Accessibility links

Хиджап киемін деп шағымданған тәжік студентінің талабын сот қайтарып тастады


Жоғары оқу орнында хиджап киюге тыйым салынды деп Душанбе сотына қайырылған студент қыздың шағымы қаралып болды. Төреші арыз дұрыс толтырылмаған деп істі қайтарып тастады. Давлатмо Исмоилова университет пен институттарда ислам шарты бойынша киінуге, жаулық салуға қарсы шыққан білім министрлігінің бұйрығын жоюды сұрайды. Давлатмо Исмоилова өзі оқып жатқан институтты да сотқа берді, білім министрлігін де сотқа берді.

Тәжікстан білім министрлігі жоғары оқу орындарында тек ғана хижап киюге емес, қысқа юбка, қысқа көйлек киюге де тыйым салған. Бұйрық осы жылдың басында шықты, қатаң тәртіп жағдайында еңгізілмек. Хиджап киюге тыйым салынғанына бұқарада наразылық болса да, қысқа юбка тоқтатылсын деген бұйрыққа наз көп айтылған жоқ. Кейбір қыздар бұйрыққа көне қойған жоқ, қысқа юбкаларын тастайтын емес. Бәлкім, билік алдымен хиджаптарды алғызып тастайық, қысқа юбкаға кейін кірісеміз дейтін шығар.

Білім министрі Абдұжаббор Рахмонов сәуір айында жоғары оқу орындарын аралады, қыз-келіншіктер өздері білсін, иә жоғары білім алсын, иә хиджап кисін деді. Давлатмо Исмоилова оқып жатқан Мемлекеттік Тілдер иниститутындағы топта бес қыз-келіншек хиджаптарын тастауға келіскен екен. Давлотмо болса, жоқ, хиджабымды тастамаймын дейді:

- Маған бостандығым қана керек, мен азат болғым келеді. "Жаулық салма" не болмаса "Мына нәрсені киме" жеп ешкім маған айтпау керек. Өз қалағанымды өзім білуім керек.

Білім министрлігі Давлатмо Исмоилованың талабын қабылдамай отыр. Білім министрі Абдұжаббор Рахмонов жоғары оқу орындарын аралағанда хиджап кигісі келгендер "ислам қозғалыстарына қызмет етеді, ислам қозғалыстары ықпалын енді білім орындарында жүргізгісі келеді" деді. Министр Абдұжаббор Рахмонов осы пікірін сәрсенбі күні радиомызға берген сұхбатында тағы қайталады:

- Киімнің бұл түрі бізге жат. Бұл басқа елдердің нәсихаты, бұған жол бермейміз. Егеменді ел болсақ, киім үлгісін өзіміз белгілеуіміз керек.

Білім министрі, ол олма, Тәжікстан мектептерінде жақын арада біркелкі киім үлгісі еңгізіледі дейді, көнбеген оқушылар мектепке кіргізілмейді дейді. Білім министрі, сол сияқты, жоғары оқу орындарында хибжап киюге тыйым салынғанына елдегі ислам партиясы сын айтады, бірыңғай киім үлгісін ұсынудың орнына, партия басшылары білім министрлігін сынайды деп Ислам Қайта дәуірлеуі партиясының басшыларын сөкті. Тәжікстанда ресми тіркелген ислам партиясы бар екені аян, ислам партиясы оппозицияда, президент Эмомали Рахмонның саясатын сынайды.

Ислам Қайта дәуірлеуі партиясы жалпы Білім министрлігінің шешімін айыптаған, бұл бостандықтарды кемсіту деген. Давлатмо Исмоилова адвокат жалдауға Ислам Қайта дәуірлеуі партиясы басшысының көмектескенін жасырмайды, бірақ ислам партиясына өту ойым жоқ, керісінше ел президенті Эмомали Рахмон басқаратын партияға өтуді ойлап жүрмін дейді:

- Адвокатым бар. Барлық шығынды парламенттің төменгі палатасы Мәжілістің мүшесі, құрметті Мұхиддин Кабири өтеймін деген.

Ислам Қайта дәуірлеуі партиясының төрағасы, парламент депутаты Мұхиддин Кабири адвокат жағынан көмектескендерін растап отыр, бірақ адвокат шығындарын өтеу емес, партиямыздың заңгері студент қызға тегін көмек көрсетіп жатыр дейді. Давлатмо Исмоилова он балалы қарапайым отбасынан шыққан. Әке-шешесі "бізге қарағанда жақсы өмір сүріңдер" деп барлық он баласын жоғары оқу орындарына жіберген. Давлатмо Исмоилова әке-шешем намазға жығыл деп үйретпеген, хиджап мәселесін сотқа бергеніме де олар қарсы дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын базарда ислам туралы кітапша сатып алып, оқыған соң дін жолына түсуге бел байладым, хиджап киемін деп ниет қылғанмын дейді. Давлатмо Исмоилова Жоғары сотқа дейін барамын, халықаралық соттарға дейін барамын дейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG