Accessibility links

Құрылыс компаниясына наразылық айтып, әділдік іздеп келген тұрғындар Алматы әкіміне жолыға алмай кетті


Шілденің 13-күні жүздеген алматылықтар «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясына төлеген 7 жарым миллион долларын талап етіп, қала әкімшілігінің алдына жиналды. 181 адамның үлесі бойынша тоғыз қабатты үй салуға шарттасқан құрылыс компанияның жұрты бар да, қызметкерлері қашып кеткендігін алға тартып отыр үлескерлер. Қалалық әкімшіліктегілер болса тұрғындарды құрғақ уәдемен шығарып салды.

Алматы тұрғыны Асқар Құрмашев өзінің бір бөлмелі пәтерін сатып, одан үлкенірек үй алу мақсатында бар қаржысын «Алматыинвестстрой» компаниясына өткізіпті. Аталған мекеменің уәдесі бойынша ол өткен жылы қоныс тойын тойлауы керек екен. Алайда әлі күнге дейін келісім-шартта көрсетілген мекен-жайда тұрғын үй құрылысы басталмаған. Ендігі күні «Алматыинвестстрой» мекемесімен шарттасқан көпшілік компанияның басшысымен қоса қызметкерлерін де таппай отыр. Содан кейін барып алданып қалғандығын сезген үлескерлер бүгін әділдік іздеп әкімшілік алдына шықтық дейді Асқар Құрмашев:

- «Алматыинвестстрой» компаниясы 181 адамның үлесі негізінде тұрғын үй салып беруі керек болатын. Үлескерлердің барлығы мекемеге 7,5 миллион доллар жинап берген. Енді компанияның қызметкерлері бізден қашып жүр.

Келісім-шарт негізінде «Алматыинвестстрой» компаниясы Алматыдағы Тәжібаев-Өтепов көшелерінің қиылысқан ауданында тоғыз қабатты тұрғын үй салуы керек болған. Сөз болып отырған жоба аталған компанияның веб-сайтында әлі күнге дейін жарнамаланып жатыр. Бірақ қазіргі күні компанияның есігі құлыптаулы тұр, ал онда орнатылған телефон ақысы төленбегені үшін өшірілген.

Үлескерлердің өздері «Алматыинвестстрой» компаниясының директоры Сергей Дмитриенконы соңғы рет осыдан екі жеті бұрын көргендерін айтады. Қалалық әкімшіліктегілер де бұл туралы хабардар еместігін алға тартып, алдымен жаңағы компания қожайыны қайда екендігін тауып алу керектігін жеткізді. Өйткені, жиналып келе қалғанға бола дөкей бастық ешкімді қабылдай салмайды деді Алматы қалалық ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Бақыт Бөкебаев:

- Біз сіздерді далада жылатып қалдырғымыз жоқ, бірақ жұртшылықты қабылдаудың да өз тәртібі бар.

Тұрғындар болса кез-келген уәдеге сене беруден қалғандықтарын, талап орындалмаған жағдайда наразылық шерулерін жалғастыра беретіндерін айтып отыр.

- Компания өкілдері екі жыл бойы бізге уәде берумен келді. Енді қазір сөзге сенуден қалдық, - дейді әкімшілік алдына шыққандардың бірі Жаңылдық Әлмұқанбетова.

Алматы қаласы әкімшілігінің алдын бір сағат бойы торуылдаған тұрғындар департамент бастығының ренжітпейміз деген жұбату сөзіне сеніп, үйді-үйлеріне тарқасты. Олар енді тоғыз қабатты тұрғын үйге кірмесе де, соған төлеген ақшасын қайтарып алудың өзін жеңіс көріп отыр.

«Алматыинвестстрой» компаниясының веб-сайтындағы мәліметте бұл кәсіпорынның 2003 жылы құрылғаны жазылған.
XS
SM
MD
LG