Accessibility links

Чех ресми орындары екі өзбек босқынын тұтқында ұстап отыр


Чех ресми орындары Өзбекістан үкіметінің талабына сай екі өзбек босқынын екі аптадан бері тұтқында ұстап отыр. Бұл екеуі 2005 жылдың мамыр айында Өзбекістанның шығысындағы Андижан қаласында болған қанды оқиғалардан кейін өз елінен босып, шетелде баспана тапқан жүздеген өзбек босқындарының бірі. Андижан оқиғаларының куәгерлері және адам құқықтарын қорғаушы ұйымдардың айтуынша, 2005 жылдың мамыр айында Андижанда болған бейбіт шеруді өзбек қауіпсіздік күштері қанға бояп басқан.

Германияда босқын мәртебесіне ресми түрде ие болған Оманулло Мақсудов пен Зохид Мирзаев есімді бұл екі өзбек босқыны шілденің 3-і күні Германия мен Чехия арасындағы шекараны кесіп өтіп бара жатқан жерінен Интерпол жүйесі арқылы таратылған талапқа сай тұтқындалған. Бүгінгі күні олар Чехияның батысындағы Пьлзен қаласында алдын ала қамау абақтысында жатыр.

Олардың Чехиядағы заңгерінің әріптесі Виктор Шуп Азаттық радиосы Өзбек бөліміне берген сұхбатында, енді заңға сәйкес, Өзбек ресми орындары 40 күннің ішінде бұл екі азаматтың Өзбекістанда қылмыс жасағанын айғақтайтын құжаттарды Чех ресми орындарына түсіруі тиіс, соған сай Чех соты оларды Өзбекістанға қайтару-қайтармау мәселесін шешуі тиіс дейді.

Мақсудов пен Мирзаев Өзбекістанға қайтарылса, олардың өміріне қауіп төнеді, - дейді Виктор Шуп.

"Біздіңше, оларды экстрадициялауға, қайтарып беруге болмайды, өйткені олар онда өлуі мүмкін. Сондықтан неліктен олар мұнда абақтыда отыруы тиіс? Және экстрадиция жүзеге аспайтын тәрізді".

Тәуелсіз өзбек интернет ақпарат парақшасы uznews.net-тың хабарлауынша, Германия Сыртқы İстер Министрлігі Чех үкіметіне Өзбек босқындарының босатылуын сұраған өтініш жіберген.

Ал адам құқықтарын қорғаушы халықаралық ұйым Human Rights Watch-тың Берлиндегі бөлімшесінің директоры Мэриэнн Хюэгэн болса, Өзбек босқындарының Чехияда тұтқындалуына байланысты өз ұйымының көзқарасын былайша білдірді:

"Германияда босқын мәртебесіне ие болған Өзбектердің [Чех ресми орындары тарабынан] мұндай жағдайға түсірілуі, біздіңше, нағыз масқара".

Чех астанасы Прагадағы Германия консулдығы Азаттық радиосы Өзбек бөліміне берген сұхбатында Чех ресми орындарының бұл екі азаматты Өзбекістанға қайтармайтыны туралы Германияға уәде бергеін атап өтті.

Тәуелсіз өзбек интернет ақпарат парақшасы uznews.net-тың хабарлауынша, Чехияда тұтқындалған өзбек босқандарының бірі – 25 жасар Оманулло Мақсудов Өзбекістандағы діни Акрамия қозғалысынң жетекшісі аталатын Акром Юлдошевтің күйеу баласы боп табылады. Мәлім болғанындай, Өзбек ресми орындары 2005 жылдың мамыр айындағы Андижан шеруін осы Акрамия тобы ұйымдастырды деумен келеді.

Андижан қырғынынан кейін 400-ден астан Өзбек азаматы шет мемлекеттерде босқын мәртебесіне ие болған еді.

2001 жылдың қараша айында Чех ресми орындары Норвегияда саяси баспана алған Өзбек оппозициясының жетекшісі Мұхаммед Солихты Прагаға ұшып келген жерінен тағы да Өзбек ресми орындарының талабына сай тұтқындаған болатын. Бірақ кейіннен Чех ресми орындары оны қоя берген еді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG