Accessibility links

Түркімен президенті Қытайда энергетика жобалары бойынша келіссөз жүргізеді


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов сейсенбі күні 2 күндік ресми сапармен Бежинге келіп, сапардың бірінші күні Қытай лидері Ху Цзиньтаомен кездесуге тиіс. Бердімұхаммедовтің Бежинге келген сапарының қорытындысы бойынша, 2 жақты жобаларды, оның ішінде әсіресе - түркімен газын Қытайға тасымалдау жобасына қатысты бірқатар ресми құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Өткен аптада өткізген үкімет мәжілісінде Г.Бердімұхаммедов өзінің Қытайға баратын ресми сапары “қытай-түркімен ынтымақтастығының жаңа бетін ашып қана қоймайды, сонымен бірге Түркіменстанның сыртқы саясаты стратегиясын іске асырудың маңызды белесі болып табылады” деп мәлімдеді. Жаңа газ құбырын тарту және түркімен газын Қытайға тасымалдау – Түркіменстан мен Қытай лидерлерінің арасындағы келіссөздің басты тақырыптары болмақшы. Осыған дейін Г.Бердімұхаммедов түркімен газының Қытайға 2009-ыншы жылдан сатыла бастайтынын және газдың жаңа экспорттық жолы түркімен экономикасын келешекте одан бері нығайта түсетініне уәде берген болатын.

Ресми Бежин мен Ашхабад Түркіменстаннан Қытайға қарай газ құбырын тарту туралы бастапқы уағдаластыққа марқұм болған түркімен президенті С.Ниязовтың өткен жылғы Қытайға сапары барысында қол жеткен болатын. Міне сол 2006-ншы жылдың сәуірінде С.Ниязов пен Ху Цзиньтао “Түркіменстан-Қытай газ құбырын тарту туралы” келісімге қол қойды. Сол кезде С.Түркіменбасы жаңа газ құбыры 2009-ыншы жылы іске қосылып, Қытайға 30 жыл бойы жыл сайын 30 млрд. текше метр табиғи газды жеткізіп тұратынын мәлімдеді.

Ал енді Бежиннен келіп түскен хабарларға қарағанда, Г.Бердімұхамедов Қытайға келешекте экспортталатын газдың бағасымен қатар, жоспарланып отырған газ құбырының кейбір айшықтарын талқылайды. 2 күндік сапардың барысында, сондай-ақ, Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясымен арада Түркіменстандағы газ кеніштерін игеру туралы ресми құжатқа қол қойылуға тиіс.

Дүйсенбі күні Түркіменстанның “Алтын асыр” (“Алтын ғасыр”) теледидары хабарлағандай, түркімен вице-премьері Тақберді Тагиев бастаған Мұнай және газ министрлігінің делегациясы дәл осы күні Қытай жағымен газ құбыры жобасын “іс жүзінде іске асыру” жөнінде келіссөз өткізді.

Қытайдың отын шикізатының импортына тәуелді болып отыруы көгілдер газды Орта Азиядан көбірек импорттауға мәжбүрлеп отыр. Ресми Бежин газдың импорты бойынша Қазақстанмен және Өзбекстанмен келіссөз өткізді. Жаңа “Түркіменстан-Қытай газ құбыры” осы елдің территорияларынан өтуге тиіс және Қырғызстан жерінен де басып өтуі мүмкін. Ашхабад қазір табиғи газының 70 пайызын Ресейге сатып, Ресей ол газды Еуропаға қайта экспорттаумен едәуір пайда көріп отыр.

Иран - түркімен газын сатып алатын тағы бір ірі импортер. Түркіменстан қазір газ экспортының барлық бағытын сынап көру үстінде. Өткен аптада АҚШ пен Ресейдің делегациялары да Ашхабадта болып, газ мәселесін талқылады. Мәскеудегі ТМД мемлекеттері Институтының сарапшысы Андрей Грозиннің “Азаттық” Радиосына берген түсініктемесінде атап көрсеткеніндей, түркімен лидері Қытайға газ құбырын тарту жобасы бойынша кепілдік беру үшін барды.

А.ГРОЗИН: “Г.Бердімұхаммедов Қытайға, ең алдымен, Ресеймен арада Каспий жағалауымен құбыр тарту туралы келісімге келуіне қарамастан, Қытайға қарай газ құбырының да тартылатынын Қытай басшылығына айту үшін барады”.

Батыс мемлекеттерінің үкіметтері Орта Азияның газын Ресейге бұрмай-ақ Еуропаға тікелей жеткізетін балама газ құбырларын тартуды көздейді. Газды тасымалдаудың түрлі балама бағытын ашқысы келетінін мәлімдейтін Түркіменстан лидері де осы айдың басында Ашхабадқа келген Ауғанстан лидері Х.Қарзаймен арада газды Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Үндістанға тасымалдау мүмкіндігін талқылады.
XS
SM
MD
LG