұсынылғанда Сочидің мүмкіншілігі сырт көзге шектеулі көрінген. Себебі Сочи қаласының инфрақұрылымы тозған, заманауи инфрақұрылым мұнда жоқтың қасы. Оның үстіне Оңтүстік Кавказда қауіпсіздік мәселесі бар. Сочи қаласы орналасқан Кранодар өлкесі Оңтүстік Кавказдың беймаза аймақтарына жақын.

Қысқы Олимпиада Сочи қаласында өтеді деген қуанышты хабардан соң Ресей үкімет орындары ойын қамына кірісті. Бірінші орында қауіпсіздік мәселесі тұр. Чешенстанда соғыс жүргізген Ресей әлем назарын Солтүстік Кавказға онсызда аударған. Енді міне Оңтүстік Кавказ қауіпсіздігінің мәселесі де кең көлемде қаралып отыр. Ресей мен Грузияның дауын туғызған Абхазия Сочидің жанында не бәрі 40 шақырымда орналасқан. Абхазия сияқты Грузиядан бөлінеміз дейтін Оңтүстік Осетия да алыс емес. Абхазияда, мәселен, бір емес, екі үкімет бар. Оның бірі мәскеушіл, жікшіл. Екіншісі Тбилисиге қарайды, Грузия тұтастығын сақтап қалуды мақсат тұтады, қуғында қызмет етеді.

Абхазияда нақты билік жүргізетін мәскеушіл үкіметтің өкілі Кристиан Бжания Олимпиада ойындарын өткізу аймақ қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді дейді "Азаттық" радиосына сәрсенбі күні берген сұхбатында:

- Абхазия республикасы мен халқы 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Сочи қаласында өтеді дегенді ықыласпен қабылдады. Оңтүстік Кавказ аймағында бейбітшілік нығаяды деп үміт білдіріп отырмыз.

Ал енді Абхазияның тбилисишіл үкіметінің бастығы Темур Мжавия Олимпида ойындарын Сочиде өткізу Грузияның тұтастығына нұқсан келтірмеу керек, қуғында жүрген үкіметтің қызметіне Сочи Олимпиадасы әсер етпейді дейді:

- Сочиде өтетін Олимпиада ойындарын Грузиядағы жер дауларымен байланыстыру Ресей басшылығының ұстанымы әлсіз екенін дәлелдейді. Абхазия мен Оңтүстік Осетия тәуелсіздікке қол жеткізеді деген мүмкіншілік жоқ. Көңілімді бұдан артық білдірсем, грузинше аталған қалада ойындардың өткізілгенін өз басым қалаймын.

Сочи қаласының атауы қай тілден келсе де, Ресей үкіметі Сочи қаласын Кавказдағы тұрақтылықтың нышаны деп сүреттеп жатыр. Ресей үкіметі аймақ қауіпсіздігін арттыру мақсатында түрлі шара бастады. Президент Владимир Путин осы мақсатта бірнеше жарлық шығарды, бас министрдің бірінші орынбасары Сергей Иванов Краснодар өлкесінде салынып жатқан Қара теңіз флотының жаңа базасын тексерді. Қарашай-Черкеш республикасында Грузиямен арадағы шекарада Ресей үкіметі арнайы жасақтың екі мың сарбазын орналастырмақ. Мәскеуде орналасқан Саяси және әскери талдаулар институтының сарапшысы Сергей Маркедонов Ресей үкіметі Оңтүстік Кавказ қауіпсіздігін сақтауға бар күшін салады дейді:

- Абхазияда Грузияның басқа аймақтарына қарағанда қауіп-қатер көп демес едім. 2014 жылғы Олимпиада ойындарын игі істерге пайдалануға болады, мәселен Грузия-Абхазия дауын шешуге пайдалануға болады. Абхазияға кепілдеме бере алатын Ресейден тыс басқа тараптар пайда болады, олар Гали ауданындағы Кодори дағдарысы қайталанбайды, не болмаса Абхазияға теңізден шабуыл жасалмайды деп айта алар еді. Халықаралық Олимпиада комитеті келді. Сочи қаласымен контракт жасалды. Бұл жерге ақша тек Ресейден емес, шетелдерден, инвесторлардан да келеді.

Ресей үкіметі Олимпиада қамына миллиардтаған доллар жұмсалады, көптеген шетел инвестициясы тартылады деген. Геленжік, Сочи және Анапа қалаларында 2009 жылға таман халықаралық әуежайлар салынбақ.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG